Жамбыл облысының 85 жылдық мерейтойы аясында «ART & SCIENCE: Білімге құштарлық» Jambyl Book Fest кітап фестивалі ұйымдастырылды, деп хабарлайды Egemen.kz.
«Көне Тараз» тарихи-этномәдени кешеніндегі «Көркемсурет» галереясында өткен іс-шараға «Алқа», «Ziyat», «Сардар», «Таймас», «Атамұра» бастаған өзге де баспалар мен есімі елге таныс авторлар, кітап дүкендерінің иелері қатысып, өнімдерін жұртшылыққа ұсынды.
Фестиваль аясында Д. Қонаев атындағы Жамбыл облыстық балалар мен жасөспірімдер кітапханасы «Балаларға базарлық» book party іс-шарасын өткізді.
«Smart» өнер мектебі бишілерінің «Барби» биімен ашылған іс-шара әртүрлі ертегі кейіпкерлерінің бейнесін сомдаған кітапхана қызметкерлерінің көріністеріне ұласты. Олар оқырмандармен түрлі ойындар ойнап, ертегі әлеміне бірге саяхат жасады. Балалар барынша атсалысып, алған әсерлерімен ортаға салды.