• RUB:
    4.98
  • USD:
    516.93
  • EUR:
    542.52
Басты сайтқа өту
14 Қаңтар, 2015

Қазақстан Республикасының Мемлекеттік хатшысы Гүлшара ӘБДІҚАЛЫҚОВА: Елдік мерекелер – Елбасы еңбегінің ерен көрінісі

633 рет
көрсетілді

«Келер жыл – терең тарихымызға, құқықтық негізімізге, берекелі бірлігімізге құрмет көрсететін жыл. Ынтымағы жарасқан халқымыз осы айтулы оқиғаларды лайықты атап өтеді деп сенемін». Мемлекет басшысы Нұрсұлтан Назарбаевтың ел халқын 2015 жылмен құттықтауындағы бұл сөздер қазақ ежелден құт-берекенің басы деп білетін  қой түлігінің атымен аталған  жылдың  қадір-қасиетін айшықты аша түседі. Елбасының бір сөйлемге сыйып кеткен шымыр да жұмыр тұжырымында терең тарихымыз дегенде Қазақ хандығының 550 жылдығы, Жеңістің 70 жылдығы, құқықтық негізіміз дегенде Конституцияның 20 жылдығы, берекелі бірлігіміз дегенде Президент Жарлығымен жарияланған Қазақстан халқы Ассамблеясының жылы айтылып тұр. Мемлекет өміріндегі осы орасан мәнді оқиғалардың елдік мерекелер сипатында аталып өтуі өте маңызды. Міне, сондықтан да біз жыл басында Қазақстан Республикасының Мемлекеттік хатшысы Гүлшара ӘБДІҚАЛЫҚОВАҒА өтінішімізді жеткізіп, биылғы басты белестердің бағамдалуы, мерейлі даталардың мерекелену сипаты туралы сұхбат беруін сұраған болатынбыз. Әрине, Мемлекеттік хатшымен жиі кездесе бермейтіндіктен, әңгімеде осы биік лауазымды қызметтің құзыретіне кіретін басқа мәселелер де қамтылды. Енді сол сұхбатқа назар салыңыз, қадірменді оқырман. – Құрметті Гүлшара Нау­ша­қызы, жылқы жылы бүкіл еліміз үшін дамудың келесі кезеңі­не бас­тайтын оқиғалармен айшық­талды. Өткен жылдың сіздің жеке өзіңіз үшін де жақсылығы жеткілікті болды. Ел үшін сіңіріп жүрген еңбегіңіз лайықты бағаланып, Мемлекеттік хатшы қызметіне тағайындалдыңыз. Мұндай лауазым биігіне  бұрын-соңды қазақ қызы көтеріліп көрмегенін атап айтқым келеді. Құтты болсын! – Рахмет. – Өткен жылды ойдағыдай шығарып салдық. Еліміздің экономикалық, қоғамдық-саяси, мәдени-рухани өмірінде көптеген жарқын жаңалықтар, нәтижелі де табысты көрсеткіштер, оңды оқиғалар болды. Еліміз келер күндерге еркін қадам басуда. Жаңа жылдың алғашқы күндері де бас­талды.  Мемлекетіміздің жоғары лауазымды тұлғаларының бірі ретінде ескі жылға есеп бергенде өткен жылдың есте қалар елеулі оқиғасы ретінде нені атар едіңіз? – Әңгімемізді бастамас бұ­рын Отанымыздың бас газеті «Еге­мен Қазақстанның» барша оқыр­ман­дарын жаңа жылмен құттықтап қоюға рұқсат етіңіз. Жақында ғана таралымы 203 мыңнан асқан, сіз бас­қаратын газет әлі де талай асу­ларды алады деп сенемін. Есігі­мізден енген қой жылын халқы­мыз бейбіт өмірдің, берекелі тірлік­тің бастауына балап, бұл жыл­дан мол үміт күтетіні белгілі. Осы­дан екі мүшел уақыт бұрын еліміз тәуелсіздікке қол жеткізіп, бүгін­гі­дей қарыштап дамудың даңғыл жолын бастады. Олай болса, биыл­ғы қой жылы да халқымыз үшін жақ­сы нәтижелердің, жарқын жетіс­тік­тер­дің жылы болады деген үміттеміз. Әрбір жыл өткен сайын біз оның қорытындысы қандай, қаншалықты табысқа жеттік, қалай шығарып салдық деп, дерек пен дәйекке назар аударамыз. Бұл жөнінен келгенде, көңіл тоғайтар, қуана айтар жаңалықтарымыз, жетістіктеріміз жетіп