• RUB:
    4.85
  • USD:
    498.34
  • EUR:
    519.72
Басты сайтқа өту
Тұлға 04 Мамыр, 2024

Өз көзіммен...

181 рет
көрсетілді

Кәкең... Кәкімжан аға! Осы бір аяулы жанның шығарма­шы­лы­ғымен мен ең алғаш рет 14 жасымда таныс болдым. Ол бұл кісінің 1965 жылы «Қазақстан» баспасынан жарыққа шыққан «Рақымжан Қошқарбаев» атты шағын кітапшасы еді. Кейін жур­налист ағамызды ҚазГУ-ге түс­кен­де жүзбе-жүз көрдік те. Бұл Кәкеңнің журфактағы біздерге аударма саласынан семинар саба­ғын жүргізгендігі-тін. Уақыт өте келе...

Иә, бойымыз өсіп, ойы­мыз ержеткенде өзі­міз сөз етіп отыр­ған жанның қарамағында еңбек етіп, бес жыл бірге жұмыс істе­ген­ді­гі­мізді қалай ұмытайық? Ол ба­сы­лым басшысы мен ондағы шы­ғар­машылық ұжым мүшелері арасындағы өзара түсіністік пен сыйластыққа толы керемет кездер еді. Соның белгісіндей болсын деп абзал аға өмірден өткен 1989 жылдан соң мен замандастарының жүрекжарды сөздерін жинақтап, «Қазақстан» баспасынан «Көзден кетсе де, көңілде қалған» деген естеліктер кітабын шығарғанмын. Ал 2009 жылғы 80 жылдық мерейтойы қарсаңында «Аманат» атты портреттік эссе де жазғанмын. Осымен ұстаз алдындағы парызымыз өтелді-ау, шамасы, деген ойда едік. Бірақ... Таяуда жеке архивімді ретке келтіріп отырғанымда «Қа­зақ­стан коммунисі» журналы редак­циясы. 1986-1989 жылдар» деген қойын дәптерімнің шыға кел­гені. Оны ашып қарасам бас редак­тор Кәкімжан ағаның сол уақыт­тардағы апталық лездеме, бас­қ­о­суларда айтқан идеялары мен қолға алған ұйымдастыру жұ­­мыстарын өте қысқа түрде қағаз­ға түсіріп отырған екенмін. Қойын дәптердегі әр бет тың дерек­­тер мен сирек фактілерге тұ­нып тұр. Бұларды көргенде ойла­­нып қалдым. Сөйттім де жаңа­­дан табылған осы мәліметтер негізін­де аруақты аға туралы тағы бір мақа­лаға қалам тартуды жөн көрдім.

-1-

...Менің бұл журналға жұ­мыс­­қа шақырылуым 1986 жыл­дың ақпан айындағы мынадай жағ­дайға байланысты болды. Ол сол уақыттағы Орталық Комитет­тің идеология жөніндегі хатшы­сы Кәкімжан Қазыбаевтың қыз­мет орнын ауыстырып, біз сөз еткелі отырған теориялық-саяси басылымға жетекшілік етуге ке­луі еді. Осыған байланыс­ты Кә­­кең жоғарыдан берілген тап­­­­с­ыр­­­­ма бойынша редакцияны жа­­сар­­туға кірісті. Бұрынғы кәсі­би жур­налист, баспасөздің бар­лық буынындағы қызмет бас­палдақ­тарынан байыппен басып өткен кәнігі маман бұл кісінің сондағы діттеген кадрларының қатарында «Лениншіл жас» газе­тінде жұмыс істеп жүрген мен де бар болып шықтым. Бас редакторымыз Сей­дах­мет Бердіқұлов «Қазақстан ком­мунисінің» маған «құда түс­кен» жоғарыдағы хабарын естіген­де қатты қиналды. Өйткені өзі жұ­мысқа алып, өзі тәрбиелеп өсіріп, енді толыққанды маман болған мені басқа редакцияға жібере салу оңай ма? Бірақ қанша дегенмен ол кісі жасы үлкен Кәкең­нің айтқан сөзінен асып кете алмады. Аға әріптесінің өтінішін жерге тас­тамай, менің аталған журналға бөлім меңгерушісі болып баруыма келісімін беріп, сәт сапар тіледі.

