Тұрғын үй құрылыс жинақ банкі ұлттық валютада заем алып немесе тұрғын үй құрылыс жинақ шартын жасап, баспана сатып алғысы келетін немесе банктің өзге де қызметтерін пайдалануды қалайтын қазақстандықтардың бәрін қолдауға әзір. Банктің бүкіл активтері теңгеде. Міндеттемелерге де ұлттық валютада қызмет көрсетіледі. Сондықтан тұрғын үй құрылыс жинақ жүйесі тұрақты. Валюта толқуының еш әсері жоқ.
Тұрғын үй құрылыс жинақ банкі өткен жылдың алдын ала қорытындысын шығарды. Айталық, желтоқсанның 1-індегі мәлімет бойынша, Тұрғын үй құрылыс жинақ банкі берген заемдардың көлемі арғы жылдың осы кезеңімен салыстырғанда 53%-ға өсіп, 11 айда 80,6 млрд. теңгеге жетті. Айта кететін жайт, банк клиенттеріне тек қана өткен желтоқсанда 13 миллиард теңгеден асатын сомада кредит берген. 2015 жылдың 1 қаңтарында бұл көрсеткіш 95 миллиард теңге болады деп күтілді. ҚТҚЖБ баспасөз қызметінің ақпаратына қарағанда, құрылысқа және тұрғын үй алуға екінші деңгейлі банктер берген заемдардың жалпы көлемі бойынша, барлық кредиттердің үштен бірін Тұрғын үй құрылыс жинақ банкі берген. Бұл – банкпен ынтымақтастық жасаудың артықшылықтарын және қазақстандықтар сенімінің елеулі түрде өскенін көрсетеді.
ҚТҚЖБ қызметіне деген сұраныс та өсіп келеді. Сол себепті банк бұдан әрі де кредит беру көлемін арттырып, заем беру жұмыстарын жандандыра түспек. Тұрғын үй құрылыс жинақ банкі кредиттің ең төменгі мөлшерлемелерін ұсынады – жылдық 3,5%-дан 9,5%-ға дейін. Оның тарифтік бағдарламалары табысы аз, жинағы көп емес адамдарға да кредит алуға мүмкіндік береді.
Бүгінгі күні халықтан ұзақ мерзімді салымдар тартуда ҚТҚЖБ көшбасшы атанып отыр. 2014 жылғы 1 қарашадағы жағдай бойынша, 29,1% үлеспен, депозиттер көлемі бойынша, банк ең жақын бәсекелесінен екі есеге дейін озық тұр. Өткен жылдың 1 желтоқсанында қызметін бастағаннан бері банк 639 461 тұрғын үй құрылыс жинақ шартын жасаған. Соның 160 мың шарты 2014 жылдың 11 айында жасалған. 2013 жылдың осы кезеңімен салыстырғанда, өсім 69%-ға жеткен. Назар аударатын жайт, желтоқсанның орта шенінде банк 12,5 мың жаңа тұрғын үй құрылыс жинақ шартын жасады. Осылайша, соңғы дерек бойынша, 2014 жылы тұрғын үй құрылыс жинақ жүйесіне қатысқан қазақстандықтардың саны 1,3 есеге артты.
«Қолжетімді тұрғын үй-2020» бағдарламасы аясында Тұрғын үй құрылыс жинақ банкі «Халықтың барлық санатына арналған тұрғын үй» және «Жас отбасыға арналған тұрған үй» атты екі бағыт бойынша жұмыс істейді. Мемлекеттік бағдарламаны жүзеге асыру барысында, тұрғын үй құрылыс жинақ жүйесінің қаражаты тиімді пайдаланылуда. Сатып алынған пәтерлер есебінен былтыр бюджетке 56, 8 миллиард теңге аударған. Олардың 40 миллиард теңгесі немесе қаражаттың 71%-ы – салымшылардың ақшасы.
Ең маңызды өзгерістердің бірі – «Қолжетімді тұрғын үй-2020» бағдарламасы бойынша, банктің салымшылары арасынан тұрғын үйді сатып алушылардың пулын құру кезінде, өтініш беруден бастап, тұрғын үйді бөлуге дейінгі барлық үдерістердің ашықтығы толық қамтамасыз етілді. Оның үстіне, балды есептеу де түгелдей автоматтандырылып отыр.
2014 жылы Елбасының тапсырмасын орындау аясында ҚТҚЖБ әкімшілік және қаржылық кедергілерді елеулі түрде қысқартты. Мәселен, банк клиенттерінен алынатын 8 комиссиялық алым жойылды. Бұл қаржылық жүктемені орта есеппен 30%-ға азайтады. Активтердің пайдалылығы артып, банк капиталы 2 есеге дейін өсті. Бұл клиенттерге түсетін қаржылық жүктемені бұдан әрі де төмен түсіруге мүмкіндік береді. Болашақта банк үдерістерді автоматтандыру және оңтайландыру арқылы комиссияларды тағы да 20%-ға азайтуды жоспарлап отыр.
Қазіргі кезде клиенттерге қызмет көрсету уақыты орта есеппен үш есеге дейін қысқарды. Осылайша, барлық қажетті құжаттарды тапсырса заем беру мерзімі бұрынғыдай 22 күнге емес, 5 жұмыс күніне дейін азайды. Депозит ашу уақыты 8 минутқа дейін қысқарды.
2014 жылы Fitch Ratings халықаралық рейтинг агенттігі «Қазақстанның тұрғын үй құрылыс жинақ банкі» АҚ-қа ұлттық валютада «BBB+» деңгейінде, рейтинг болжамы бойынша – «Тұрақты» деген эмитенттің ұзақмерзімді дефолт рейтингін берді. Қазіргі таңда Standard & Poor’s, Moody’s және Fitch Ratings халықаралық агенттіктер берген Қазақстан Республикасының аумағындағы екінші деңгейлі банктердің рейтингтерімен салыстырғанда ҚТҚЖБ рейтингі ең жоғары болып отыр.
Тұрғын үй құрылыс жинақ банкі бұдан әрі де тұрғын үй құрылыс жинақ шартын жасау және кредит беру бойынша клиенттерге қызмет көрсетіп, өз жұмысын толық атқара бермек.
Мира КАРИМОВА.