Елордадағы Nazarbayev University-де Тұрақты даму шешімдерін әзірлеу желісінің (SDSN) 2-конференциясы өтті. Жиынға Ғылым және жоғары білім министрі Саясат Нұрбек, Бельгия, Нидерланд, Германия, Қазақстан, Қырғызстан және Өзбекстанның сарапшылары мен ғалымдары қатысты.
Конференцияда министр С.Нұрбек аталған жиын зерттеу орталықтары мен жоғары оқу орындары арасындағы кооперация мен ынтымақтастықты кеңейту үшін жаңа мүмкіндік ашуға мүмкіндік беретінін айтты. «Біздің күш-жігеріміз елімізде зерттеу жұмыстарымен айналысатын мүмкіндігінше көп жоғары оқу орнын құруға бағытталған. Бұл ретте Қазақстан өзін жоғары білім мен әлемдік зерттеулер хабы ретінде таныта алатынына сенеміз. Жыл сайын министрлік жетекші халықаралық ғылыми институттар мен университеттерге тағылымдамадан өтуге 500 ғалымды жіберіп отыр. Мұндай мүмкіндік ғалымдарымызға еуропалық институттармен, жоғары оқу орындарымен бірлесіп, одан әрі даму мен әріптестікке бағытталған бағдарламаларды пысықтауға мүмкіндік береді», деді министр.
NU Қазақстандағы тұрақты даму саласындағы шешімдерді әзірлеу жөніндегі БҰҰ желісі – SDSN-нің ұлттық бөлімшесі саналады. Осыған орай NU БҰҰ-ның Тұрақты даму мақсаттарына қол жеткізу үшін практикалық шешімдерді әзірлеу мен зерттеулер жүргізу жөніндегі диалогті насихаттау бағытында Әл-Фараби атындағы Қазақ ұлттық зерттеу университеті, Сүлеймен Демирел атындағы университет, Қазақ ұлттық аграрлық зерттеу университеті, Қазақ-Британ техникалық университеті, басқа да 25 отандық университет пен ғылыми зерттеу институтын біріктірді. SDSN-нің ұлттық бөлімшесі саналатын NU президентінің міндетін атқарушы, доктор Илесанми Адесида: «Қоршаған ортаны қорғау, энергетика және климаттың өзгеруі саласындағы тығыз ынтымақтастық үшін елдер мен континенттер арасында тәжірибемен бөлісу өте маңызды. SDSN Kazakhstan базасы университетімізде екеніне қуаныштымыз және біздің стратегиялық даму жоспарымызға сәйкес SDSN осы салада айтарлықтай нәтижелерге қол жеткізуді жоспарлап отыр. Сондай-ақ министрліктің қаржылық қолдауының нәтижесінде осы бағыттарға жұмсалатын күш-жігер жанданады», деді.
Ал Еуропалық комиссияның зерттеулер және инновациялар жөніндегі бас директоратының өкілі Кремена Милева климаттың өзгеруіне бағытталған зерттеулер мен инновацияларды қаржыландыру жөніндегі ЕО-ның негізгі бағдарламасы Horizon Europe қолдау құралдары туралы айтты. Ғылым қорының басқарма төрағасы Камиль Ақатовтың айтуынша, қор Horizon Europe аясында Еуропалық одақпен нәтижелі және тиімді ынтымақтастық құруға мүдделі. «Біз жетістіктерімізді бөлісіп қана қоймай, сондай-ақ тұрақты даму саласында нақты нәтижелерге жеткізетін ортақ жобалар мен зерттеулерге белсенді түрде қатысуға дайынбыз. Бүгінгі таңда Ғылым қоры Германия, Франция, Польша, Болгария және Түркияның үйлестіру орталықтарымен серіктестікті белсенді түрде дамытып жатыр», деді К.Ақатов.
Қатысушылар конференция алаңында «Қазақстандық зерттеулер Еуропалық одақтың халықаралық инновациялық жобаларына қатыса ала ма?», «Орталық Азия елдері климаттың өзгеруі және әлеуметтік-экономикалық мәселелерді қалай шешіп жатыр?», «Тұрақты даму мәдениетін насихаттауда жоғары білім саласы неліктен негізгі қатысушы саналады?» деген сауалдарға жауап іздеп, осыған қатысты тақырыптарды талқылады. Осыған қоса Бельгия, Нидерланд, Германия, Қазақстан, Қырғызстан, Өзбекстаннан қатысқан сарапшылар мен ғалымдар екі күн ішінде білім беру, қоғамдық денсаулық сақтау, энергетика, мемлекеттік басқару, үкіметтік емес сектор сияқты салаларда 2030 жылға дейінгі тұрақты даму саласындағы ұлттық және өңірлік деңгейдегі күн тәртібін орындау құралы ретінде локализациялау мәселесін, сондай-ақ қатысушылар жоғары білімнің тұрақты дамуды насихаттаудағы рөлін талқылады.