Ашығын айтайын, бірі зейнет жасына келіп, екіншісі ол межеден асып кетсе де әлі жұмыс істеп жүрген сол кездегі журнал қыз­меткерлері қай жағынан алып қара­ғанда да мықты адамдар еді. Олай дейтінім, алдымен бұл аға буын өкілдері ХХ ғасыр басындағы ашаршылықты көрген, 1941-1945 жылдардағы соғысқа қатысып, сон­да­ғы от кешуден өткен жандар болатын. Содан соң олар сол алапат­тан елге аман-есен келісімен, үстілеріндегі солдат шинелін шеш­­пей, студент партасына отырып, білім алып, республикалық газет-журналдардағы небір қиын да күрделі жұмыстарды табан­­дылықпен атқарған еңбек торы­лары-тын. Бәрінен бұрын өмір дегеннің не екенін әбден көрген бұл ағаларымыз өте сауатты, екі тілге бірдей жетік қабілет иелері еді. Олар небір қиын құжат, іс қағаздары мен ресми материалдарды орыс тілінде еш қатесіз жазып, сол тілден қазақшаға мүдірмей ауда­ра да беретін.

Сөзім құрғақ болмас үшін осы жайтқа байланысты бір мысал айтайын. Атақты Карл Маркс бар ғой. Міне, сол ақыл-ой алыбының «Капитал» атты түсінуге өте қиын, күрделі еңбегі 50-жылдардың ая­­ғында ана тілімізге аударылып, оған осы «Қазақстан комму­нисін­дегі» ағаларымыз да атса­лыс­қан екен. Журнал редакциясы та­бал­дырығын аттаған 80-жыл­дар­дың ортасындағы біздің кезімізде жоғарыдағы кітаптың екінші басылымын жарыққа шығару туралы Партия тарихы институтын­да мәселе көтеріліп, соған әзірлік жүріп жатты. Сонда оған жауап­ты комиссия мүшелері бас редак­тор Кәкімжан аға Қазы­баев­қа телефон соғып, бұдан ширек ғасыр бұрын «Капитал­ды» тәр­жі­мелеуге «Қазақстан комму­нисі» қыз­меткерлері тарапынан қатыс­қан адамдарды сұрағаны бар. Сол кезде журналда ол жұмысқа атсалысқан 2 қызметкер қалған екен. Біз міне, осы ағаларымызды көрдік. Бірге жұмыс істедік. Айтқан ақыл-кеңестерін тыңдап, тәржіме саласындағы тәжірибелерін үйре­нуге тырыстық. Басшымыз Кәкең­нің еңбегі сонда, ол кісі редак­циядағы бұл аға буын өкілдерінің қызметтеріне тиіспеді. Орталық Комитеттің редакция аппаратын жаңарт дегенін біз сияқты кадр­лармен жасартқаны болмаса, Төлеубай Ыдырысов, Әбиболла Ахметов, Бекмырза Баймаханов, Орақ Смағұлов секілді ардагер журналистерді қысқартпады. Алаңсыз жұмыс істеулеріне жағдай жасап, ұрпақтар сабақтастығын сақтап қалды. Ал бұл кісілер бізді қиын жұмыстарға қалай үйретіп, көмектесті десеңізші!

...Ол уақыт елімізде 1985 жылғы қайта құру лебінің есіп, 1986 жылы өткен СОКП XXVII съезінен кейін жұрттың одақтағы жаңа өзгерістер дәуіріне аяқ басамыз деп желпініп жатқан кезі еді. Биік мінбелер мен түрлі жиындардағы демократия, жариялылыққа орай айтылып жатқан тың ой, озық идея­лар жақсы-тын, әрине. Бірақ қай саладағы басшылар да бұған да­йын болмай шықты. Ол сол кездегі үлкенді-кішілі мекеме иелерінің жаңалық атаулыны жатырқап, ескі жұмыс тәсілдерінің жалына жармасып алған әдеттерінен анық байқалатын. Партия дирек­ти­валары мен үкімет қаулы-қарарларында: «Жеке басқа табыну зардаптарынан елді хабардар ету, репрессия кезіндегі жазықсыз жазалауды жариялы түрде көрсету, одан бергі тоқырау жылдарындағы томаға-тұйық тірліктен арылу жөнінде ашық айтылсын», – деген нұсқаулар беріліп жатқанымен, сондай дерек, мәлімет, анықтама сақталған салалық орындар қорқа­соқтап, редакциялардың өті­ніш хаттарын кері ысырды да отырды. Бұл баяғы: «Ертең заман қалай болады? Басымыз пәлеге қалмай ма?» – деген әсіре сақтық еді.