жатыр. Оның бәрін бұқаралық ақпарат құралдары елеп-екшеп, тиянақтап тізіп, халыққа жеткізді. Ең бастысы, ел ынтымағы, береке-бірлігі өзінің дәстүрлі деңгейінен түскен жоқ. Табысымызға табыс, қуанышымызға қуаныш қосылды. Тәуелсіздік тұғыры одан әрі беки түсті. Экономикалық қуатымыз, елдік мұратымыз өршіл мақсаттарды жүзеге асыруда жігер мен өрлеу танытты. Былтырғы жылдың басты оқиғасы – қараша айында өткен «Нұр Отан» партиясының» саяси кеңесінде Елбасымыз Нұрсұлтан Әбішұлы Назарбаев халыққа өзінің жаңа Жолдауын жария етуі. Бұл Жолдаудың мәні мен мақсаты, мазмұны мен идеясы ерекше, өзгеше. Жалпыұлттық қолдау мен халықтық қостауға ие болған Жолдауды елдің экономикалық-әлеуметтік дамуының жаңа биіктігі, жарқын тұғыры деп қабылдаған алыс-жақын шет елдердің өзі осы Жолдауды қазіргі аумалы-төкпелі дүниедегі өмірді жақсылыққа қарай жаңғыртар бағдарлама деп қабылдап жатыр. Сізбен сұхбатқа әзірленгенде Президент Жолдауынан мына сөздердің астын сызып, дайындап отыр едім. Елбасымыз: «Алда үлкен де жауапты жұмыстар тұр. Толысқандықтың жаһандық сынынан өту үшін біздің топтаса білуіміз қажет. Біз барлық қазақстандықтар арасындағы сенімді нығайтуға тиіспіз! Бір-бірімізге тағатты болуымыз керек! Бұлар – Қазақстанның болашағына кілттер. Этносаралық келісім – өміршеңдік оттегі... Тұрақтылық пен келісім дегеніміз не? Ол отбасылық әл-ауқат, қауіпсіздік, баспана. Бейбітшілік – әке мен ана қуанышы, ата-аналар денсаулығы және біздің балаларымыздың бақыты... Біз жалпыұлттық идеямыз – Мәңгілік Елді басты бағдар етіп, тәуелсіздігіміздің даму даңғылын Нұрлы Жолға айналдырдық. Қа­жыр­лы еңбекті қажет ететін, келешегі кемел Нұрлы Жолда бірлігімізді бекемдеп, аянбай тер төгуіміз керек» деп атап көрсетті. Бұл үзінділер – Жолдаудың ал­тын арқауы. Елбасының осы ай­тылған міндеттері біздің бүкіл жұ­мысымыздың алтын кілті деп білемін. – Сұхбатымызды осы жылдың мазмұндық әрі мағыналық ерек­шелігімен жалғастырсақ деп ойлап отырмын. Биыл Елба­сы­ның ерен шешіміне орай, еліміз Қа­зақ­стан халқы Ассамблеясының жылы мен Ата Заңымыздың 20 жыл­дығын, Қазақ хандығының 550 жылдығын  және Жеңістің 70 жылдығын кең ауқымда мереке­леуді межелеп отыр. Біздің ойы­мызша, бұл айтулы белестерді бүкіл халық болып атап өту жай ғана той өткізу емес, кері­сінше еліміздің әлеуметтік-эконо­ми­калық, рухани-мәдени өрлеуі­нің өзіндік биік көрсеткішін, мемле­ке­т­тіліктің терең тамырын танытудың өнегесіне айналады деп ойлаймыз. Сіз Мемлекеттік хатшы ретінде қоғам өмірінің әлеуметтік-гуманитарлық сала­лар­ына қатысты кең ауқымды мәсе­лелерді үйлестіріп келесіз. Осыған орай, 2015 жылғы жұмыс­тың негіз­гі басымдықтары мен мін­дет­­тері осы мерейтойларды өткізу­дің аясында белгіленетін болар? – Өзіңіз айтқандай, биылғы жыл еліміз үшін мерейлі белес­тер мен мерекелі тойлардың то­ғыс­­қан кезеңіне айналғалы отыр. Елдік­тің осынау торқалы тойларын ел болып абыроймен өткізіп, Елба­сы Н.Ә.