Қазақ ерінің тұрпаты қашан да жәрдемге асық, мейірім етуге даяр, батыр болмысты болып келеді. Даласы шалқар, құс қанаты талар кең жеріміз бабалар айбынының айғағындай.
10 мамыр күні Ресейдің мәдени астанасы Санкт-Петербург қаласында жолаушылар автобусы Мойка өзеніне батып, үш адам ажал құшқаны мәлім. Осы бір төтенше жағдай кезінде ауыр апатқа тап болғандарды шұғыл құтқаруға ұмтылғандар ішінде жерлесіміз Ерхан Аханов та бар.
– Бірінші шынжырдан ұстап Дағыстан елінің азаматы төмен түсе бастады, соңынан мен ердім. Біз судың түбіне сырғығанда, автобус жүргізушісі есікті ашуға ұмтылды. Бірақ талпынғанымен түк те шықпаған соң, қасымдағы жігіт екеуіміз есікті ашып үлгергенімізде өзге жігіттер де көмекке жетті. Өздеріңіз білетіндей, біздің қазақ жігіттері көмек беруге әрқашан дайын тұрады, – дейді Ерхан Аханов.
Ерхан халықтық құтқарушылармен бірге жүргізушіні, егде жастағы ер мен әйелді судан алып шығып, алғашқы медициналық көмек көрсеткен. Жерлесіміз бұл ерлігін батырлық емес, кәдімгі азаматтық борышым деп есептейді.
Айта кетейік, осы оқиғадан соң «Құтқарудағы ерлігі үшін» медальмен 15 азамат марапатталған. Адам тағдыры үшін Поцелуев көпірінен мұзды суға секірген батырларға Санкт-Петербор қаласының губернаторы Александр Беглов арнайы келіп салалық марапатты табыстады. Құтқарушылар арасындағы ең жасы – 25-тегі қазақ баласы Ерхан Аханов туралы Ресей Федерациясының бүкіл ақпарат құралдары жазды.