-2-

Міне, сондай өліара, өтпелі кезде біз бір кездегі республикадағы үшінші адам, бас идеолог Кәкеңнің қайратын көрдік. Қоғамдағы қатып қалған мұз тоңының баспасөздегі сірескен сеңін сөгу үшін ол кісі алдымен бәрімізбен ақылдаса отырып, кешенді жоспар жасады. Содан соң редакцияға құзырлы органдар: Орталық Комитеттің Насихат бөлімі мен Мемлекеттік қауіпсіздік комитетінің, бұрынғы өзіне бағынышты мекемелер: Партия тарихы институты және Бас архив басқармасының жауапты адамдарын шақырды. «Дөңгелек стол» басындағы сұхбат» деп аталатын осы отырыста: «Партиямыз бен үкіметіміз, – деп бастады сөзін Кәкең, – ел басқарудағы бұ­рынғы кеткен кемшіліктерді көр­сетіңдер. Ондай солақайлық енді қайталанбасын. Ашып жа­зың­дар», – дейді. Біздің журнал қыз­меткерлері бұған дайын. Оған дәлел: сөз еткелі отырған тақы­рыпқа арналып жасалған редак­ция­ның кешенді жоспары. Бірақ өкінішке қарай, атал­ған іске сіздер әзір емес болып шықтыңыздар. Өтініш хаттарымызды кері ысырасыздар. Мәлімет, анықтама беру жөніндегі әңгімені ұзын арқау, кең тұсауға салып жатырсыздар. Сон­да партия­ның алдымызға қойып отыр­­ған мін­детін қалай жүзеге асы­ра­­мыз? Орталық Комитеттің бізге жетек­шілік етіп отырған бөлі­мі­не ертең не деп есеп береміз? «Тиіс­ті мекемелер есіктерін тарс жауып алған. Кіргізбейді», – десек ұят. «Өтінішімізге құлақ аспайды», – деп шағымдану әбестік. Не істейміз?

– Мәселенің қойылысы дұрыс, – деді журнал бас редакторының сөзінен кейін ойланып барып тіл қатқан Мемлекеттік қауіпсіздік комитетінен келген өкіл, полковник Әбдірахманов. – Осы бас­қосу алдында бастықтарыма кіріп, өза­ра пікір алысқанбыз. Сон­да ­ол кісілер 1937 жылғы зоба­лаң­­да ұсталып, 1957-1960 жыл­дар­­­­дағы ақталуға ілікпей, ұмыт қал­­ған отандастарымыздың тізі­мін бе­руге пейілді екенін айтты. «Жа­риялауға жатпайды» деген грифі бар папкадағы сол дерек­­терді марқұмдардың туған-туыс­тары біле ме, білмей ме, бұл бел­гісіз. Сондықтан аталған тізімді журналға әр облыс бойынша беріп тұрған дұрыс қой деп ойлаймыз.

– Ал біздің мекеме мұрағатында академик Сәтбаевтың Сталинге жазған хаты бар, – деп сөзге ара­ласты осы кезде Бас архив бас­қар­масының бастығы Сапар Бай­жанов ағамыз. – Бұл 1952 жыл­ғы аласапыранда ғалымның қарсы­ластарының: «Ол күмәнді «Едіге батыр» жырын ел аузынан жазып алған ұлтшыл», – деп жазған арызына байланысты Қанекеңнің Кремль басшысына берген түсінік­темесі ғой.

– Бәрекелді! Дұрыс-ақ. Енді осы отырған бәріңізге бір сұрақ. 1932 жылғы ашаршылыққа байланысты жазылған атақты «Бесеудің хаты»... Содан кейінгі Тұрар Рысқұловтың да осындай жанайқайы... Бұлар қайда? Қай мекеме архивінде деп ойлайсыздар?

– Ол екі құжат та, содан соң Ораз Исаевтың Сталинге жолда­ған 1933 жылғы хаты да бізде, – деді Кәкеңнің сауалына үн қатқан Партия тарихы институты ди­ректорының орынбасары Рақым­жанов. – Басшылыққа хат жолдап сұратсаңыздар, өзі­міз­дің аударып әрі қажетті түсінік­темелерін жа­сап беруімізге әбден болады. Бірақ бәрін емес. Бір-бірлеп... Бұ­лардан бөлек.., иә, бұдан бас­қа институт ғалымдарының сіз­дер­дің басылымдарыңызға деп ойлас­тырған бір тақырыбы бар еді. Ол – «Біздерді кім басқарып келді?» деген хроникалық зерттеу мақала. Құп көрсеңіздер оны жазуды Қарпықова деген ғылыми қыз­меткерімізге тапсырайық. Бұған қалай қарайсыздар?

