Ерболат Саурықов бастаған «Ауыл» партиясының бір топ депутаты ауыл шаруашылығы техникасын сатып алу мәселесінде келеңсіздіктер жиі туындайтынын айтып, ҚР Премьер-министрі Олжас Бектеновтың атына депутаттық сауал жолдады, деп хабарлайды Egemen.kz.
«Мемлекет басшысы 2023 жылғы 3 қыркүйектегі Қазақстан халқына Жолдауында: «Жыл сайын ауыл шаруашылығы техникасының 8-10 пайызын жаңартып отыру қажет, бұл ретте еліміздегі техника өндірушілер мен шаруалардың да мүддесін ескерген абзал», деп Үкіметке тікелей тапсырма жүктеген еді. Сонымен қатар Президент шаруаларды жер жағдайы немесе ауа райы емес, инновациялық амал-тәсілдер табысқа жеткізетінін айтып, ел экономикасындағы агроөнеркәсіптік кешеннің үлесін екі есе арттыра отырып оны алдағы 5 жылда 10%-ға дейін жеткізу қажет деп ерекше атап өтті», деп сөзін бастады депутат.
Ерболат Саурықовтың айтуынша, Ауыл шаруашылығы министрлігі қабылдаған ережелермен келіспейтінін білдірген 100-ден астам фермердің ұжымдық арызы келіп түсті. Бүгінгі таңда қолданылатын қағидаларға сәйкес жергілікті техника 30%-дан, ал импорттық техника 15%-дан субсидияланады. Бұл ретте, Ауыл шаруашылығы министрлігі импорттық ауыл шаруашылығы техникасын субсидиялаудың күшін жоюды және оны сатып алуға лизинг мөлшерлемесін 6-дан 15%-ға дейін арттыруды жоспарлап отыр.
Депутаттың пайымынша, жаңа қағидалар фермерлер мен ауыл шаруашылығы техникасын өндірушілер арасындағы теңгерімсіздікке алып келеді.
«Біз мемлекеттің, шаруалар мен отандық өндірушілердің мүдделері мәселесіне ерекше назар аударуымыз керек. Ауыл шаруашылығы техникасын құрастыру 15 жылдан астам уақыт бойы жүзеге асырылып келеді. Оған арзандатылған кредиттер, қосылған құн салығынан, корпоративті табыс салығынан, кедендік баждарды төлеуден, кәдеге жарату алымынан босату, облыс әкімдіктерін қаржылай қолдау түрінде мемлекеттің қомақты қаражаты жұмсалды. Мәселен, 2018-2022 жылдары 13 отандық ауыл шаруашылығы машиналарын жасаушылардан келген салық шығындары 123,6 млрд теңгені құрады. Тек Қостанай мен Солтүстік Қазақстан облыстарының жергілікті атқарушы органдары 2 құрастыру кәсіпорнының ғимараттары мен инфрақұрылымына бюджет есебінен 19 млрд теңгеден астам инвестиция құйды», деді Ерболат Саурықов.
Депутат Қазақстанның аграрлық секторы үшін өнімділігі жоғары импорттық техника өте маңызды, онсыз отандық ауыл шаруашылығы өндірістің тұрақты өсуін қамтамасыз ете алмайды деп санайды. Орта және ірі шаруашылықтарға 100 бірлік қарапайым техниканың орнына 30 бірлік қуатты техниканы пайдаланған тиімдірек. Субсидиялаудың тең шарттарымен мұндай техниканы сатып алу мүмкіндігінің болуы ауыл шаруашылығын тұрақты дамытудың, оның өнімділігін арттырудың және өндірілетін өнімнің өзіндік құнын төмендетудің қажетті факторы болып саналады.
«2021 жылдан 2023 жылға дейінгі үш жыл ішінде Қазақстанда құрастырылған тракторлар мен комбайндардың құны 1,5-2 есеге ұлғайды. Мәселен, ESSIL 760 комбайнының бағасы 72 млн теңгеден 135,5 млн теңгеге, Беларусь-82 тракторының бағасы 8,9 млн теңгеден 13,1 млн теңгеге, Vector 410 комбайны 53 млн теңгеден 95 млн теңгеге дейін қымбаттады. Импорттық техниканың құны осы кезеңде 15-20%-ға өсті. Бұл ретте, осы кезеңдегі валюта бағамының (АҚШ доллары) өсуі 8%-ға дейінгі мөлшерде болды», деді ол.
Депутат атап өткендей, осыған ұқсас жағдай көрші Ресейде де тіркелген. Ресей агролизинг деректеріне сүйенсек, 2021 жылдан 2023 жылға дейін қуаты 90-130 ат күшіне тең импорттық тракторлар 15%-ға қымбаттады, ал ресейлік тракторлар 33%-ға қымбаттады. Ресейде бұл тракторлардың өндірісі 66%-ға төмендеді. Ресейде қуаты 280-340 ат күшіне тең импорттық тракторлар бағасының өсуі 17%-ды құрады, ал ресейлік тракторлар бағасы 37%-ға өсті. Мұндай тракторлардың өндірісі 86%-ға төмендеді.
«Осы айтылғандарды ескере отырып, ауыл шаруашылығын орнықты дамыту мақсатында және Президенттің тапсырмасы шеңберінде шаруалар мен ауыл шаруашылығы техникасын өндірушілер мүдделерінің тепе-теңдігін сақтау қажет деп санаймыз. Мұндай тепе-теңдікті сақтамау нарықтың монополиялануына және ауыл шаруашылығы техникасының одан да қымбаттауына алып келеді. Қымбат техника машина-трактор паркінің жаңару қарқынын төмендетеді, ауыл шаруашылығы өнімін өндіру құнының артуына және оның сыртқы нарықтарда бәсекеге қабілетсіздігіне ықпал етеді», деді депутат.
Ерболат Саурықов көтерілген мәселелердің негізінде бірқатар ұсынысын ортаға салды.
«Ауыл шаруашылығы техникасын құрастыратын әр өндіріс орнына мемлекет тарапынан көрсетілетін барлық қолдау шараларын зерделеуді және нақты кәсіпорында 1 жұмыс орны ел бюджетіне қанша салмақ салатынына баға беруді сұраймыз. Отандық және импорттық ауыл шаруашылығы техникасын инвестициялық субсидиялауда теңдікті сақтау қажет деп есептейміз. Ауыл шаруашылығы техникасын сатып алуға байланысты қолданыстағы лизинг мөлшерлемелерін өзгертпеу қажет деп санаймыз», деп қорытындылады депутат.