• RUB:
    5.06
  • USD:
    522.49
  • EUR:
    547.88
Басты сайтқа өту
Медицина 15 Мамыр, 2024

Медбике мерейі

177 рет
көрсетілді

Жыл сайын 12 мамырда медбикелердің халықаралық күні аталып өтеді. Ұлт саулығына адал қызмет етіп жүрген ақ желеңділердің еңбегі ерен.

Денсаулық сақтау ми­нистр­­лігі ұсынған рес­ми дерекке сүйен­­сек, елдегі медициналық ұйым­дарда 190 мыңнан аса орта медицина қызметкері жұмыс істейді. Оның ішінде 54 мыңнан аса қызметкер ауылда еңбек ете­ді. Расында, орта буын мамандардың денсаулық сақ­тау саласының бастапқы секто­рын­дағы жұмысына баға жет­пейді. Меди­ци­налық көмектің сапасы да көп жағдайда медбикелердің жұ­мы­сына тікелей байланысты. Олар мекемеде медициналық тәртіптің сақталуын бақылап, емшара жүргізеді. Пациенттің дәрі-дәрмекті уақтылы қабыл­дауын қадағалайды, отаға да­йын­дайды. Бұған қоса күрделі емдік-профилактикалық іс-ша­­ра­­­ларды жүргізеді. Мед­бике болу деген кәсіби шеберлікті ғана емес, сонымен қатар сабыр­лы болуды, стресс атаулыға тө­зім­­ді болуды қажет етеді.

Министрлік ұсынған тағы бір ақпарат бойынша, нау­қастарға көрсетілетін қам­қор­лықтың 80%-ы медбикелерге жүктеледі. Әсіресе, ауылдық жерлерде жұмыс істейтін мамандарға сал­мақ түседі. Сала мамандары жаңа туған нәрестелерден бас­тап, қарттарға күтім жасауға де­йінгі медициналық көмектің толықтай қамтамасыз етеді. Тұрғындардың денсаулығын қада­ғалап отырады. Мереке қар­са­ңында өңірлердегі Денсау­лық сақтау басқармалары, медицина мекемелерінің басшылары медбикелерді құттықтап, сый-құрмет көрсетті.

Атаулы күн қарсаңында Ден­сау­лық сақтау министрі Ақмарал Әлназарова медбике­лер­ді құттықтап, лебізін біл­дірді.

«Мейіргерлер Қазақстанның денсаулық сақтау жүйесіндегі ең көп кәсіби топтардың бірін құрайды. Уақыт талапта­рына сәйкес орта медицина қыз­меткерлерінің емдеу үдерісіне қатысуы артып келеді. Пациент­тің денсаулығы үшін кәсіби жауапкершілік сияқты функционал кеңеюде. Мейіргер­­лері­­мізді кәсіби мерекелерімен құттықтаймын. Сіздердің күн­делікті еңбектеріңіз бен шыдам­дылықтарыңыздың, қайырым­ды­лықтарыңыздың және көп­жыл­дық тәжірибелеріңіздің ар­­қа­сында пациенттердің ден­сау­­лығы жақсарып келеді», деді министр.

Осы күні Астана қаласы Қо­ғамдық денсаулық сақтау бас­қармасы басшысы Әлия Рүстемова да сала мамандарын кәсіби мерекемен құттықтады.

«Медбике тек кәсіби маман ғана емес, ол біздің зама­нымыздың батыры деп айтуға болады. Бүгінде елордада 6 мыңнан аса мед­бике еңбек етеді. Олар адам­гершіліктің, кәсібиліктің және жанашырлықтың үлгісін көр­сетіп жүр. Біз медбикелерді мақтан тұтамыз. Олардың ортақ игілікті іске қосқан еселі еңбегін бағалаймыз. Пациенттер мен әріптестерінің ризашылығына кенелген сала мамандарының жұмысына табыс тілейміз», деді Ә.Рүстемова.

Кәсіби мереке қарсаңында мейіргер ісі мамандығын мең­герген 350-ден аса үздік маман «Еңбек ардагері» медалімен, «Денсаулық сақтау ісінің үздігі», «Денсаулық сақтау ісіне қосқан үлесі үшін» төсбелгісімен, құр­мет грамоталары және ал­ғыс­хат­тармен марапатталды.