Шағын және орта бизнес саласы тынысын елдегі ең ірі бизнес-ассоциация – Ұлттық кәсіпкерлер палатасының атқарып жатқан жұмыстарына қарап аңғаруға әбден болады. Соңғы жылдары саланы дамытуға бөлінген тұрақты қаржы мен назар еліміздің әлемдік экономика көшінен қалмай, сауатты бизнес ортаның қалыптасуына, кәсіпкерлердің қолданушы күйінде қалмай, өндірушілікке ұмтыла бастауына ықпалын тигізді. Кәсіпкерлеріміз отандық айналыста ғана емес, әлемдік экономика көшіне кіріге бастады.
Ел газеті «Егеменнің» алғашқы бетінде Елбасының ресми кездесулерінен өзге дәстүрге айналған тағы бір жаңалықтар парасы бар. Ол – Елбасының шетелден ресми сапармен келген елдердің басшыларын қабылдаудан кейін міндетті түрде өтетін сол елдің кәсіпкерлерімен ел бизнесмендерінің іскерлік форумдары туралы жаңалықтар. Міне, осы үрдістің мән-мағынасын көзі қарақты оқырмандар жақсы біледі деп ойлаймыз. Бұл экономикалық байланыстарды нығайтудың керемет үлгісі. Өйткені, үйренетін үрдісті үнемі көрсетіп, кәдеге асыруды жиі еске салып отыратын Мемлекет басшысының ісі көрнектірек екені белгілі. Әсіресе, экономикасы қарыштап дамыған мемлекеттерден үлгі алуға шақырудан шаршаған емес. Себебі, экономикалық көштің ілгері дамуы кез келген ел үшін сыртпен экономикалық қарым-қатынасты жолға қоюдан басталады. Кеше ғана елімізге келген Чехия елінің президенті Милош Земан және Мемлекет басшысы Нұрсұлтан Назарбаевтың қатысуымен өткен Қазақстан-Чехия бизнес-форумында көпжақты форматта 500 млн. долларға келісімшарт жасалды. Бұдан бөлек түрлі деңгейде өткен соңғы бір ай ішінде қазақ-түрік, қазақ-поляк бизнес-форумдары шағын және орта бизнес саласының қарқынды дамуы жағдайынан хабар беріп тұр. Мұндай бизнес-форумдарының ерекшелігі, берері бар ма? Иә, сөзсіз. Себебі, жыл өткен сайын халықтың бизнеске тартылуы артып келеді. Нәтижесінде бизнес идеясы, қызығушылығы бар іскер қауымдастық өкілдері өз өрісін кеңейткісі келетіні анық. Ал оған сүрлеу салар басты дүние шынайы ақпарат. Мың естігеннен бір көрген артық, шынайы ақпарат осы бизнес-форумдар барысында бөлісіледі. Міне, кәсіпкерлікті әріптестікке айналдыру мақсатында жүзеге асырылатын осы бір форумдардың пайдасы көп. Елбасының биылғы Жолдауында да кәсіпкерлікті дамытуды қайта қадап айтуы шағын және орта бизнес өкілдеріне, кәсіпкерлікке бет бұрып жүргендерге үлкен қолдау болғаны анық. Президенттің ШОБ субъектілеріне берген серпіні сөзбен шектелмей, іспен дәйектелуде.
