Кез келген ел кемел келешегін өзінің өскелең ұрпағымен байланыстырары сөзсіз. Ежелден құт-берекенің басы деп саналған қой түлігі жылының алғашқы күндері қарағандылық біраз шаңырақты нәрестелер үнімен шаттыққа бөлеп, қуанышқа қуаныш қосқан шақ болды. Ал ортаны егіз құлын толтырып жатса көңіл шуағы тіпті шалқыр емес пе! Бірінен соң бірін іле дүниеге әкелген Асылбек, Асылай атты сәбилер жас анасы Динара Қожахметованы ата-ана, аға-жеңге, іні-сіңлілі айналып-толғануда шек болмауы да сондықтан еді. Алдындағы үш бауыры құшағына екеуінің бірден енуі ауылдан қалаға келіп, жаңа өмір ұйыстырған Дәурен мен Динара отауларын үлкен шаңыраққа айналдырып жіберген-ді. Алды отыздан енді асқан ерлі-зайыптылардың осынша жаста көп балалы болуларын жаратқан сыйына, тағдыр бақытына балауы сүйсінтерлік сөз болғанын қалай айтпайсыз.
Биылғы жыл сәбилер сәнімен сәулеленуінің одан сайын жарқырай бермектігін жайғандай жай еді бұл. Былтыр облыстық перинаталдық орталықта 91 ана егіз балаға жарық дүние көзін аштырса, біреуі үшемге өмір берді. Әр сәбиді аялы алақандарына алып, алғашқы қанатын ашқан ұя директорының орынбасары Александра Моторгина қуана айтқандай ұрпақ табиғи өсімі жылдан-жылға ұлғайып келеді екен. Мұның алдындағы жылға қарағанда Қарағанды қаласының өзінде ғана 300 баланың артық жанға жан қосуы соны көрсетер, күнбе-күнгі өсіп-өнуімізге тәубе дерлік дерек.
«Құтты қонақ келсе, қой егіз табады», дейді қазақ. Мерейлі мерекелермен, айтулы оқиғалармен айшықталмақ қой жылының Қарағандыда егіздерден басталуы жақсы ырым нышаны сияқты. Көбею елге көрік, елдікке тірек қой. Егіз сәби сәулесі жыл сәні бола түскей.
Айқын НЕСІПБАЙ,
«Егемен Қазақстан».
ҚАРАҒАНДЫ.