Назарбаевтың кемел саяса­ты­ның арқасында шыр­қау биікке өрлеген Қазақ елінің тату­лықтың нағыз талбесігі, тұрақ­тылық­тың берік тұғыры екенін әлем­ге дә­лел­деу бәрімізге сын мен міндет. Елбасының ұйғарымына орай, биылғы Қазақстан халқы Ассам­блея­сының жылын, Қазақстан Конституциясының 20 жылдығын, Қазақ хандығының 550 жылдығын және Ұлы Жеңістің 70 жылдығын мерекелеуді өзара үйлесімді байланыста жүзеге асыруды ұсынып отырмыз. Өйткені, аталған айтулы даталардың барлығы бізді бүгінгідей дербестікке жетуге жетелеген, ықпал еткен, дара жол ашқан ұлтымыздың әр кезеңіндегі, әр белесіндегі тағылымды тарихы, ортақ шежіресі. Сондықтан, бұл қасиетті белестерді бөле-жара қастерлеп, дербес атап өтуімізге ешқандай негіз жоқ. Мысалы, жіктеп айтар болсақ, Қазақстан халқы Ассамблеясының жылын өткізуді еліміздегі этнос­ара­лық келісім мен бірліктің, ішкі саяси тұрақтылық пен діни тағат­тылықтың, бейбітшілік пен игіліктің тірек-тұғыры ретінде атап көрсете аламыз. Ал Қазақстан Конститу­ция­сының 20 жылдығы жаһандық сын-қатерлерден туындайтын қауіп­тердің дер кезінде алдын алуға, қоғам мүдделерінің іске асырылуын қамтамасыз етуге қабілетті қалыптасқан мемлекеттің бұлжымас бағдарына айналуға тиіс. Қазақ хандығының 550 жыл­ды­ғы ұлттың бірегейлігін бекемдеуге қызмет етіп, қазіргі заманғы мемлекетке атын берген байырғы қазақ жерінде мекен ететін Қазақстан халқының ортақ әрі терең тамырларын жан-жақты айғақтайтын болады. Отан соғысындағы Жеңістің 70 жылдығына орай өтетін салтанат қазақстандық патриотизмнің өр­леуіне қуатты серпін беріп, адам­зат тарихының ең сұрапыл соғы­сындағы аталарымыз бен әкелері­міздің ғасырлар бойы өшпейтін қасиетті ерлігін көрсетеді. Аталған іс-шаралар респуб­ли­калық және өңірлік деңгейде осы негізде және өзара байланыс­та өтетін жылдың барлық іс-ша­раларының тұғырына, мазмұнына және басты діңгегіне айналады. Тұтастай алғанда, бұл мерейтойлар елдік тұғырымыздың беріктігін, Елбасының өлшеусіз еңбегінің толайым нәтижесін әлемге терең таныта түсетін мемлекеттік ауқымдағы мерекелер. – Еліміздің әлеуметтік саласына біраз жылдардан бері басшылық жасай жүріп, сіз рес­публикамызда адами капиталды дамыту мәселесіне баса назар аударып келе жатқаныңыз көпшілікке мәлім. Әлбетте, бұл саланы ілгерілетудің маңызды шарттарының бірі халықты әлеуметтік қамтамасыз ету және денсаулық сақтау жүйелерін заманға сай бейімдеу, реформалау деп ойлаймыз. Мемлекеттік хатшы лауазымында бұл мәселелер сіздің жұмысыңыздың күн тәртібіндегі негізгі мәселелер қатарына қосылған болар? – Өткен жылдың соңында Ел­басының Жарлығына сәйкес, Мемлекеттік хатшының өкілеттігі аясында қаралатын мәселелердің қатарына еліміздегі әлеуметтік-гуманитарлық даму, отбасылық-демографиялық саясат және дене шынықтыру салаларын үйлестіру бағыттары енгізілді. Сондықтан, бұл мәселелер де, өзіңіз айтқандай, біздің құзыретіміздің шеңберінде талқылануда. Елбасының дәстүрлі Жолдау­ларының қай-қайсысы да бірінші кезекте халықтың әлеуметтік мәселелеріне, оның ішінде білім, денсаулық сақтау, жұмыспен қамту сияқты өмір сүруге қажетті салаларды өркендетуге бағытталып отырады. Дәлірек айтсақ, бұл Жолдауда да адамның өмір сапасын жақсартуға қажетті барлық әлеуметтік мәселелер толығымен қамтылған. Соның ішінде, «Нұрлы Жол – болашаққа бастар жол» атты Жолдаудың әлеуметтік жүгі­нің аса салмақты екеніне назар аудар­ған боларсыз. Солай екенін «Егемен Қазақстанның» бетіндегі