Парақорлыққа қатысты елімізде заң қатаңдатылды. Осы орайда бүкіл халыққа қызмет көрсету мекемелері сыбайлас жемқорлықпен күреске жұмылған. Себебі Әділетті Қазақстанды құрудың негізгі бастамасы жемқорлықсыз қоғам қалыптастырудан келіп туындайды. Бұл ретте Шымкенттің медицина саласында парақорлықты түбірімен жою бағытында тындырымды істер атқарылып жатыр деуге толық негіз бар.
Бұған Шымкент қалалық денсаулық сақтау басқармасының басшысы Нұрлыбек Асылбеков бастаған бір топ бас дәрігердің орталық коммуникациялар қызметі алаңында берген баспасөз мәслихаты барысында анық көз жеткіздік. Брифингте шаһардың бас дәрігері мен аурухана, емхана басшылары тарапынан медицина саласындағы сыбайлас жемқорлыққа қарсы күрес және оның алдын алу жолындағы шаралар туралы мәлімдемелер жасалды. Перзентхана, онкологиялық, кардиологиялық, психикалық денсаулық орталықтарының бас дәрігерлері де баспасөз мәслихатына қатысты.
Жиында бірінші болып сөз алған Н.Асылбеков емделушілер мен қызметкерлерден сыбайлас жемқорлық әрекетіне орай шағымдар түсіп тұратынын жасырмады. Бірақ көп жағдайда мұндай деректер расталмай шығады. Осы тұста қаланың бас дәрігері денсаулық сақтау саласындағы сыбайлас жемқорлыққа қарсы күрестегі негізгі құралдардың бірі ашықтық екенін алға тартты. Соның ішінде қаржыландыру көзінде де ашық портал арқылы жұмыс істеледі. Сондай-ақ науқастар жиі келетін емдеу орталықтарында 2 мыңнан аса бейнекамералар орнатылған.
«Кадр мәселесі бойынша сыбайлас жемқорлыққа апаратын жолдарды жою мақсатында тиісті жұмыстар атқарылып жатыр. Мәселен, қазір адамдарды медицина мекемесіне жұмысқа қабылдау жариялы түрде іске асырылады. Шынайылық, мөлдірлік – сыбайлас жемқорлық әрекеттерін, соған итермелейтін жағдаяттарды жою үшін қажетті шара. Сондықтан қала халқының денсаулығына жауапты сала басшылығы 2022 жылдың 8 қыркүйегінде шаһардың цифрландыру басқармасымен бірлесіп «i-shymkent.kz» порталы арқылы НR-үдеріс жүргізу жүйесін іске қосты. Бұған қоса бүгінгі таңда қаладағы медицина ұйымдары арасында денсаулық сақтау саласындағы жемқорлық әрекеттерін болдырмау үшін 11 жоба іске асып жатыр, оның ішінде жаңа бастама саналатын қанатқақты 5 жобаны ерекше атап өтуге болады. Сондай-ақ мегаполистің емдеу мекемелерінде комплаенс офицерлері тұрақты жұмыстарын жүргізіп отыр. Оларың жалпы саны – 28», деді Н.Асылбеков.
Бұдан кейін баяндама жасаған №1 қалалық клиникалық ауруханасының бас дәрігері Қайрат Калибеков аталған медициналық мекеме тәулік бойы жұмыс істеп, науқастарға қажетті медициналық көмек көрсету үшін үздіксіз ем-шарасын жүргізетінін атап өтті. Сыбайлас жемқорлықтың алдын алудың ең тиімді жолдарының бірі – құқықтық тәртіпті қамтамасыз ету. Осы мақсатқа орай аурухана аумағында 13 бейнекамера орнатылған. Сол арқылы емдеу мекемесіндегі барлық қимыл-қозғалыс бақылауға алынып, заң бұзушылықтың жолын кесуге жақсы көмек беріп отыр. Сондай-ақ бүкіл бөлімше, зал, галерея мен адам көп жиналатын орындарға жедел мониторинг жүргізетін 75 бейнекамера қойылған. Ендігі жерде аурахана ISO 37001:2016 «Сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл менеджменті жүйесі, талаптар және қолдану жөніндегі нұсқаулық» атты халықаралық стандарты бойынша сертификаттаудан өтпек. Мекеме басшысының айтуынша, бұл алдағы уақытта жүзеге асатын басты жоспардың бірі болып тұр.
