• RUB:
    5.06
  • USD:
    522.49
  • EUR:
    547.88
Басты сайтқа өту
13 Қаңтар, 2015

Математик

299 рет
көрсетілді

Біз Жәнетпен ҚазПИ-дің математика факультетінің табал­дырығын бірге аттап, төрт жыл қатарынан бірге дәріс алдық. Қызыққа толы студенттік жылдарды да бірге өткіздік. Ол өнерлі жігіт ретінде бірден көзге түсті. Қолына домбырасын алып күй тартқанда арқаланып кететін. Әсіресе, Мұқағали ақынның өлеңдеріне жазылған әндерді керемет шырқайтын. Жатақхана бөлмелерінде туған күн болса, сол жерде домбырасын шертіп Жәнет отыратын. Оқу бітіріп, үлкен өмірге жолдама алғаннан кейін де біздің еңбек жолымыз бірге жалғасты. Жәнет Керімқұлов еңбек жолын сол кездегі Кеген ауданы, Саты ауылындағы А.Түркебаев атындағы орта мектепте математика пәнінің мұғалімі болып бас­тады. Кейін Ұйғыр ауданындағы Қырғызсай орта мектебінде мұғалім болған жылдарда өз ісіне мақсатты әрі ойлы көзбен қарайтын, шәкірт алдында жауапты тұлға болып қалыптасты. Жас маман араға жылдар салып, өз кәсібінің шебері, ойлау қабілеті жоғары, өз білімін ұтымды ұйымдастыра білетін үлгілі математик ретінде танылды. Осылайша, ол математиканың қыр-сырын үйретіп жүріп, шәкірттерінің және әріптестерінің құрметіне бөлене бастады. Білімді маман ауданға да қажет. 1984 жылы аудандық білім бөлімінің инспекторы қызметіне шақырылды. Онда Жәнет аудан мектептерінде мұғалімдердің білім беруінің ғылыми және оқу-әдістемелік ұйымдастырушылық жұмыстарына талдау жасаумен айналысты. Оқушылардың білімді мемлекеттік білім стандарты деңгейіне қолжеткізуін қадағалап, нұсқау беріп отырды. Ж.Керімқұлов бірқатар жыл Ұйғыр аудандық білім бөлімін де басқарды. Одан кейін №4 Шонжы орта мектебінде математика пәнінің мұғалімі, Ж.Құдай­бергенов атындағы орта мек­тепте директордың оқу ісі жөніндегі орынбасары, Сүм­бе орта мектебінің дирек­торы қызметтерін атқарып, оқушы­лардың ойдағыдай білім алуына жағдайлар жасады. Ал 2008 жылдан бері ол Бірлік-Сүмбе орта мектебінде оқушыларға математика пәнінен сабақ беріп келеді. Жәнет Керімқұлов аудан тұрғындарының, мұғалімдер мен оқушылардың кейбір өзекті деген мәселелерін шешуде де тиісті жерде өз пікірін ашық айтып отырады. Олардың шешімін табуына ықпал етеді. Сондай-ақ, ол осыдан бес жылдай бұрын аудандық «Ұрпақ парызы» қоғамдық бірлестігінің төрағасы болып сайланды. Ұлағатты ұстаздан математика ғылымына қызыққан көптеген шәкірт білім алды, талай жас маманға жол көрсетті. Аудан жастарының түрлі байқаулар мен конкурстарға, басқа да іс-шараларға қатысуларына мұрындық болды. Оның шәкірт тәрбиелеудегі еңбегі ескерусіз қалған жоқ. «Қа­зақ КСР-і ағарту ісінің үздігі» төсбелгісімен, «Қазақстан Респуб­ли­касының Тәуелсіздігіне 20 жыл» мерекелік медалімен, сондай-ақ, облыс әкімінің, аудан әкімінің, білім бөлімінің Құрмет грамоталарымен марапатталды. Жан-жақтылығымен ерекше­ленетін Жәнет замандасымыз бір­де қазақы әзіл-қалжы­ңымен баршамызды күлкіге кенелтсе, енді бірде би-шешендердің ұлағатты сөздерін айтып, жігеріңді қайрайды. Ұтқырлығы мен тап­қырлығына көңіл сүйсінеді. Адам­ды жатсынбайтын жайдары жан үлкенді де, кішіні де өзіне баурап алатын кішіпейіл. Жәнет пен Майраш бүгінде ұлын ұяға қондырып, қызын қияға ұшырған үлгілі отбасы. Май­раш – ауданға белгілі математик мұғалім. Ал ұл-қыздарының бар­­лығы жоғары білімді мамандар, әкелері сияқты өнерлі жандар. Раиса ҚОЙШЫБАЕВА, Шонжы медициналық колледжінің атқарушы директоры. Алматы облысы, Ұйғыр ауданы.