мазмұнды мақалалардан, салиқалы сұхбаттардан көріп те отырмыз. Мысалы, баспананы тікелей, дел­далдарсыз және несиеге барынша төмен процентпен ұсыну, апатты мектептер мен үш ауысымда оқыту проблемаларын шешу, мектепке дейінгі мекемелерде орын тапшылығын түбегейлі қысқарту, жоғары оқу орындарының мате­риал­дық-техникалық базасын қа­лыптастыру және басқа да мәсе­лелерді шешу жолдары тайға таңба басқандай анық көрсетілді. Ең бастысы, Елбасы аталған игілікті бастамаларды іске асырудың нақты тетіктері мен қаржы көздерін айқындап, шешу жолдарын белгілеп, Үкіметке тиісті тапсырма берді. Айталық, тұрғын үй құрылысын қаржыландыруға қосымша 180 миллиард теңге, балалар бақшасы құрылысына қосымша 20 миллиард теңге, апатты мектептер құрылысына қосымша 70 миллиард теңге бөлінетіні, сондай-ақ шағын және орта бизнес үшін 2015-2017 жылдары жалпы сомасы 155 миллиард теңге несие желілері пайдаланылатыны жаңаша әлеуметтік жаңғырудың нақты бағыттары айқындалғанын көрсетеді. Өткен жылдың қараша айында сіздердің газеттеріңізде жария­лан­ған «Адами капитал – табысқа бастайтын жол» атты мақаламда мен нақ осы салалардың өзекті мәселелеріне, оның ішінде демография, денсаулық, білім беру, жұмыспен қамту тақырыптарының көкейкесті проблемаларына тоқтал­ғаным естеріңізде болар. – Әрине, есімізде. Біздің газет­те мақалаңыз жарияланған күні сіз­ді Мемлекеттік хатшы қыз­метіне тағайындау жөнін­дегі Ел­басы Жарлығына қол қойылғаны да есімізде. – Иә, солай болғаны рас. Газет­тегі мақалада атап көрсеткенімдей, балабақша­лар мен мектептердің, ауруханалардың жетіспеуі соның салдарынан білім алуға, денсаулық сақтауға, әлеуметтік нысандар қыз­метіне қолжетімділіктің теңсіздігі, еңбек ресурстарының жетіспеуі әлеуметтік қызмет сапасының деңгейіне кері әсері әлеуметтік салаға әжептәуір салмақ түсіруде. Сол себепті, бұл мәселелерді шешу үшін бүгінде мемлекет тарапынан тиісті жұмыс жүргізілуде. Байқасаңыздар, кейінгі жылдары өркениеттік игіліктер өмірімізге дендеп енген сайын адамдардың мемлекеттік басқару қызметтерін ізгілендіруге деген әлеуметтік сұра­нысы еселене түсуде. Адам­дарға деген құрмет, адамдарға деген қамқорлық, олардың өз бетінше жетіліп-толысуына деген үлкен мүмкіндіктерінің қалыптасуы әлеу­меттік әлеуеті зор мемлекетте ғана мүмкін болмақ. Соған сәйкес, біз әлеуметтік-гуманитарлық қадам­дарды басымдық ретінде пайда­лануға ерекше көңіл бөле беруі­міз керек. Мұндай ізгілендіру қадам­дарын пайдаланудың мақсаты – қоғамның әлеуметтік саласын мей­лінше бәсекеге қабілетті деңгейге шығару жолында әлеуметтік-қажеттілік өзгерістердің өзіндік сүрлеуін, даңғыл жолын анықтау болып табылады. – Сіз айтып отырған әлеу­меттік-гуманитарлық қадам­дарды дені сау ұрпақ, дерттен аман қоғам ғана лайықты жүзеге асыра алады деп ойлаймын. – Әрине, халқымыз «Бірінші байлық – денсаулық» деген сөзді тегін айтпаған. Бұл тұрғыда елімізде едәуір жұмыс­тар жүргізілуде. 