Онлайн режімінде өткен ЕЭК кеңесінің кезекті отырысында тауарлардың жекелеген түрлеріне міндетті талаптарды белгілейтін техникалық регламенттер мен құжаттарға қатысты бірқатар түзету қабылданды. Қазақстан тарапын вице-премьер Серік Жұманғарин басқарды.
Қабылданған шешімге сәйкес тіс протездеріне арналған бекіткіш ұнтақтар мен пасталар, тіс щеткалары мен жіптер сияқты ауыз қуысының гигиенасына арналған құралдар мен бұйымдардың түрлері енді мемлекеттік тіркеуден өту арқылы бірыңғай санитарлық талаптарға сәйкестігі бағаланатын болады. Бұл ЕАЭО елдерінің нарықтарында белгіленген стандарттарға сәйкес келмейтін ауыз қуысы гигиенасына арналған құралдар мен бұйымдардың айналымын барынша азайтуға мүмкіндік береді.
«Ойыншықтардың қауіпсіздігі туралы» техникалық регламентке өзгерістер қарсылықсыз қабылданды. Енді таңбалау жапсырмаларында «хош иістендірілген ойыншық», «жұмсақ ойыншықтар», «сылдырмақ», «дәм дағдыларын дамытуға арналған жиынтық», «иіс сезуді дамытуға арналған үстел ойындары», «дәм жинақтары» сияқты басқа да жаңа анықтамалар пайда болады.
Тауарлардың дамушы және аз дамыған елдерден шығуын айқындау қағидаларына өзгерістер пакеті мақұлданды. Бұл ережелер тарифтік преференциялар беруге қолданылады. Өзгерiстер тауарларды кедендiк ресiмдеу кезiнде шыққан жерін растау рәсiмiн оңайлатуға ықпал етеді. Атап айтқанда, тұрақты негізде түпнұсқаның орнына тауардың шыққан жері көрсетілген сертификатының көшірмесін немесе электрондық нұсқасын пайдалану мүмкіндігі болады. Тауарларды тасымалдау шарттарына қойылатын талаптар, тауардың шыққан жері көрсетілген сертификатты тексеруге үшінші елдердің электрондық дерекқорлары туралы ережелер және басқалары нақтыланды.
Сондай-ақ ЕЭК кеңесінде мемлекеттік сатып алуға тауарлардың жекелеген түрлерінің шығарылған елін айқындау қағидаларына өзгерістер енгізу мәселесі қолдау тапты. Негізгі өзгеріс мемлекеттік сатып алуға қатысу кезінде ұлттық режімді ұсыну үшін тауарлардың шығарылған елін айқындауға қатысты болды. Жаңа редакцияның арқасында бұл маңызды болмай қалады: сатып алу үдерісі жүргізілетін елдің немесе ЕАЭО-ға мүше басқа мемлекеттердің жеткізушілері тауар ұсынады.