Алматы қаласының Мемлекеттік архивінде Қазақстанның халық әртісі, Мемлекеттік сыйлықтың лауреаты, композитор, әнші Ескендір Хасанғалиевтің құрметіне музей бұрышы ашылды. Оның отбасы белгілі композитордың өмірі мен шығармашылығына байланысты 100-ден астам құжат пен экспонатты мемлекеттік сақтауға тапсырды.
«Архив – бұл халықтың рухани байлығы мен мәдени мұрасын сақтайтын, болашақ ұрпаққа мирас ететін маңызды буын. Бүгін Алматы қаласының архиві Ескендір Хасанғалиевтің жеке қорынан алынған бағалы құжаттармен және заттармен толықтырылды. Біздің ортақ міндетіміз – туған жерге және өз халқына деген сүйіспеншілікті бейнелейтін композитордың шығармаларын сақтау және насихаттау, – деді Алматы қаласы Мәдениет басқармасының басшысы Ғани Майлыбаев. Іс-шараға зиялы қауым өкілдері, композитордың туыстары мен өнердегі серіктері қатысты. Жібекбау қию рәсімі әйгілі «Атамекен» әнінің сүйемелдеуімен өтті.
«Ескендір Өтегенұлының шығармашылығы мен еңбегі халыққа тиесілі. Енді Қазақстан эстрада аңызының қолжазбалары, мемлекеттік наградалары, фотоальбомдары, сыйлықтары мен кітаптары осында сақталады, өскелең ұрпақ қажет болған жағдайда таныса алады. Отбасымыздың атынан музей бұрышын ашу жөніндегі осы игі бастаманы қолдағаны үшін барлығына алғыс білдіремін», – деді Халық әртісінің жұбайы Дарико Хасанғалиева.
АЛМАТЫ