2015 жылы «Саламатты Қазақстан» бағдарламасы аяқталып, нәтижелері қорытындыланбақ. Сондай-ақ, Мемлекет басшысы 2017 жылы міндетті медициналық сақтандыру қорының жұмысын қамтамасыз ету бойынша алдымызға маңызды міндет жүктеді. Ендігі жерде денсаулық сақтаудың Бірыңғай ұлт­тық жүйесін одан әрі ілгері­лету, міндетті медициналық сақтандыруды енгізу үшін өзге де бағдарламалық құжаттармен хронологиялық ретте салыстыра отырып, өмір сүрудің осы саласын дамытудың Тұжырымдық бағдарын әзірлеу қажеттігі туындап отырғанын айта кетуіміз керек. – Сөздің реті келгенде айта кетсем, халықтың «Ауырып ем іздегенше, ауырмайтын жол ізде» деген сөзі бар. Бұл ретте жалпы халықты, әсіресе жастарды саламатты өмір салтын ұстануға бейімдеу тиімдірек болмай ма? – Дұрыс айтасыз. Елбасы әрбір азаматтың өз денсаулығының жағ­дайына жауапты болуға тиіс екенін айтып, осы мәселеге халықтың назарын ұдайы аударып келе жатқаны аян. Мысалы, мынадай фактілерге көңіл аударып көрелік. Дүниежүзілік денсаулық сақтау ұйымының мәліметінше, адам ден­саулығының 50%-ы адамның ұста­натын өмір салтына, 20%-ы генетикалық шежіресіне, 20%-ы әлеуметтік-тұрмыстық факторларға, ал 10%-ы ғана денсаулық сақтау жүйесінің даму деңгейімен байланысты болады екен. Бұдан шығатын басты қорытынды, біз отандастарымызға саламатты өмір салтын ұстану, дұрыс тамақтануға бейімделу, жат әдеттерден арылу, дене шынықтырумен жүйелі айналысу сияқты қағидаттарды сіңіріп, ақпараттық түсіндіру жұмыс­тарын барынша күшейтуіміз қажет. Былайша айтқанда, біз дамудың қазақстандық жолын қалыптас­тыр­ғанымыз сияқты қазақстандық өмір сүру салтын да бүкіл әлемге үлгі етуіміз керек. – Дәл мұндай мақсат қою қазірше артықтау да шығар, бәл­кім. Дегенмен, сондай биікке ұмтылғанымыз жақсы. Прези­дент еліміздің алдына әлемнің ең дамыған 30 елінің қатарына кіру жөнінде өршіл мақсат қойды. Ұлттың бәсекеге қабілеттілігі туралы айтар болсақ, ең әуелі, еліміздегі жалпы және кәсіби білім беру жай-күйі, жалпы зияткерлік әлеуеттің келешегі ойға оралады. Бабаларымыз айтатын «Білекті бірді жығады, білімді мыңды жығады» деген сөздің нағыз заманы енді келген жоқ па? – Әрбір қоғамның даму деңгейі ең әуелі, денсаулығы мықты, білімді азаматтарының санымен өлшенетіні анық. Осы екі негізгі факторды қамтамасыз етуде мемлекеттің аталған салаларды дамытуға салған инвестициясының көлеміне байланысты болатыны әлемде өзін дәлелдеген аксиомалық тұжырым. Сіздің газетіңізге шыққан мақалада атап өткенімдей, бүгінгі таңда елімізде үш ауысыммен оқитын 103, ал апатты жағдайда тұрған 176 мектеп бар. Қалыптасқан жағдайды ретке келтіруге арналған бесжылдық жоспар іске асыры­луда. Мектептердің апаттық жағ­дайын анықтайтын арнайы картасы әзірленді. Нақ осындай оқу шаңы­рақтарында білім алу жеткін­шектердің ертеңгі күні бәсекеге қабілетті маман болып шығуына кедергі келтіретіні бесенеден белгілі. Сондықтан, алдағы уақытта республикалық бюджет және мем­лекет-жекеменшік арасындағы әріп­тестікті жолға қойып, игілікті іске бизнес өкілдерін тарту арқылы 258 мектепті пайдалануға беру межеленуде. Ауыл – ұлтымыздың алтын бесігі, асыл діңгегі екені анық. Ауыл­дық жерлерде Қазақ елінің бола­шақ Шоқандары, Абайлары, Сәтбаевтары өсіп келе жатқанына ешқандай күмәнім жоқ. Сол себеп­ті, ауылдық аумақтарда білім деңгейін көтеруге көп көңіл бөлуі­міз керек. Бұл орайда, шалғай ауылдардағы бала саны аз мектептер де білім сапасының артуына тосқауыл болып жатқанын