Отандық бизнес дамып келеді дедік бір сөзімізде. Иә, рас. Өткен екі жыл ішінде ШОБ-тың белсенді субъектілері 50 мыңға және осы салада жұмыс жасаушылар 150 мыңға өскен. Бұл туралы ҰКП басшысы Мемлекет басшысының алдында берген есебінде мәлімдеді. Яғни, саланы қолдау мақсатында ұйымдастырылып жатқан бағдарламалар нәтижесіз емес. А.Мырзахметовтің айтуынша, биыл экономиканы қолдау үшін Ұлттық қордан бөлінген 1 триллион теңгенің 100 миллиарды «Бәйтерек» ҰБХ және екінші деңгейлі банктер арқылы игерілген. Бұл өңдеу саласына, әсіресе, тамақ өнеркәсібіне салмақты қолдау болып отырған көрінеді. Бұл – жаңа өндірістерді құру үшін іргетас. Қаржыландырылған жобалардың 60%-ы – бұл жаңа жобалар және олардың жартысы азық-түлік саласына жатады. «Бизнестің жол картасы-2020», «Агробизнес-2020», «Жұмыспен қамтудың жол картасы-2020» және басқа да бағдарламалар белсенді түрде жүзеге асырылуда. ҰКП басшысының айтуынша, кәсіпорындар қаржылай көмектен іс жүзіндегі қайтарымды 1,5 жылдан соң көрсете бастайды екен.
Елбасы «Нұрлы Жол – болашаққа бастар жол» Жолдауында экономикалық өсудің қозғалтқыш күші ретінде ШОБ-ты дамыту бойынша, 2050 жылға қарай ІЖӨ-дегі оның үлесін 50%-ға дейін ұлғайту бойынша жұмысты жалғастыру керектігін тағы бір қадап айтты. Сонымен бірге, 2015-2017 жылдарға бөлінген жалпы сомасы 155 миллиард теңгеге Азия даму банкі, Еуропа қайта құру және даму банкі, Дүнижүзілік банк есебінен ШОБ үшін кредиттік желіні тиімді түрде қолдану қажеттігін еске салды. Меже мен оған жетудің жолы нақты көрсетіліп отырған жерде артық сөзге орын жоқ. Тек нақты іске көшу қалып отыр.
ҰКП басқарма төрағасы баспасөзге берген сұхбаттары мен журналистермен кездесулерінде ШОБ жағдайына байланысты кез келген сұрақтарға іркіліссіз жауап беріп жүр. Жиі көтерілетін тақырыптардың бірі – мораторийдан кейінгі жағдай. 2015 жылдың 1 қаңтарынан бастап шағын және орта бизнеске жарияланған мораторий аяқталады. Осыған орай, көптеген кәсіпкерлердің салық органдары барлық кәсіпкерлерді жеке-жеке тексеріске ала ма деген қорқыныштары жоқ емес. Әрі бизнес өкілдерінің белсенділігі төмендеп кетпей ме деген күдік бар. Бұл күдікті Абылай Мырзахметов жоққа шығарды. Мораторий жарияланған күннің өзінде Президент Жарлығының мәтініне көз салсақ, оған қарамастан, тексеріске жататын жағдайлар тізімі алдын ала белгіленген болатын. Бас прокуратура жүргізген бейнеконференцияда Бас прокурордың орынбасары Кравченко 4 мыңнан аса тексеру болғандығын айтқан еді. Оның өзінде 80 пайызы кәсіпкерлер тарапынан ұсыныс түскен. Яғни, белгілі бір нысан қолданысқа берілсе СЭС, өрт сөндіру қызметінен мамандарды шақырады. Өйткені, бұл кәсіпкерге нысанды қолданысқа енгізіп, мемлекеттік акт алуы керек. Міне, осындай жағдайлар кәсіпкерлер тарапынан бастама түседі, деп атап өтті ол. Ұлттық кәсіпкерлер палатасы басшысының айтуынша, екінші бір тексерістер парасы Бас прокуратураның рұқсатымен немесе қылмыстық іс қозғалуымен байланысты жүргізілген. Бұл мораторийсіз жыл сайын түрлі деңгейдегі жүргізілетін 250 мың тексеріспен салыстырғанда жер мен көктей айырмашылық. Иә, мүмкін тексеріссіз жұмыс жүргізу жақсы болар, оған бойың үйреніп те алады. Алаңсыз боласың. Бірақ, мемлекет пен бизнестен өзге бұл жерде тағы бір маңызды нәрсе бар. Ол – тұтынушы құқығы, деген болатын ол. Мораторий барысында лицензиясыз арақ-шарап өнімдерін сатумен айналысатын көптеген компаниялардан белгілер түсіп жатқанын жасырмады. Басқа да органдармен тікелей байланысымыз бар, оларға көз жұма қарамаймыз. Тіпті, барлық тексеруші органдар басшыларымен меморандумдарға қол қойылды, егер артық кеткен тұстар болып жатса, бақылайтын боламыз. Алғашқы тоқсанда мораторий алынған соң статистикаға зер салатын боламыз, қай жерде қандай тексерістер өтіп жатқандығын бақылаймыз. Ең бастысы, жаңа әдіс-тәсілдер қолданылатын болады. Мораторийден кейін басқа жағдай туындайды, кәсіпкерлер оған дайын. Біз бизнес белсенділігі төмендеп кетеді деп ойламаймыз. Қорқыныш бар, әрине. Бірақ мораторийсіз де тәртіпті бұзбай, заңға сәйкес жұмыс атқару керекпіз. Түптеп келгенде адал, заңмен мәселесі жоқ салық төлеушілер тексерістен құтыла алады.
