Шарайна
Еуропа кеңесі 12 ақпанда терроризмге қарсы күрес шараларын талқылайтын болады. Бұл туралы жұма күні оның басшысы Дональд Туск хабарлаған.
Мен Парижде орын алған сұмдық оқиғадан кейін 12 ақпан күнгі кездесуді Еуропа кеңесінің терроршылар тарабынан болатын қатерлерге жауап қату қабілетін нақтылы талқылау үшін пайдаланбақпын, деп атап өткен ол Ригада журналистерге. Айта кету керек, 7 қаңтар күні Париждің орталығындағы Charlie Hebdoв сатиралық журналының редакциясы ғимаратында оқ атылған болатын. Шабуыл салдарынан 12 адам өлім құшты. Олардың 8-і журналист. Оқиға басылым твиттерінде «Ислам мемлекеті» тобының көшбасшыларының бірі Әбу Бакр әл-Бағдадидің карикатурасы жарияланғаннан соң бірнеше сағаттан кейін орын алды. Бұл апталық сол сияқты өз беттерінде Мұхаммед пайғамбар бейнесін сайқымазақ түрінде жариялаумен де танымал.
Әуе апаты құрбандарының саны артуда
2014 жылы әлемде әуе апаттары салдарынан 884 адам қаза тапқан. Бұл, Bloomberg хабарлауынша, 2005 жылдан кейінгі ең нашар көрсеткіш.
2013 жылы 220 адам ұшақ апаттарының құрбанына айналған болатын. 2014 жылы әуе апатынан қаза болғандардың төрттен үші оңтүстіказиялық тасымалдаушы ұшақтардың қатысуындағы үш бірдей ірі апатқа тиесілі болған. Мәселен наурыз айында «Боинг-777» ұшағындағы 227 адам Үнді мұхитының үстінде із-түзсіз жоғалып кетті. Украина әуе кеңістігінде атып түсірілген дәл сол компанияның дәл сондай ұшағында да 283 адам болған. 155 адам құрбан болған соңғы әуе апаты өткен жылдың желтоқсан айында орын алды. Бір таңғаларлығы, орын алған үш апат жағдайында да ұшақтар неғұрлым қауіпсіз саналатын крейсерлік биіктікте ұшып келе жатқан.
250 миллиард доллар жұмсамақ
Қытай таяудағы ондаған жылдар ішінде Латын Америкасына 250 миллиард доллар қаржы салмақ. Бұл туралы ҚХР төрағасы Си Цзиньпин Қытай-СЕЛАК (Латын Америкасы және Кариб мемлекеттері қауымдастығы) алғашқы министрлік форумының ашылу салтанатында сөйлеген сөзінде мәлімдеді.
Латын Америкасына тікелей Қытай инвестициялары таяудағы он жылда 250 миллиард долларға жететін болады, деп атап өтті ҚХР төрағасы. Сондай-ақ, ол осы кезеңде Қытай мен СЕЛАК елдері арасындағы екіжақты тауар айналымын 500 миллиард доллар деңгейіне жеткізу мақсатын да алға қойып отыр. Бейжің декларациясы мен жан-жақты ынтымақтастық жөніндегі бесжылдық жоспарды қабылдау екі күнге созылатын форумның қорытындысы болмақ. Аталмыш елдер қазірдің өзінде энергетика, инфрақұрылым, құрылыс, сол сияқты ғарыш салаларында тығыз ынтымақтастық орнатқан.
Лаңкестердің шабуылынан сақтандырды
Британия қарсы барлау қызметінің басшысы Батысты ықтимал деген террорлық шабуылдардан сақтандырып отыр. Оның айтуынша, Батыс елдеріне «Ислам мемлекеті» мен «Әл-Каида» содырлары тарапынан қауіп туындауы мүмкін.
Экстремистер Батыс елдері тұрғындарына кең ауқымды шабуылдар дайындауда, деп хабарлаған Лондонда британдық қарсы барлау қызметінің басшысы Эндрю Паркер. Біз «Әл-Каида» терроршылар тобының Сирияда Батыс елдеріне қарсы шабуылдар дайындап жатқанын білеміз. Әріптестерімізбен бірлесіп қолдан келгеннің бәрін жасап отырғанымызға қармастан, біз барлық шабуылдардың алдын ала алмаймыз, деп атап өткен ол. Осы орайда «Ислам мемлекеті» содырларының өткен жылдың жазында Ирактың солтүстігі мен батысында айтарлықтай аумақты басып алғанын айта кету қажет. Ал халықаралық коалиция күштері олардың шабуылдарын тоқтату үшін әуе соққыларын жасауда.
Іздестіру жұмыстары әлі жалғасуда
AirAsia компаниясы авиалайнерінің өздігінен жазу құрылғысын іздеумен айналысушылар ұшақтың артқы жақ бөлігінен 300 метрдей қашықтықта белгілі бір дыбыстарды тіркеген.
Бұл туралы журналистерге Индонезия қарулы күштерінің қолбасшысы, генерал Моелдоко хабарлаған көрінеді. Біз естілген дыбысты бақылауда ұстап отырмыз және дыбыс шыққан бағытқа қарай сүңгуірлер жібермекпіз, деп атап өткен ол. Оның айтуынша, дыбысты Индонезияның «Джадайят» кемесінің экипажы алғаш рет тіркеген. Айта кету керек, AirAsia аэробусы Сурабаидан Сингапурға қарай ұшып бара жатып өткен жылдың 28 желтоқсанында Ява теңізінде апатқа ұшыраған болатын. Оның бортында болған 162 адамның бәрі де қаза тапты. Құтқарушылар лайнердің сынықтары мен қаза тапқандардың денелерін әлі де іздестіріп жатыр.
Сайлауда оппозиционер жеңіске жетті
Шри-Ланкада өткен президент сайлауында оппозициядан түскен кандидат жеңіске жетті. Орталық сайлау комиссиясының мәліметтеріне қарағанда, бұрынғы денсаулық сақтау министрі Сирисена сайлаушылардың 51,28 пайыз дауысын алса, қазіргі президент Махинда Раджапакса 47,58 пайыз ғана дауыс жинаған.
Раджапакса 2005 жылғы өткен сайлауда жеңіске жеткен болатын. Бірақ екінші мерзімге қайта сайланғаннан кейін ол президент үшін белгіленген екі мерзімдік шектеудің күшін жойып, ел конституциясына өзгеріс енгізген еді. Ал сайлауда жеңіп шыққан Сирисенаға келсек, ол жұма күні жергілікті уақыт бойынша сағат 18.00-де ант қабылдайтын болады.
Циклон туындатқан қолайсыздық
Шотландияда циклон туындатқан ауа райының қолайсыздығы салдарынан 70 мыңға тарта үй электр қуатынсыз қалған. Жұмаға қараған түні Солтүстік Шотландия қырқасында жылдамдығы сағатына 176 километрді құрайтын дауыл тіркелген.
ScotRail теміржол компаниясы ауа райының қолайсыздығына байланысты тасымалды уақытша тоқтататындығы туралы хабарлап отыр. Глазго қаласынан үйлердің шатырларының жұлынып кеткені туралы мәліметтер келіп түскен. Осы қалада оқу орнының зақымдануына байланысты бір мектепте оқушылар сабақтан таратылған. Жергілікті билік жүргізушілерді автомобильмен жолға шықпауға шақырып отыр. Қауіпсіздік мақсатында полиция жекелеген жол учаскелерінде қозғалысқа шектеулер қойған.
Интернет материалдары негізінде әзірленді.