жасырмауымыз керек. Бүгінде республика аумағындағы 7 700 мектептің 4 000-ын дәл осындай мектептер құрайды. Қалыптасқан проблеманы шешуде ауыл мектептерінде ақпараттық-коммуникациялық технологияларды пайдалану ұсынылуда. Яғни, бұл әдіс оқушыларға заман талабына сай білім беруде қала мен ауыл арасындағы ақпараттық-техникалық теңсіздікті азайтуға жол ашады. Келешекте халық саны басым елді мекендерде интернаттарды қайта жаңғырту ісі қолға алынбақ. Жалпы ал­ғанда, ауыл мектептерінің материалдық-техникалық базасын нығайтып, оларды біліктілігі жоғары кадр­лармен қамтамасыз ету жұмысы жүргізіледі. Сонымен бірге, біз елімізде іске асырылып жатқан Үдемелі ин­дустриялық бағытқа сай жоға­ры технологияларды игерген, автомат­тандырылған өндірісте жұ­мыс істей алатын, жаңа технология­лар­ды қолдана алатын мамандар даяр­лауға баса назар аударуымыз керек. – Тәуелсіздік жылдарында елімізде демографиялық ахуалды жақсартуға байланысты бір­ша­ма жұмыстар жүргізілді. Еліміз­де гендерлік саясатқа, отбасы институтына, ана мен бала­ға айрықша көңіл бөлінуде. Прези­дент Жарлығына сәйкес, сіз соны­мен бірге, Әйелдер істері және от­басылық-демографиялық саясат жөніндегі Ұлттық комиссияның төрайымы болып табыласыз. Биылғы жылы Комиссия алдында қандай мәселелер өзекті болмақ? – Елбасының әйелдер қауымына қарата айтқан: «Сіздер – отбасының, демек, мемлекеттің тірегісіздер» деген ұлағатты сөзін әрбір ана, әрбір қыз-келіншек жадына берік түюге тиіс деп ойлаймын. Расында да, әрбір отбасының тірегі санала­ты­н аналарға деген қамқорлық, олар­ға жасалатын қолдау деңгейі елде­гі демографиялық ахуалдың жақ­саруына едәуір серпін беретіні ақиқат. Мемлекет басшысының халықты барынша сақтау және оның санын 20 миллионға жеткізу және одан да әрі арттыру жөніндегі келелі міндетін орындау отбасының материалдық әл-ауқатын өсірумен байланысты болмақ. Бұл үдерісте өзіңіз айтып отырған Әйелдер ісі және отбасылық демографиялық саясат жөніндегі ұлттық комиссияға маңызды орын берілмек. Ұлттық комиссия атқарған жұмыстардың нәтижесі Елбасының қатысуымен 8 наурыз қарсаңында дәстүрлі өтетін «Көктем шуа­ғы» және Отбасы күніне орайлас­ты­рылған «Мерейлі отбасы» сияқ­ты мерекелік іс-шараларда қорытын­ды­ланып, көпшілікке жарияланып отырылатын болады. – «Қазақстан жолының» бірегей тәжірибесі және бүгінгі бүкіл­әлемдік жағдай көрсетіп отыр­ғандай, кез келген елде тұрақ­ты экономикалық өсу мен әлеу­меттік даму тек қана қоғамдағы келісім мен бірліктің арқасында жүзеге аспақ. Осыған орай, Мем­лекет басшысының «Мәңгілік Ел» ұлттық идеясы Қазақстан қо­ғамын ортақ құндылықтарға топтастырудағы, жастарды патриотизмге, отансүйгіштікке тәрбиелеудегі негізгі бағыттаушы құралға айналмақ. Солай емес пе? – Жақында ғана қабылданған Қазақстан халқы Ассамблеясы жылын өткізу тұжырымдамасында «Мәңгілік Ел» – бұл қазақстандық мемлекеттілігіміздің көне тарихынан бастау алатын жалпыұлттық идея» деп сипатталды. Бұл дәл, анық әрі әділетті берілген сипаттама деп ойлаймын. Өйткені, VIII ғасырда Тоныкөк бабамыз: «Түнде ұйықтамадым, күндіз отырмадым, төрт бұрыштағы халықтың бә­рін бейбіт еттім: бастыны еңкейт­тім, тізеліні бүктірдім!» деп, «Мәң­гілік Ел» құрсақ деген асыл мұра­тын тасқа қашап жазып кеткені бар­шаға мәлім. Ата-бабаның сол асқақ арманы бүгінгі өркен жайған тәуелсіз мемлекетімізде Елбасы Н.