...Жиналыс біткен соң келген қонақтардың сөздері мен уәде­леріне қатты көңілденген Кә­кең енді солардың беретін мате­риал­дарына байланысты бәрі­мізге тапсырма жүктеуге кірісті. Атап айтқанда, ғылым мен мәде­ниет бөлі­мінің меңгерушісі Тоқ­тар­бек Қызықбаев Бас архив басқар­масымен хабарласып отыратын болды. Насихат бөліміне жетек­шілік ететін Болат Бабақов МҚҚ-дан жоспарланған дүниені қадағалауға көшті. Ұйымдық-пар­тиялық жұмыс бөлімінің меңге­рушісі маған Партия тарихы инс­титутымен байланыс жасап отыру тапсырылды. Соның нәтижесінде журналға алдымен келген мақала «Сәтбаевтың Сталинге хаты» еді. Оны өзі де мықты журналист, Бас архив басқармасына барғанға дейін «Социалистік Қазақстан» газетінде көп жыл редакторлық қызмет атқарған Сапекең, Сапар Байжанов ағамыз қатырып тұрып аударып, алғысөз секілді түсініктемесін де мықтап жазып, редакцияға өз аяғымен әкеліп берді.

Содан кейінгі біздің қолымызға іле-шала келіп тиген дүние 1920-1988 жылдар аралығындағы кеңес­тік Қазақстанға жетекшілік еткен бірінші басшылар туралы мақа­ла еді. Оны оқып отырып қалай таңғалдық десеңізші. Себебі бұ­рын мұндай дерек дәл осындай жүйе­лілікпен еш жерде айтылып, жазылмаған еді. Рас, Қазақ энциклопедиясында аталған қай­рат­керлер алфавиттік тәр­тіпке бай­ланысты әр томға ша­шы­рап орналастырылып, толық емес түрде берілгенінен хабары­мыз бар болатын. Ал 1985 жыл­ғы «Қазақстан Компартиясы тари­х­ының очерктері» атты үлкен еңбекте ол мүлде жоқ-тын. Енді жаңа заман талабына байланысты Партия тарихы институтының ғылыми қызметкері әзірлеген мына қолымыздағы мақалада бәрі толық қамтылған болып шақты. Онымен танысқандағы тағы бір таңғалғанымыз, таңғала отырып қорланғанымыз сол өткен 68 жыл ішіндегі кеңестік Қазақстанды басқарған 18 адамның 3-еу ғана қазақ, қалған 15-інің өзге ұлттар өкілі екендігі еді. Бұларды мысал ретінде бір-бірден ғана алып айтар болсақ: Пестковский (поляк), Костеловская (украин), Наней­швили (грузин), Голощекин (еврей), Мирзоян (армян), Сквор­цов (орыс), Пономаренко (бела­русь), Юсупов (ұйғыр) дер едік. Бұлардың ара-арасындағы 8 адам орыс пен украин ұлттарын құрай­ды. Ал қазақтардан ше? «Олар кімдер?» – дейсіздер ғой. Мұхам­медхафий Мырзағалиев (1921), Жұмабай Шаяхметов (1946-1954), Дінмұхаммед Қонаев (1960-1962 жəне 1964-1986).

