Биыл Шымкентте қуаттылығы 500 МВт-ға дейінгі аралас циклді газ зауыты салынады. Бұл туралы қала әкімі Ғабит Сыздықбековтің «Aksa Energy» компаниясы өкілдерімен кездесуінде мәлім болды. Шетелдік делегацияны инвестор Мурад Юстел бастап келген. Тараптар шаһарда биылдан бастап өндіріс орнының құрылысын бастауға келісіп, меморандумға қол қойды.
Шымкент әкімі жаңа жобаны жүзеге асыру қаланың экологиялық жағдайын жақсартуға оң әсерін тигізіп, бюджетке қосымша кіріс әкелетінін атап өтті. Құны 700 миллион доллар болатын бұл инвестициялық жоба қала тұрғындарын сапалы электр энергиясымен, жылумен, ыстық сумен үздіксіз қамтамасыз етуге мүмкіндік береді. Құрылыс барысында мыңнан астам адам жұмысқа тартылса, зауыт іске қосылған соң екі жүздей азамат тұрақты жұмыспен қамтылады.
Өз кезегінде Ғабит Сыздықбеков түрік компаниясына Шымкентке инвестиция салуға ниет білдіргеніне, шаһардың энергетикалық жүйесін дамытуға атсалысып жатқанына ризашылық білдірді. Сондай-ақ бірлескен маңызды жобаны тез арада іске асыруға әкімдік тарапынан жан-жақты қолдау көрсетуге дайын екенін жеткізді.
Қалалық энергетика және инфрақұрылымды дамыту басқармасының мәліметінше, бүгінгі таңда мегаполисте электр энергиясын тұтыну көлемі 390-420 МВт/сағ құрайды. 110-170 МВт/сағ тұрғындарға берілсе, 230-250 МВт/сағ электр қуаты өндіріс орны, мекемелерге жұмсалады. Шаһарды электр энергиясымен жабдықтаушы мекемелер «KEGOC» АҚ (274 МВт/сағ) мен «3-Энегоорталық» АҚ (116 МВт/сағ). Резервте 30 МВт/сағ бар. 2022 жылы шілде айында мегаполисте электр энергиясын тұтынудың ең жоғарғы көрсеткіші тіркелген: 430 МВт/сағ. Ал былтыр қаңтарда ең төменгі тұтыну көрсеткіші орын алды: 413 МВт/сағ.
Энергетика және инфрақұрылымды дамыту басқармасы мамандары бу-газ қондырғысын салу жобасы іске асса 500 МВт/сағ электр энергиясы өндіріліп, ол бірінші кезекте қаланың дамуына жұмсалып, артығы республиканың энергетика жүйесіне таратылатынын айтады. Мамандардың мәлімдеуінше жаңа қондырғының қосылуымен енді ашылған индустриалды аймақтардағы кәсіпорындардың электр энергиясына тапшылық біржола жойылады.
Ал шетелдік инвесторлардың ішінде түрік компанияларының үлесі айтарлықтай қомақты. Мәселен, 1992 жылы түрік инвестициясы ел бойынша 100 млн долларды құраса, 2023 жылы 10 млрд долларға жеткен. Алдағы уақытта инвестиция көлемін 15 млрд долларға арттыру жоспарда бар көрінеді. Сонымен бірге республикада түрік капиталы бар 4 300 компания жұмыс істейді.
Шымкент қаласы әкімінің орынбасары Айдын Кәрімов «Tukib» басылымына берген сұхбатында мегаполисте түрік инвесторларының қатысуымен 57,5 млн доллар сомасында 6 жоба іске асырылғанын жеткізді. Атап айтқанда, «Балт текстиль» ЖШС-ның синтетикалық жіп иіру өндірісі, «Gold Aluminum» ЖШС-ның ПВХ профильдерін, алюминийден жасалған мөлдір конструкциялар, тұрмыстық техника өндірісі, «Бал тоқыма» ЖШС-ның полипропилен жіптен кілем бұйымдарының өндірісі, «EKOL» ЖШС-ның шұлық өнімдерінің өндірісі, «DALSAN» ЖШС-ның дымқыл майлықтар шығаратын зауыты сынды жобалар.
Айдын Кәрімовтің пікірінше, қала аумағында 721 млн долларды құрайтын 3 жобаны түрік инвесторлары жүзеге асырып отыр. Олар сауда-логистикалық орталығындағы «СП Кока-Кола Алматы Боттлерс» ЖШС-ның алкогольсіз сусындар шығаратын зауыты. «Zalal Mowafaq» ЖШС-ның газдалған, газдалмаған сусындар шығару кәсіпорны. Және «Alarko Holding» компаниясының 2024-2027 жылдары 3 кезеңде салынатын заманауи жылыжай кешені.
«Бүгінгі таңда «Шымкент қаласын дамытудың 2024-2028 жылдарға арналған кешенді жоспарын» әзірлеу көзделуде. Сондай-ақ қазіргі уақытта «Шымкент қаласын дамытудың 2021-2025 жылдарға арналған жоспары» іске асып отыр. Қаланың даму жоспарында ұлттық жобаның стратегиялық көрсеткіштері мен индикаторлары бекітілген. 2025 жылға қарай шаһар қарқынды өсетін болады. Сонымен бірге келесі жылы қала халқының саны 21% көбейіп, шамамен 1,3 млн адамды құрамақ. Ал мегаполистің болжамды жалпы өңірлік өнім көлемі 4 трлн теңгеге жетеді. Бұл 2021 жылмен салыстырғанда 1,5 есе көп. Жұмыс істеп тұрған және жаңа кәсіпорындардың қуаты артып, 4 500 жаңа жұмыс орындары құрылады», деді қала әкімінің орынбасары.
