Биыл Екінші дүниежүзілік соғыстың аяқталғанына 79 жыл толды. Бұл күні Жеңіс күні деп тойланғанымен, «соғыста жеңімпаз жоқ» деген сөз бар. Өйткені оның шығыны мен зардабын қай-қай жаққа да оңай тимейтіні рас. Сондықтан да қан майданға қатысқан ардагерлер мен олардың артында қалған жұбайларына әлеуметтік көмек көрсету – қоғам парызы.
Былтыр еліміз майдангерлерге берілетін әлеуметтік көмектердің көлемі бойынша ТМД елдерінің алдына шыққан еді. Яғни Жеңіс күніне орай әр ардагерге 1,5 миллион теңге көлемінде жәрдемақы берілді.
Ардагерлердің ақшасын жыл сайын өсіруді қолға алған Астана қаласының әкімдігі 2017 жылдан бері Екінші дүниежүзілік соғысқа қатысқан майдангерлер мен олардың артында қалған жұбайларына қомақты әлеуметтік көмек көрсетіп келеді. Мәселен, былтыр қалалық мәслихаттың жобасына сәйкес Астана қаласында тіркелген және тұрақты тұратын әрбір Екінші дүниежүзілік соғыс ардагеріне 800 мың теңге, соғыста қаза тапқан немесе хабар-ошарсыз кеткен жауынгерлердің жесірлеріне 30 мың теңге мөлшерінде қосымша әлеуметтік көмек берілген еді.
Ресми мәліметтерге көз жүгіртсек, 2021 жылы елордада 163 соғыс ардагері болса, 2022 жылы мұндай санаттағы 95 адам тіркелген. Ал 2022 жылы 18 адамға 1 005 221 теңгеден беріліпті. Былтыр 12 ардагер 800 мың теңге алған. Ал биыл Астана әкімдігі Жеңіс күніне орай ардагерлерге 2 млн теңге көлемінде біржолғы көмек берілетінін хабарлады.
«Бұған қоса биыл Екінші дүниежүзілік соғыс ардагерлеріне теңестірілген ардагерлер, яғни соғысқа қатысушылары мен мүгедектерінен басқа соғыс кезеңінде қызмет өткерген әскери қызметшілер, фашистік Германияға қарсы іс-қимылдарға қатысқан адамдар, Ленинград қаласында блокада кезеңінде жұмыс істеген азаматтар, концлагерьлердің кәмелетке толмаған тұтқындары, жараланып мүгедек болған әскери қызметшілер, азаматтық немесе әскери мақсаттағы нысандардағы радиациялық апаттар мен ядролық сынақтар салдарынан мүгедектігі анықталған адамдар және олардың балалары 45 АЕК (166 140 теңге) мөлшерінде ақша алады», дейді Астана әкімдігінің баспасөз қызметі.
«Ардагерлер туралы» заңға сәйкес тыл еңбеккерлері, қаза тапқан әскери қызметшілердің отбасылары, қайтыс болған ардагерлердің жұбайы (зайыбы) – 15 АЕК (55 380 теңге) мөлшерінде көмек алатын болды. Алайда қазір елордада 7 соғыс ардагері тұрады. Астанаға қарағанда Алматы қаласында жағдай салмақтырақ. Өйткені қазір Алматыда 44 соғыс ардагері тұрады. Осыған орай жуырда Алматы мәслихатының VIII шақырылған депутаттарының кезектен тыс XVI сессиясында мегаполис әкімі Ерболат Досаевтың майдангерлерге біржолғы төлем мөлшерін 2 миллион теңгеге дейін арттыру туралы бастамасын бірауыздан қолдады.
Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрлігінің 1 мамырдағы мәліметіне сәйкес елімізде Екінші дүниежүзілік соғыстың 148 ардагері тұрады, оның ішінде 108-і – соғысқа қатысқан және 40-ы – соғыс кезеңінде жараланып, контузия, мертігу салдарынан мүгедектікке ұшыраған адам. Сондай-ақ республикада жеңіске үлес қосқан 50 012 басқа да азамат бар, олардың ішінде қоршаудағы Ленинград тұрғындары – 70 адам; концлагерьлердің бұрынғы кәмелетке толмаған тұтқындары – 149 адам; соғыс кезеңінде жараланып, салдарынан мүгедектігі бар, қайтыс болған адамның жұбайлары – 2 314 адам; соғыста қаза тапқан (қайтыс болған, хабар-ошарсыз кеткен) жауынгерлердің жесірлері – 2 адам; тыл еңбеккерлері – 47 477 адам.
Елімізде соғыс ардагерлеріне берілетін әлеуметтік төлем әр аймақта әртүрлі болып келген еді. Әр облыс әлеуметтік көмек жергілікті бюджеттен қарастырылатындықтан, жыл сайынғы мерекелік жәрдемақының көлемін өздері шешеді. Алайда 2022 жылы Президент барлық өңірдегі ардагерлердің төлемін кем дегенде 1 миллион теңгеден беруді тапсырған еді. Сондықтан мұндай мол мөлшердегі жәрдемақыны Астанадағы ардагерлер ғана алады деген түсінік болмауға тиіс. Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрлігінің дерегінше, 2021 жылы елімізде Екінші дүниежүзілік соғысқа қатысқан 665 ардагер болса, былтыр 387 ардагер тіркелген, осылайша, олардың саны бір жылда 278-ге азайды. Алайда еліміз сол ат төбеліндей аз ғана ардагерлерге деген құрметін аяған емес.
Екінші дүниежүзілік соғысқа қатысқан ардагерлерге берілетін біржолғы жәрдемақының көлемі ТМД-ның басқа мемлекеттеріндегі жағдаймен салыстырғанда, біздің елде әлдеқайда жоғары.