Ал №1 қалалық емханасының бас дәрігері Махамбет Бейсеуовтің мәлімдеуінше, Шымкентте осы күнде 13 мемлекеттік емхана халыққа сапалы медициналық көмек көрсетеді. Емханадағы бар қызмет алдымен тіркеу орнынан басталады. Осыған байланысты туындаған кез келген сұраққа толық жауапты науқас сол тіркеу орнындағы мамандардан ала алады. Сонымен қатар қосымша инфобокстар тиісті ақпарат беруге әзір. Келушердің өз-өзіне қызмет көрсететін арнайы бұрышы да ұйымдастырылған. Аталған емхананың бірінші қабатында науқастарға қолдау шараларын ұсынатын қызмет, фронт-офис бар, комплаенс-офицер туындаған мәселелерді шешуге дайын. Мәселен, ол емханаға тіркелу, қажетті медициналық қызмет түрлерін алу, жұмысқа байланысты тіркеу учаскесін ауыстыру, тегін дәрі-дәрмекпен қамтылу секілді сан алуан мәселелер болуы мүмкін.
Өз кезегінде қалалық клиникалық балалар ауруханасының бас дәрігері Динара Жұмаділова да емдеу мекемесінде сыбайлас жемқорлықтың алдын алу бойынша атқарылып жатқан жұмыстар мен тиісті тәжірибесі жөнінде баяндап берді.
«Қоғамның ең басты құндылығы адам дейтін болсақ, барша қоғамның алдындағы өзекті мәселенің бірі – азаматтардың денсаулығын сақтау. Соның ішінде балалар денсаулығын жасқарту ең алдымен сапалы медициналық көмекке келіп тіреледі Ал сыбайлас жемқорлық жайлаған жерде сапалы медицина жайлы әңгіме қозғаудың өзі артық. Сондықтан мегаполистің жалпы денсаулық сақтау жүйесімен бірге балалар ауруханасының да басты стратегиялық даму үдерісі жең ұшынан жалғасқан жемқорлықты түбімен жоюға келіп саяды. Осы бағытта кейінгі жылдары емдеу мекемесінде көптеген игі бастама, тың әдіс-тәсілдер енгізіліп келеді. Мәселен, 2021 жылдан бастап штаттық кестеге сай офицер-комплаенс қызметі қарастырылып, сол бойынша бүгінгі таңда жауапты маман бекітілген», деді Д.Жұмаділова.
Сондай-ақ бас дәрігердің айтуынша, мегаполистің Асар шағын ауданында орналасқан балалар ауруханасында сыбайлас жемқорлықты болдырмау, көрсетілетін медициналық қызметтің сапасын бақылауға алу әрі балалар қауіпсіздігін қамтамасыз ету мақсатында аурухананың бірінші ғимаратында 200 бейнекамера орнатылды. Оның 30-ы сыртта болса, 170 камера ғимараттың іш жағын бақылайды. Өз кезегінде аурухананың екінші корпусында 138 бейнекамера жұмыс істейді. Бұған қоса аталған емдеу ұйымының басшысы мамандарды жұмысқа алуда үміткерлерге теңдей мүмкіндіктер берілетінін атап өтті. Соның негізінде ашық әңгімелесу жүргізіліп, оның қорытындысына сәйкес комиссия жұмысқа қабылдау туралы шешім қабылдайды.
Жалпы, ашық әдіспен жұмысқа тұру мамандар арасында әділ бәсекелестікті күшейтсе, ол өз кезегінде медициналық қызмет сапасының жақсаруына тікелей әсер ететіні сөзсіз. Ал жемқорлық болған жерде адалдық та, сапа да құритыны рас. Сондықтан мегаполистің медицина саласына жауапты мамандар қоғам дертін жеңіп шығуға өздерін мүдделі санайды.
ШЫМКЕНТ