• RUB:
    5.41
  • USD:
    472.49
  • EUR:
    515.44
Басты сайтқа өту
Банк 15 Мамыр, 2024

ЕДБ: Қарызын қайтара бастады

80 рет
көрсетілді

«Halyk Bank» мемлекет көмегінің 250 млрд теңгесін, «Jusan Bank» 100 миллиард теңгесін мерзімінен бұрын қайтарды. «Halyk» 2023 жылы маусым мен желтоқсан айында депозиттің бір бөлігін – 68,4 млрд теңгені қайтарған. Енді банк мемлекеттік көмектің 181,6 млрд теңге сомасындағы қалдығын өтеді. 2023 жылғы шоғырланған қаржылық есебіне сәйкес, аталған банктің таза табысы 693,4 миллиард теңгеге шыққан. 2023 жылы банктің меншікті капиталы 2022 жылдың соңымен салыстырғанда 464,7 млрд теңгеге немесе 23,1%-ға ұлғайған.

Таза пайыздық кіріс 810,4 млрд теңгеге дейін өсіп, басқа пайыздық емес кіріс 400,1 млрд теңге болды. Бұл 2022 жылғыдан 4 млрд теңгеге аз. Былтыр банктің таза пайдасы 693,4 млрд теңгені құрады. Ал 2022 жылы 569,4 млрд теңге болған. Банк активтері бір жылда 8,7%-ға, яғни 15,5 трлн теңгеге өсті. Былтыр бұл көрсеткіш 14,4 трлн теңге еді. Банк міндеттемелері 13 трлн теңгеге дейін жетті. Ал капиталы 136%-ға, 2,5 трлн теңгеге дейін көбейді.

Бұрын Қаржы нарығын реттеу және дамыту агенттігі (ҚНРДА) мемлекеттік қолдау қорлары бар банктердің дивиденд төлеуі Агенттік басқармасының №21 қаулысының талаптарын орындаған жағдайда ғана мүмкін болатынын хабарлаған болатын. Қарызын толығымен өтеген «Halyk» осы қаулыдағы шектеулердің периметрінен шықты. Банк енді қарапайым акциялары бойынша жылына екі рет дивиденд төлейді. 2015 жылы бекітілген дивиденд саясатында бір жылда бір-ақ рет төленетіні жазылған болатын. Бұған дейін банк акционерлері жылдық жиналыста дивиденд төлеу туралы шешімді банк акционерлерінің жалпы жиналысы қорытындысын ескере отырып шығаратын. Жаңа саясатта бұл тармақ күшін жойды. Мемлекет тарапынан шектеу жоқ.

Қаржы нарығын реттеу және дамыту агенттігінің төрағасы Мәдина Әбілқасымова журналис­термен кездескен кезде банктің жеткілікті капитал мен өтімділік резерві өз міндеттемелерін толық көлемде орындауға мүмкіндік бергенін айтты.

«Jusan Bank» қожайыны Ғалымжан Есеновке де дивиденд ке­рек болып қалғаны апта  басында белгілі болды: Бұл банк «Самұрық-Қазына» қорына мерзімінен бұрын 100 миллиард теңгені қайтарып берді. «Jusan Bank»-тың мемлекет алдындағы қарызы 500 миллиард теңгеге жетті» деген сөздер осыған дейін де айтылған. ҚНРДА арнайы ереже қабылдап, қоржынында мемлекет көмегі жатқан банктердің акционерлерге дивиденд төлеу мүмкіндігін шектеп тастаған соң, банк құрылтайшылары қарызды қайтаруға мүдделі болды. Демек қарызды өтеу үшін «Jusan» әлі біраз жұмыс істеуі керек.

«Екінші деңгейлі банктер мемлекеттен алған қарызды қашан қайтарады?» деген сауал осыған дейін де талай қойылды. Бірақ қаржы институттары қарызды қайтаруға асыққан жоқ. Кезінде мемлекет бөлген қаржыдан қомақты үлес алған кейбір банк басшылары «ол қаржы инфляцияға жұтылып кетті» деген сөзді де айтты.

Осыдан сәл бұрын «Halyk Bank» басқарма төрағасы Үміт Шаях­метова банктің өзі тікелей мемлекеттік қолдау алмағанын, 2015 жылы оларды қолдау аясында БТА мен «Қазкоммерцбанкке» ақша бөлінгенін айтқан болатын. «Qazkom» 2018 жылы «Halyk Bank»-пен біріккеннен кейін, «Halyk» депозит бойынша мұрагерлік құқыққа ие болып, біріккен банктің балансына ауысты. «Қазкоммерцбанк» АҚ және «Проблемалық кредиттер қоры» АҚ арасында жасалған шартта қарыз 2037 жылы қайтарылуы жазылған.

2023 жылы ҚНРДА төрағасы Мәдина Әбілқасымова 6 банк қар­жылық тұрақтылық бойынша мемлекет қолдауын алып отыр­ғаны айтқан. Олар – 2017 жылы қар­жылық орнықтылықты көте­ру бағдарламасына қатысқан «Еура­зия­лық банк», «ЦентрКредит Банкі», «Jusan Bank» (көмек АТФ Банк пен «Цеснабанкке» көрсетілген), «Нұрбанк», «Halyk Bank», «Bank RBK». Агенттік хабарлауынша, алтауы алған жиынтық сома – 700,5 млрд теңге.

Бұл бағдарламаны 2017 жылы Ұлттық банк бекіткен болатын. Ол кезде банктердің шығыны, банктердің балансында стрестік актив­тердің жоғары деңгейі анық­талған. Аталған бағдарлама проблемалық займдарға провизия жасау үшін банктердің капиталдандыруын толықтыру мақсатында қабылданған еді.