Ә.Назарбаевтың көреген саясаты­ның арқасында орындалуда. «Мәңгілік Ел» – өскелең ұр­пақты тәуелсіздікті қорғауға, мем­лекеттілікті нығайтуға үндейтін, отансүйгіштікке баулитын ұлттық идея. Біз осы арқылы азаматтық және ұлттық құндылықтардың ортақ жүйесін қалыптастыра алмақпыз. Елбасының Ұлытау төрінде берген сұхбаты халқымыздың көкей­індегі көп ойды қозғап, ұлттық тарихымызды қадірлеп, қастерлеудің озық үлгісін көрсетті. Сонымен қатар, Нұрсұлтан Әбішұлының ел тарихын екшеудегі, оның жалпы­өркениеттік дамудағы Қазақ­стан­ның орнын нақтылаудағы, осы орайда баршамыздың алдымызда тұрған асыл міндет – ұлттық құндылықтарды барынша танытып, дамытып, насихаттап, жас ұрпақтың санасына жеткізудегі тамаша тағылымды тапсырмасы болды деп бағалаймыз. Тәуелсіздігімізді әлемге одан әрі терең таныта түсудегі, ежелден ел болып, мемлекеттілігіміздің жүздеген жылдық кезеңге кете­тін­дігін көрсетудегі, ұлтымыздың бірлігі мен ынтымағын одан әрі ұйыстырудағы бұл аса көреген саяси қадам бәрімізге жауапты міндеттер жүктейді. Тарихымызды өзіміз терең танып, өзгеге таныта білу үшін көп жұмыстар атқарылуы шарт. Бұл қазіргі қоғамдық ғылым­дар­дың алдына, соның ішінде тарихшы­лары­мызға үлкен жауапкершілік артады. – Бүгінгі жаһандану жағ­дай­ында мемлекеттілікті нығай­тудың басты тетіктері: жас­тарды отансүйгіштікке тәрбие­леу, халықты әлеуметтік мешеу­ліктен арылту, құқық бұзушы­лықтың, соның ішінде сыбайлас жемқорлықтың алдын алу және басқа да әлеуметтік жаңғы­ру мәселелері Президент жанындағы консультативтік-кеңесші орган­дардың құзыретіне кіреді. Атал­ған комиссиялардың биылғы жыл­ғы жұмыс жоспарлары қандай болмақ? – Мемлекет басшысы жанын­да­ғы жұмысын Мемлекеттік хатшы үйлестіретін 12 комиссияның мін­дет­терін іске асыру тетіктерінде қоғам­ның өзекті проблемаларын талдау-сараптау құрамдасы негізгі факторға айналуға тиіс деп ойлаймын. Осыған орай, кешенді үштік: комис­сияның – мемлекеттік орган­дардың – азаматтық қоғамның іс жү­зіндегі өзара іс-қимылын күшей­туге назар аударғалы отырмыз. Жергілікті жерлердегі негізгі оқиғалардың ортасында болып, қоғамның көкейкесті проблемаларын зерделеу мақсатында бірқатар комиссиялардың отырыс­тарын өңірлерде, кәсіпорындарда, үкіметтік емес секторда көшпелі басқосулар негізінде өткізу тәжі­рибесін енгізу жоспарда бар. – Тәуелсіздіктің алғашқы кезеңі­нен бастап Мемлекет бас­шысы руханиятымыздың дамып, одан әрі өркендеуіне баса на­­зар аударды. Мәдени-рухани құнды­­лықтар халықтың болмыс-бітімі, ұлттық портреті, жан дүние­сінің шарайнасы. Осы мәсе­леде алдымызда тұрған міндет­тер қандай? Әлемдік өрке­ниет кө­шіндегі ұлттық мәде­ние­ті­міз­дің өзіндік үлес салмағы қандай дәрежеде болуы мүмкін? – Жалпы алғанда, елдің, ұлт­тың және тұтастай мемлекеттің болашағы сол елде өмір сүріп жатқан қоғамның өз тарихын, мемлекеттік тілін, төл мәдениетін сіңіруі мен сезіну деңгейіне байланысты екені рас. Бұл факторлар халықтың сыртқы идеологияға қарсы төтеп беретін рухани имму­нитетін күшейтіп, оқтын-оқтын