Шымкент қаласының әкімі Ғабит Сыздықбеков соғыс ардагерлері Нина Мосунова мен Мұраталы Төлепбергенге Жеңіс күніне орай пәтер кілтін тапсырды.
Н.Мосунова биыл 100 жасқа толды. Ардагер соғыста радист болған. М.Төлепберген ақсақал Польша, Германия жерінде шайқасқан. Ерлігіне сай «Ұлы Отан соғысы», «Германияны жеңгені үшін», «Варшаваны азат еткені үшін» ордендерімен марапатталған.
Ардагерлермен бірге «Даңқ» мемориалындағы «Мәңгілік алау» монументіне гүл шоқтарын қойып, құрбан болғандарды бір минут үнсіздікпен еске алған қала әкімі майдангерлерге Президент Қасым-Жомарт Тоқаевтың арнайы құттықтаухатын оқып берді.
«Біз 9 мамырда бейбіт өмір мен тыныштықты қорғау жолында құрбан болып, майдан даласынан қайтпай қалған батырларымыздың рухына тағзым етеміз. Соғыс және тыл ардагерлеріне шексіз ризашылық білдіріп, айрықша құрмет көрсетеміз», делінген Президент құттықтауында.
Сондай-ақ шаһар басшысы өз атынан да майдангерлерді Жеңіс күнімен құттықтады. «9 мамыр – Жеңіс күні баршамыз үшін үлкен мереке. Бұл күні бейбіт аспан астындағы бүгінгідей мамыражай өмір сыйлаған батырларға құрмет көрсетеміз. Өйткені біз Жеңістің құндылығын ешқашан ұмытпаймыз және бостандық үшін қаза тапқан батырлардың жарқын бейнесі әрдайым жадымызда қалады. Сіздердің бойларыңыздағы ерлік пен ұлы рух, батылдық пен батырлық – болашақ ұрпақ үшін табандылық пен патриотизмнің лайықты үлгісі», деді әкім.
Осылайша, мегаполис басшысы соғыс кезіндегі аталарымыздың ерліктері мен еңбектері өскелең ұрпақ үшін қайсарлық, жанқиярлық пен отаншылдықтың жарқын мысалы екенін атап өтті.
Өз кезегінде құрмет көрсетіп, шексіз ілтипатқа бөлеген қала басшылығына ғасыр жасаған майдангерлер разылығын айтып, алғысын жеткізді.
«Көргеніміз тек жақсылық болсын. Мұндай соғыстың бетін құдайым енді аулақ қылсын. Жастар өсіп-өнсін. Ұрпағымыз аман болсын. Еліміз дамып, гүлдене берсін. Халқымыз мәңгі жасасын», деп Мұраталы Төлепберген ақсақал батасын берді.
Бұл күні ерлерге тағзым көрсету үшін қаланың барлық тұрғыны «Даңқ» мемориалына жиналды. Сол азаматтардың ішінде отставкадағы полковник, Шымкенттегі қарулы күштер ардагерлері ұйымының жетекшісі Серікбай Оңбаев Жеңіс күні мерекесі іс-шарасының маңыздылығы жөнінде айтып берді.
«Былтыр қаламызда соғысқа қатысқан 9 ардагеріміз бар еді. Өкінішке қарай, олардың қатары жылдан-жылға сиреп барады. Биыл көзі тірі екі майдангерімізді ардақтадық. Оларға қала басшылығы тарапынан пәтер кілттерін табыстауы – өте қуанышты жағдай. Ескерткіш маңайында ине шаншар жер жоқ. Барлығы аталарын еске алуға келген. Осыдан-ақ мерекенің маңыздылығын білуге болады. Бір қуанарлығы, ардагерлерге елімізде барлық жағдай жасалып жатыр. Мәселен, мамырдан бастап Шымкентте 70-тен асқан зейнеткерлер автобуста тегін жүре бастады. Бұл да болса – үлкен көмек. Одан бөлек, ақпан айында Ауған жерінен кеңес әскерінің шығарылғанына 35 жыл толуына орай Ауған соғысы ардагерлеріне 210 мың теңге сыйақы табысталды. Одан бөлек, желтоқсаншыларға, Таулы Қарабақ қақтығысы, тәжік-ауған шекарасын күзеткен, Чернобыль апаты, Семей сынақ ардагерлеріне де әлеуметтік көмек беріліп келеді. Қарулы күштер ардагерлері ұйымының негізгі міндетіне өскелең ұрпақты әскери-патриоттық рухта тәрбиелеу, ел қорғауға даярлау, соның аясында түрлі іс-шара өткізу жұмыстары кіреді. Шымкентте 272 орта мектеп, 39 колледж, онға жуық жоғары оқу орны бар. Осы аталған білім ұйымдарының барлығында әскери-патриоттық іс-шара өткізіледі. Күн сайын мектеп-колледждерде ерлік сабақтарын ұйымдастырып отырамыз», деді С.Оңбаев.
Ардагерлері ұйымы жетекшісінің айтуынша, биыл Шымкентте есімі орта мектепке берілген Халық қаһарманы Сағадат Нұрмағамбетовтің 100 жылдығы аталып өтіледі. Соған орай батырға ескерткіш орнатылмақ. Бұдан бөлек, қоғамдық бірлестіктің ұйытқы болуымен №53 мектепке армия генералы, Кеңес Одағының батыры Сабыр Рақымовтың аты беріліп, мектеп ішінен батырға арналып музей ашылды.
«Мәңгілік алау» монументіне гүл шоқтарын қойған Шымкент қаласы мәслихатының төрағасы Бахадыр Нарымбетов депутаттар корпусы ардагерлерге қамқорлық жасау бағытында жұмыс жүргізе беретінін жеткізді. Ол сондай-ақ қала әкімінің ұсынысымен мәслихат депутаттары арнайы сессия өткізіп, қос ардагерге 2 млн теңгеден бір реттік сыйақы табысталғанын атап өтті. Жеңіс күні мерекесі қарсаңында депутаттар әр майдангердің шаңырағына бас сұғып, оларды құттықтап, сый-сияпат көрсетті. Б.Нарымбетовтің айтуынша, ардагерлерге қанша қамқорлық жасалса да көптік етпейді. Өйткені олар әлемді фашизмнен құтқарды. Сондықтан соғыс, тыл ардагерлерінің еңбегін өскелең ұрпақ ұмытпау керегін еске салды.
«Біз – жеңімпаздар ұрпағының өкіліміз. Сонымен мақтануымыз керек. Соғыста қаһармандық көрсеткен аталарымыздың батырлығы бізге әрдайым үлгі-өнеге болуға тиіс. Осы аталар ерлігін бүгінгі ұрпақтың санасына мықтап бекітуіміз керек. Ол үшін меніңше, идеологиялық мақсаттағы жұмыстарды күшейтіп, тиісті жоба-бағыттарды қайта айқындау керек. Жеңіс бұл тек мақтану үшін емес, содан сабақ алып, тарихта мұндай сұмдықтың қайталанбауына жол бермеу үшін де керек», деді Б.Нарымбетов.
Биыл сонымен бірге Шымкентте соғыс ардагерлеріне теңестірілген азаматтарға да 166 мың теңгеден бір реттік сыйақы төленді. Бұған дейін оның көлемі 132 мың теңге болатын. Бұдан бөлек, шаһарда тұрып жатқан тыл еңбеккерлеріне де материалдық көмектер көрсетіліп келеді. Айталық өткен жылы оларға 41 400 теңге сыйақы берілсе, биыл бұл қаражат сомасы 55 380 теңгеге ұлғайтылды.
ШЫМКЕНТ