Премьер-министрдің орынбасары Серік Жұманғарин Вьетнам өнеркәсіп және сауда министрі Нгуен Хонг Зиенмен кездесу өткізді.
«Вьетнам – Қазақстанның Азиядағы маңызды серіктестерінің бірі. Қазақстан Президентінің былтыр тамыздағы Вьетнамға ресми сапарының қорытындысы бойынша біз екіжақты қарым-қатынасымыздың жоғары белсенділігін атап өтеміз: тауар айналымы 85%-ға өсіп, шамамен $1 млрд-қа жетті. Елдеріміз арасында аптасына 13 әуе рейсі орындалады. Ұшу географиясын кеңейтуге дайынбыз», деп атап өтті С.Жұманғарин.
Сонымен қатар вице-премьер вьетнамдық компанияларды Транскаспий халықаралық көлік бағытының мүмкіндіктерін зерттеуге шақырды. Бұл вьетнамдық экспортқа теңіз бағыттарына қарағанда Шығыстан Батысқа қарай 3-4 есе жылдам жүруге мүмкіндік береді, бұл шығындарды айтарлықтай азайтады.
«Біз ТХКБ Азия мен Еуропа арасындағы ең оңтайлы бағыт деп есептейміз. Сондай-ақ Ляньюньган теңіз портындағы Қазақстан-Қытай терминалының, Сиань құрғақ портының қуатын іске қосуды ұсынамыз», деді ол.
Кездесу барысында тараптар сирек кездесетін металдарды өндіру және өңдеу саласындағы ынтымақтастық мүмкіндіктерін талқылады. Вьетнам делегациясына электромобильдерге арналған литий-ион батареяларын өндіру үшін еліміздегі ірі литий кен орындарына назар аудару ұсынылды, бұл Қазақстанның жоғары технологиялық секторының өсуіне, ал вьетнамдық автоөндірушілерге өздерінің бәсекелестік артықшылықтарын сақтауға мүмкіндік береді.