Жоғарыда айтылған «Сəтбаев­тың Сталинге хаты» мен «Біздерді кім басқарып келді?» атты мақа­лалар журналда жарық көрісімен ел бұған гу ете түсті дейсіз. Олардың артынан ала беріп оқырмандарға «Бесеудің хаты», сондай-ақ «Тұрар Рысқұловтың Сталинге хаты» жəне жол тартты. Одан кейінгі аталған жарияланымдарды Ораз Исаевтың Кремльге жолдаған жанайқайы жалғастырып, толықтыра түсті. Осы жерде атап айтатын нəрсе, ашар­шылық жөніндегі бұл құ­жат­­тардың тəуелсіздік тұсында емес, өмірде Кеңес өкіметі əлі бар уа­­қытта жарық көргендігі еді. Ре­дак­цияның осы қадамы рес­пуб­ликамыздағы зиялы қауым өкіл­дері үшін өте зор оқиға болды. Ал аталған дүниелерді архивтің жабық сөрелерінен тиісті адамдар арқылы алдыртып, «Қазақстан коммунисі» журналына ғана жариялатқан бас редакторымыз Кəкең, Кəкімжан Қазыбаевтың еңбегі енді айтпаса да түсінікті ғой деп ойлаймын. Бұл жерде сол оқиғаға куəгер менің: «Қазақстан коммунисі» журналына ғана жариялатқан», – деген сөзді айрықша бөліп айтуымның өз мəні бар. Өйткені көнекөздер ғана білетін жоғарғыдағы сыни хаттар содан жарты ғасырдан кейінгі қайта құрудағы демократия, жариялылық дүмпуі арқасында 1988-1989 жылдары алғаш рет тек өзіміз сөз етіп отырған теориялық-саяси басылымда жарық көрген еді. Республикамыздағы өзге газет-журналдардың содан кейін де, қазір де өздері басып жүрген атал­ған материалдарды қайдан алға­нын айтпай, үзіп-жұлып жариялап келе жатқандары «Қазақстан коммунисіндегі» сол мəтіндер. Осы арада: «Дереккөзге неге сілтеме жасалынбайды? Оны көрсету соншалықты қиын ба? Əдеп пен обал-сауап қайда?» – деген сөздер, амал жоқ, ойға оралмай қоймайды.

...Ол кез яғни, 1985-1988 жылдар аралығындағы уақыт өте қиын кезең еді деп жоғарыда айттым. Иə, мінберлерде: «Қайта құру келді. Демократия мен жария­лы­лыққа жол ашылды. Алға!» – де­ген ұрандар айқайлап айты­лып жатқанымен, сөзден іске көшу оңай болмады. Өйткені жұ­мыс істеп тұрған ескі жүйе елге бұ­рынғыша билік жүргізе беру­ді қалады. Ал уақыт талап еткен жаңа үдерістер негізіндегі іс-қи­мыл­дар түрлі бюрократиялық кедер­гілерге ұшырап, қоғамда қанат жая алмай жатты. Тіпті атқа­рушы буындардың ішінде ол уа­қытта: «Осы саясаттың аяғы қалай болар екен?» – деген күдік те жоқ емес еді. Бірақ көптің аты көп қой. Уақыт өте келе КСРО-дағы 290 миллион халықты рухани тұрғыдан демеп отырған орталық бұқаралық ақпарат құралдарының арасындағы «Известия», «Аргу­менты и факты», «Огонек» жəне «АПН» секілді газет-журнал, агент­тік тарапынан жаңа үдеріске деген ұмтылыс байқала бастады. Оған одақтағы ғылым, білім, сая­саттану саласындағы академия, институттардың озық ойлы басшылары мен мамандары қосылды. Сөйтіп аталмыш ұжымдарда қайта құрудың алға қойған міндеттерінен туындайтын жұмысты желелдету, оның қозғаушы күші – адам факторын жандандыру батыл қолға алынды. Ал өзіміздің Қазақстанға келсек, ол уақыттағы сондай бастамашы буындардың бірі «Қазақстан коммунисі» журналының басшы­лығы болған еді. Оған редакция қызметкерлерінің 1986 жылдың нау­рызынан 1989 жылдың қаза­нына дейінгі атқарған жаңашыл­дыққа толы істері дəлел.

-3-

Жоғарыдағы жайттар, құрметті оқырман, мақаламыздың басында сөз еткен қойын дәптерден сол уақыттағы заман тынысына сай іріктеліп алынған өмірлік мысал­дар. Ендігі айтайық дегеніміз, біз­дің қолымызға кейіннен келіп тиіп, осы блокнот арасына ұқып­тап салынып қойылған орыс тілін­дегі шағын жазба. Мұның иесі – мемлекет және қоғам қайраткері Кәкімжан Қазыбаев. 2009 жылдың көктемінде оны маған ағамыздың аяулы жары Орынша апа Қараба­лина мен жиені Бекен Нұрахметов жіберген еді. Бұрын еш жерде жарияланбаған ол мәтінді алғаш оқығанымда өзімнің не болға­нымды білмей кеткенмін. Қазір де міне, көзім бұлдырап, дәл сондай күй кешіп отырмын.