2015 жылы Еуразиялық экономикалық одақ жұмысын бастағаны белгілі. Біздің кәсіпкерлерге де білегін түріп жаңа жағдайлардағы бәсекелестікке дайындалуы, ыңғайлануы керек. Бизнесті дамытудың кең мүмкіндігі соңғы Жолдаудан да көрініс тапты. Әр кәсіпкер рынокқа еніп, өз кетігін табуы керек, ал Ұлттық кәсіпкерлер палатасы мен мемлекет өз тарапынан мүмкін жағдайды жасауы тиіс. Бұл шаралар жаңа кәсіпкерлік құрылымдар мен бизнесте жаңа буын өкілдерінің пайда болуына септігін тигізеді деп ойлаймын, деген Елбасы сөзі шағын және орта бизнес саласының мемлекет қамқорлығынсыз қалмайтындығына тағы бір көз жеткізді. Әрине, мемлекетке арқа сүйеген дұрыс, алайда жағдай жасап отырған Үкіметке қайтарар жауап та өз биігінде болуы тиіс. Кәсіпкерлерден заңға бағыну, мемлекет қазынасына түсетін салықтық кірістерден жалтармау, адал іс жүргізу күтіледі. Шағын және орта бизнес қызметінің күшейтуге бағытталған жұмыстарға серпін беретін бағдарламалардың кеңінен насихатталуы да үлкен істің басын қайырып отыр. Бизнес ортаны жетілдіру, мемлекеттік шаралардың тиімділігіне сараптама жүргізу, адам капиталын дамыту, қаржы ресурстарына бизнестің қолжетімділігін қамтамасыз етуді ұйымдастырып отырған ұлттық кәсіпкерлер палатасы қызметін кең көлемде қолдану кәсіпкерлердің өзара байланысын арттыра түсуде. А.Мырзахметов кәсіпкерлердің мемлекет тарапынан қажетті қолдау сезінетініне сенімдері күшейгендігін ерекше айтып жүр. Бірақ кәсіпкерлерге де қойылар талап бар. «Жолдауда жүктелген міндеттер бойынша олар өз тарапынан үлкен, байсалды жұмыстар жүргізуге дайын. Біздің палатаның басым бағытының бірі бизнесмендер құқын қорғау болғандықтан осы тарапта түскен 3,5 мың мәселе бойынша жұмыстар жүргізудеміз. Осы орайда қалған бір айдың ішінде құжат айналымын ретке келтіріп алуға шақырамыз. Жоспарлы тексеріс болмаған күннің өзінде заң талаптары орындалуы тиіс», дейді ол.
Арбаны да сындырмай, өгізді де өлтірмей ілгері жылжу қиын. Бірінің құқын қорғау үшін екіншісіне көз жұмуға болмайды. Мұны түсініп, мемлекет алдында кәсіпкер жауапкершілігінің дәрежесі жоғары екендігін еске салып отыру артық емес секілді.
Венера ТҮГЕЛБАЙ,
«Егемен Қазақстан».