Айтыста «Даридай ақын» атанған Қазақстан Жазушылар одағының мүшесі, Мәдениет қайраткері, ақын Мұқаш Сейітқазиновтің үйінде отырғанда көзімізге ұлттық мақтанышымыз, даңқты партизан Қасым Қайсеновтің қолтаңбасы қойылған визиткасы ілікті. Мұнда «Ақын інім Мұқашқа бірге сапарлас күндерден ескерткіш. 6.Х.99» деп жазылып, қолы қойылған екен.
– 1999 жылы қаңтарда елімізде Президент, ал, сол жылдың күзінде Мәжіліс сайлауы өтті. Бір мандатты округ бойынша белгілі ақын Жүрсін Ерман да депутаттыққа үміткер болды. Жүрсіннің шашбауын көтеріп елге танымал тұлғаны бастап Жезқазған-Ұлытау жағына Қасым ағамыз да келді. Сол топқа ел жақтан біз де қосылдық. Қасекеңнің қасында 20 күннен аса бірге жүрдік. Батыр ағамыздың «сапарлас күндерден» деп жазуында осындай мән бар, – дейді Мұқаң.
Сол күндерді ақын бүгінде аса бір жылылықпен еске алады. Даңқты батырмен бірге жүрген күндерін өмірінің сәулелі шақтарына балайды.
«Қасым ағамыздың қасында болып әңгімесін көп тыңдадық. Бұрын кітаптан оқып, ертегілерден еститін «батырдың ұйқысы» дегеннің қандай болатынын сол жолы көрдім. Жол жүріп, бір ауылдан екіншісіне жеткенде, Қасекең қанша дегенмен жасы келген кісі ғой, шаршаңқырап қалады. Шай ішіп болған соң, жастығын алып, қисая кетеді. Мына жақтағы біздің абыр-дабырға селт етпей, ұйқысын қандырып тұрады. Сонысын көріп таңқалғаным бар» дейді ол. Сондай-ақ ақынды батырдың өзінен бұрын өзгенің жайын ойлап тұратын мінезі тәнті еткен көрінеді. Олар ел аралағанда бірнеше көлікке бөлініп мінеді ғой. Қасым Қайсенов, Камал Смайылов, Жүрсін Ерман мінген көлік аңдаусызда бір шұңқырға түсіп кетіп, ішіндегілер қатты соққы алып қалады. Сәлден кейін жағдай дұрысталып, жолға түскенде Қасекең қасындағы екі інісіне қарап: – Әй, Камал, Жүрсін! Жаңа сен екеуің өліп қала жаздадыңдар ғой, дейтін көрінеді. Сол көліктің ішінде өзі де болғанына қарамастан, қасындағыларын ойлап отырған аға жүрегі-ай!
Мұқаш аға Қасекеңнің әділдігін де ерекше сүйіспеншілікпен әңгімелейді.
– Барған жерімізде елдің көңілін көтеру үшін Абаш Кәкенов екеуміз айтысамыз. Сөйтсем, Қасекең біздің айтысымызға мән бере қарайды екен. Бірде «Сенің сөзің Абашқа қарағанда салмақтырақ, күштірек шықты» деп қолымды алды. Риза болып қалдым. Халқымыздың даңқты перзентінен мұндай лебіз есту деген барлық атақ-дәрежеден қымбат қой, – дейді ол.
Мұқаш Сейтқазиновтің айтуынша, «Бізді соғыс батыр етті. Ал Баукең, Бауыржан Момышұлы соғыс болмаса да халыққа батыр болып танылатын еді. Өйткені ол табиғатынан солай жаратылған», деп бағалаған екен Қасекең.
Аты аңызға айналған батыр ағасының қолтаңбасын Мұқаң ең бір құнды жәдігерлердің біріне балайды.
Жезқазған қаласы