«Апырай, – дедім ішімнен күбірлеп, – қылқандай жас кезінде республикалық «Лениншіл жас» газетінде жауапты хатшы қызметін абыроймен атқарғанын былай қойғанда, кейін ҚазТАГ атты алып ақпарат агенттігінің дирек­торы, Орталық Комитеттің идео­логия жөніндегі хатшысы, одан саяси-теориялық «Қазақстан коммунисі» журналының бас редак­торы лауазымындағы аға­мыз­дың өмірден баз кешетіндей таусыла сөйлеп, түңілуіне не себеп болды екен? Ол кезде біз бұл кісімен бір редакцияда жұмыс істедік қой. Сонда қатар жүріп, бас­шымыздың жанайқайға толы ішкі күйзелісін қалай сезбеген­біз?» Блокнот парағындағы бір беттік орысша мәтін астында «1987 г. 12.09» деген белгі тұр. Ал жазбаны үстірт қарап, бейжай оқу тіптен мүмкін емес. Өйткені онда Мәскеудің Алматыдағы Жел­тоқсан оқиғасынан кейін қазақ халқын қаралаған қаулысына байланысты шыңғырған шындық шырқырап тұр. Онда былай делінген:

«Я долго был приговорен силами тихой машины давления к молчанию. Сегодня у меня душевный взрыв. Я не могу молчать, когда задевается честь и совесть моего народа.

Я был бойцом идеологии, был идеологом от мозга до костей. Я был готов пожертвовать собой ради коммунистического идеала. Одно постановление по нашей республике, так называевое по патриотическому и интернациональному воспитанию, перевернуло все в моей душе. Когда целый мой народ назван националистом, при том на глазах всей страны, я потерял всякую веру к окружающим, к верхам, которые мною руководили долгие годы, к самому себе. Вот что сделал непродуманный, невзвешанный документ со мной и не только со мной.

Сегодня на нас давит тот же самый документ, оглядываемся, боимся. Берет верх страх, а не разум. Этот страх бросает то в одну, то в другую крайность. Под давлением этого страха уничтожаем лучшую силу, лучших людей. По крайней мере душим.

Сегодня душится мой язык. Умрет язык, умрет народ. Казах­ский язык в реанимационном состоянии. Если дед не понимает внука, если отец обьясняется с детьми на ломанном русском языке, можно считать это нормальным с точки зрения ленинской национальной политики. Большинство казахов не знают родной язык.

При таком положении нужен такой Закон, нужен прежде всего для оживления со смертельного положения самого казахского языка.

Я предпочитаю культ личности, чем культ болтовни. К.Казыбаев. 12.09.1987 г.»

Міне, бұл бір кездегі бас идео­логтің өз қоғамы туралы айтқан өкінішті сөзі. Өмір бойғы еңбегінің желге ұшқаны жөніндегі пұшайман пікірі. Бұдан: «Идеалдарға адал бол­дық. «Аға ұлтқа» құрметпен қа­радық. Бақытты болашақ бар дегенге сендік. Өкінішке қарай, біз өмір сүріп, қызмет еткен мемлекетіміздің саясаты іс жүзінде олай болмай шықты. Әсіресе ұлт мәселесінде. Соның салдарынан кеңестік кезеңдегі үлкен-кішіміздің бәрі дерлік алданған ұрпақ болдық. Сендер, кейінгі буын, біз сияқты бос ұранға бой алдырмаңдар», – деген ойды аңғарғандаймыз. Және: «Әсіреқызыл үгіт-насихатқа бас-көз жоқ беріліп кетпеңдер. Билікке қызмет етудің өз өлшемі бар екен. Оған кейін барып қана көз жеткіздік. Одан жасар қорытынды: тиісті шектен, қалыпты жағдайдан асып кетпеңдер», – деп ескерткендей. Иә, бұл ишара билік пен саясатқа көзсіз сену қасірет деген сөздер ғой. Осыны байқап, бағамдағанда теолог ғалым Ай­нұр Әбдірәсілқызының 2011 жыл­дың 28 қазанындағы «Егемен Қазақ­станға» берген сұхбаты еске түседі. Тілшімен арадағы әңгімесінде ол Мұхаммед пайғамбардың бір хадисін келтіреді. Онда: «Еш нәр­сеге, тіпті дінге де шектен тыс берілмеңдер», – деп айтылады екен. Құ­дайдың бір пен­десі Кәкең, Кәкім­жан Қазыбаев аға да Құран сүресінен бұрын еш хабары болмаса да соған ұқсас ойды өз интуициясымен сезіп айтқанына таңғаласың. Өйткені ол уақыт дінді ғайбаттаған атеизм заманының бел алып тұрған кезі еді ғой. Соған қарамастан... Иә, осының өзі көп жайды аңғартқандай.

 

Жанболат АУПБАЕВ,

Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткері

 

АСТАНА