• RUB:
    5.06
  • USD:
    522.49
  • EUR:
    547.88
Басты сайтқа өту
13 Қаңтар, 2015

Құмшағылдағы қиғаштықтар

384 рет
көрсетілді

Әкімдік әңгімені ашық айтудан неге тайсалады? Құмшағыл – Тараз қаласының іргесінде қақ ортасынан теміржол өтіп, екіге бөлініп жатқан ауыл. Іргеде ұсақ тас алатын үлкен карьер болғандықтан, елді мекен осылай аталып кетсе керек. Құмшағылдың Жамбыл ауданынан бөлініп, Тараз қаласының құрамына кіргеніне небәрі үш-төрт жыл болды. Әрине, шекарасын өзгертіп, қанатының астына алған шаһар басшылығы аз уақытта бұл ауылдың бар мәселесін шешіп, шамшырағын жарқыратып жағып жібермейтіні анық. Әйтсе де «Басымызға бақ орнатсын демейміз, бірақ бізді қала басшылығының осы елді мекенге деген енжарлығы қынжылтады. Соңғы жылдарда әкімдік­тің осы ауылдың мәселесін шешуге деген ықылас, ұмтылысын байқай алмадық», дейді құмшағылдықтар. «Қаламен қойындасып жатса да Құмшағылда әлі күнге табиғи газ мәселесі шешілмеген. М.Дулатов, Қ.Рысқұлбеков, Желтоқсан, С.Сейфул­лин кө­ше­лерінің бірнеше бұрылыстары жөндеу көрмегеніне талай жылдың жүзі болды. Асфальт төселмеген, жаң­быр, қар жау­ғанда көшеміз белуардан бат­пақ болып кетеді. Көшелер жа­рықтандырылмағандықтан, түнде мұнда адам жүруге қорқады. Балалар ойнап, асыр салатын, шағын футбол ойнайтын, жалпы спорт алаңдары жоқ. Құдай-ау, қазір мұндай алаңдар қала түгілі аудандарда салынып жатыр емес пе? Ал Құмшағыл мұн­дай жақсылықтардан құр қал­ған. Ең болмаса, бокс неме­се күрес секция­сы ашылса екен. №19 мектептің алдындағы үл­кен көшемен көліктер қатты жыл­дамдықпен жүреді. Балалардың қауіпсіздігі үшін ешқандай шаралар қарас­тырылмаған. Құмшағылда бір кездері мәдениет үйі болған. Ел мереке-жиындарда осы клубта бас қосып, концерт көріп, арқа-жарқа болып жататын. Қазір ол ғимараттың орны да жоқ. Бір кәсіпкерлер бұзып, кірпішіне дейін тасып әкеткен. Енді сол мәдениет үйінің қажеттілігі күн сайын білінуде. Бәлкім, сол кәсіпкерлерді қайтадан сондай ғимарат салып беруге мәжбүрлеу керек шығар. Әй, қайдам... Ауыз су құбыры жүрді, бірақ кейбір көшелерде, нақтырақ айтсақ, Сейфуллин көшесінің кейбір бұрылысындағы ескі құбырлар ауыстырылмады. Айтып едік, ешкім құлақ аспады. Осының кесірінен 20-дан астам үй ескі құ­бырдан су ішіп отыр. Құмшағылда қоқыс тас­тайтын арнаулы жәшіктер, контейнерлер жоқ. Ауылдың іргесіндегі мұнай базасының жанынан тағы да осы салаға қатысты құрылыстар жүріп жатыр. Бұл базаның ауылға жақын орналасуы тым қауіпті емес пе?» дейді Құмшағыл ауылының Дулатов, Рысқұлбеков, Жел­тоқсан, Сейфуллин көше­ле­рінің тұрғындары. Олар бұл айтқандарын қағазға да түсірген екен, бас-аяғы 161 адам қол қойыпты. Әрине, бір қарағанда, бұл – үлкен қалаға жақын орналасқан ауылдардың көбісінің басында бар мәселе. Бірақ, көбісінде бар екен деп, бұған енжар қарауға тағы болмайды. Бұл тұрғындар «үйіме көмір түсіріп бер», болмаса «ошағыма от жағып бер» деп жеке басының проблемасын айтып отырған жоқ. Жандарына батып, күн сайын азабын тартып жүрген соң, ел болып жиналып ортақ мәселені айтып отыр. Құмшағылдың басындағы мәселелерді қағазға түсіріп және 161 тұрғын қол қойған хат­тың көшірмесін Тараз қалалық әкімдігіне жолдап, мәселенің ақ-қарасын айырып беруді өтіндік. Обалы не керек, көп ұзамай-ақ, қалалық әкімдіктің екі бөлімінен жауап хат келді. Мәдениет және тілдерді дамыту бөлімінің басшысы М. Жинақбаева өз хатында Құмшағылда түрлі мә­дени іс-шаралардың ұйым­дас­тырылғанын тізбектей келе, жылт еткізіп ауылдан кітапхана филиалы ашылғанын айта кетіпті. Ал мәдениет үйін салу әзірге жоспарда жоқ екен. Сондай-ақ, әкімдіктің тұрғын үй-ком­муналдық шаруашылық, жолау­шылар көлігі және автомобиль жолдары бөлімінің басшысы К. Деметбаев қысқа ғана жауабында биыл Б. Момышұлы мен су мұнарасына дейінгі көшеге орташа жөндеу жұмыстары жүргізілгенін айтумен шектеліпті. Осымен, бітті. Шынында, осы екі хаттан-ақ Құмшағылдың алдағы уақытта да «шекесі» қыза қоймайтынын анық байқайсыз. «Былтыр битум зауытының түтіні біраз дау болып, ауылға Тараз қаласының әкімі арнайы келген. Сонда «Құмшағылға 2015 жылы табиғи газ тартылады» деп айтып еді, сонда өтірік болғаны ма?» деп аң-таң болып отыр ауыл тұрғындары. Расында, жауап хаттардың ішінде табиғи газ қашан келеді, жол қашан жөнделеді, спорт алаңдары, мәдениет үйі қашан салынады, жалпы жоспарда бар ма, бұл туралы ешқандай дерек жоқ. Шынын айту керек, біздің әкім­дерге ашықтық, батылдық жетіс­пейді. Әйтпесе, Тараз қала­сының әкімдігі өті жарылып кетсе де «Құмшағылға келесі жылы газ келмейді, жол жөнделмейді, басқа да тірліктер атқарылмайды, бірақ, ол жұмыстар пәлен жылға жос­парланған, сол кезде жасалады» деп әңгімені ашық айтып, мәліметтің бәрін жайып салудан неге қорқады? Жасырып-жапқаннан ел тынышталып, дау көтермей басылып қалады деп ойлай ма? Ең болмағанда, ел тілеп, сұрап жүрген дүниелері қашан қолдарына тиеді, екі жыл, бәлкім, бес жыл, әйтеуір, қашан игілігін көретіндерін біліп жүргені дұрыс емес пе? Жасырып-жабудан кейін жұрт нақты жағдайды білмей, әртүрлі алып-қашпа сөздерге жол береді. Ал осыны Тараз қаласының әкімі Нұржан Календеровтің қол астындағы қызметкерлері түсіне ме? Шынын айту керек, шаһар басшылығының шала-шарпы жауап берген хаттарына түсінген де жоқпыз, қанағаттанған да жоқпыз. Осыған қарап, Құмшағылдың мәселесіне құлақ асатын басшы әзірге болмай тұр деп ой түюге болатындай. Оралхан ДӘУІТ, «Егемен Қазақстан». Жамбыл облысы.