Шымкентке шетелдік инвесторлардың қызығушылығы жоғары. Түрік компанияларымен бірге қытайлық инвесторлар да қаланың экономикасын бірлесіп дамытуға үлес қосқысы келеді. Осы орайда жуырда бірнеше қытайлық компаниялардың делегациясы шымкенттік әріптестерімен бірге арнайы таныстық кездесуін өткізді.
Инвесторлармен жүздесу Шымкент қаласының кәсіпкерлер палатасында ұйымдастырылды. Кәсіпкерлер палатасының баспасөз хатшысы Нұрлан Бектаевтың айтуынша Қытайдан келген делегация өкілдерімен жергілікті тауар өндірушілер В2В форматында кездесті. Сауда және қызмет көрсету салалық кеңесінің аясында өткен жиында жергілікті және қытайлық компаниялардың жетекшілері өзара пікір алмасты.
Қытайлық делегацияның құрамында Шыңжан, Гуандун, Ичун өңірлерінен келген компания өкілдері болды. Олар қаптау-орау, электромобильдер мен электроскутерлер шығару, жел және күн энергиясын өндіру, жол салу секілді жобаларымен таныстырды. UNIT-CO.KZ, «Берен моторс», «Састөбе цемент зауыты», «РК Спектр» ЖШС, «Бум Пром», «April», «Дала Солар» сияқты жергілікті компания жетекшілері өз ұсыныстарын ортаға салды.
Жиын барысында кәсіпкерлер палатасы директорының орынбасары Бауыржан Бердалиев қонақтарды ұйымның жұмысымен қысқаша таныстырып өтті.
«Атамекен» кәсіпкерлер палатасы Үкімет пен бизнестің арасын жалғаушы «алтын көпір» деуге болады. Біз кәсіпкерлердің заңды мүддесі мен құқығын қорғаймыз, шағын және орта бизнестің даму бағытында іс атқарамыз. Әрі прокуратура, сыбайлас жемқорлыққа қарсы қызмет, экономикалық тергеп-тексеру департаменті сияқты бақылаушы-тергеуші органдармен тығыз байланыста жұмыс істейміз. Оған қоса палатада шағын бизнесті қолдау мақсатында арнайы сервистер қызмет көрсетеді. Бізде барлық қызмет тегін. Сонымен бірге бастауыш кәсіпкерлер мен әйел кәсіпкерлерге арналған түрлі оқыту бағдарламалары, дамыту орталықтары бар. Салалық кеңестер аясында түрлі мәселелерді талқылап, мемлекеттік органдармен бұл жөнінде үнемі ақылдасып отырамыз», деді Б.Бердалиев.
Өз кезегінде қытайлық делегация тарапынан «Huahe International» компаниясының өкілі бизнес-сапарларының мақсаты жөнінде айтып өтті.
«Бізге бола арнайы кездесу ұйымдастырып, риясыз қарсы алып жатқандарыңызға өте қуаныштымыз. Іскер топ құрамында түрлі компания өкілдері келіп отыр. Оларға Орталық Азия елдерінің нарығына шығуға көмектескіміз келеді. Және Қытайда сіздердің делегацияларыңызды қарсы алып, өзара әріптестік байланысты арттыру мәселесі мемлекеттік деңгейде талқыға түспек. Бұл жолы бірнеше компания өкілі Қазақстанға келіп, жалпы экономикалық нарықтың жағдайымен танысып қайтады. Бізге барлығы да ұнап отыр, сондықтан біздің компаниялар жергілікті нарыққа инвестиция құюға әрқашан да әзір», деді «Huahe International» компаниясы жобасының жетекшісі Соня Ван Синь.
Қалалық кәсіпкерлік және индустриалды инновациялық даму басқармасы басшысының орынбасары Ермек Тұрмановтың айтуынша, мегаполистің инвесторларды қызықтыруда бірнеше себебі бар. Атап айтқанда кеңес заманынан қалып қойған өндіріс орындарының базасындағы инженерлік инфрақұрылымдар жүйесі. Екіншіден, жаңадан ашылған индустриалды аймақтар мен ондағы кәсіпорындардың инженерлік инфрақұрылыммен қамтылуы. Үшіншіден, индустриалды аймақтардағы салықтық басқа да Үкімет тарапынан ұсынылатын жеңілдіктер. Сонымен бірге мегаполистің кадрлық потенциалы өте күшті. Яғни кез келген жобаны іске асыруға жұмыс күші жеткілікті.
Сондай-ақ қалада шағын және орта кәсіпкерлікті дамытуға бірнеше мемлекеттік бағдарлама қарастырылған. Мәселен, 5 жылға 3,5 млрд теңгеге дейін жеңілдетілген несие беру бағдарламасы бар. Алғашқы 1-3 жыл аралығында 8% үстемеақы қарастырылған. Кейін 4-5 жылдары үстемеақы 10% аралығын құрайды. Одан бөлек «Іскер қала» деп аталатын өңірлік бағдарлама да іске қосылған. Оның аясында бұрынғы тоқтап қалған кәсіпорындар базасынан жергілікті әкімдік өндірістік парктер ашқан. Мұнда өндірістік алаңдарды жалға алған кәсіпкерлерге аренда құнын мемлекет өтеп береді. Бірінші жылы 75%, екінші жылы 50%, үшінші жылы 25% дейінгі жалдау ақысын жергілікті әкімдік өзі өтейді. Маманның айтуынша бұл шағын кәсіпкердің аяққа тұрып, кәсібін дөңгелетіп әкетуіне көмегін тигізбек. Міне осы аталған тетіктер бір жағынан шетелдік инвесторлардың мегаполиске қызығушылығын арттырып отыр.
ШЫМКЕНТ