алдан тосып тұратын жаһандық және өңірлік геосаяси сын-қатерлердің алдын алуға, болжамдауға және жоюға алғышарт болады. Еске түсіріп көрелік, тәуел­сіз­діктің алғашқы арайындағы әлеу­меттік-тұрмыстық жағдай қандай еді? Нарықтық қатынастың заңдылықтары мен ережелері әлі қарабайырлық кезеңде, елді тұрмыс қиындығы билеген кездің өзінде мемлекет мәдени-рухани мұраларға, осы саланың өкілдеріне барынша қолдау, қамқорлық көрсетуді қатты қадағалады. Өйткені, сананы тұрмыс билеген заманда бұл сала назардан тыс қалатын болса, онда оның өтеуі де қымбатқа түсер еді. Орнына келуі де оңай болмас еді. Осыны терең түсінген Елбасы­мыз Нұрсұлтан Назарбаев бұл салаға ерекше мән беріп, нақты қолдау көрсетуді жолға қойды. Елбасының тарихи бастамасы бойынша ТМД елдерінде бұрын-соңды болмаған «Мәдени мұра» бағдарламасының кешенді түрде іске асырылуы халықтың бойында рухани сілкініс жасап, тарихи-мәдени қорымызды толықтырды. Президент мәдениеттің, әдебиет пен өнердің ерекше еңбек сіңірген танымал тұлғаларына – 100 адамға стипендия тағайындады, мәдениет ошақтары мен өнер ордаларына мемлекет қаржысын тиісінше бөлдіріп отырды, осы саланың жастарына, білім мен ғылым саласының жас толқынына нақты қамқорлық жасап, оларға да кейінгі жылдарда арнаулы стипендиялар мен тиісті қаржылық, моральдық көмек жасауды тиісті ұйымдарға қатаң тапсырды. Қазір жыл сайын осы саланың белгілі қайраткерлері мен жас таланттарына 100 арнаулы стипендия беріп келеді. Бұдан басқа атқарылып жатқан іс-шаралар ауқымын айтсақ, әңгімеміз ұзап кетер. – Мәдениет саласы стра­те­гиясының іске асырылуын үйлес­тірумен қатар, оның ағымда­ғы жай-күйін біліп отыру мақ­сатында шығармашылық адамдар­мен кездесу өткізу, мәдени ошақ­тарды аралап көру сияқты мәсе­ле­лер жұмыс жоспарыңызда бар ма? – Шығармашылық ортадағы қоғамдық ахуалды айқындау, өзекті проблемаларды анықтау, оларды шешу жолдарын іздестіру, келешек міндеттерді белгілеу мақсатында биылғы жылы еліміздің белгілі жазушыларымен кездесу өткізу жоспарлануда. Сол кездесуде қаламгер қауымның бүгінгі жай-күйі, қазақ әдебиетінің қазіргі ахуалы кеңінен сөз болады деп есептеймін. Сонымен қатар, рухани-мәдени орталығымыз саналатын Алматыдағы жетекші театрлар, Абай атындағы опера және балет театры, корей, неміс және басқа да ұлттық театрларының шығармашылық ұжымдарымен кездесіп, жастарды отаншылдыққа тәрбиелеудегі театрлардың ролі, репертуарлық саясат және басқа да мәселелер бойынша пікір алмасып, бағыттарын нақтыласақ деп отырмын. Жуық арада елордадағы Қалибек Қуанышбаев атындағы қазақ музыкалық драма театрында болып, ұлттық тарихымызға орайластырылып қойылған спектакльді көру де жоспарымда бар. Бұған қоса, шығармашылық топтармен кездесіп, мыңжылдықтарға тамыр тартатын терең әрі бай тарихымызды жарыққа шығаруға негізделген олардың түрлі жобаларымен танысып, бірлесіп талқылауды межелеудемін. – Әдебиет туралы әңгіме қоз­ғалып қалды ғой, осы орайда мына жайды сұрағым келеді. Мем­лекеттік қызметтің уақыты аздау болатыны белгілі, дегенмен, қолыңыз қалт еткенде қазақ қаламгерлерінен кімдердің кітап­тарын қолға аласыз? – Біз кітапты адал досың, адас­тырмас құбылаң, сырлас құрбың деп тәрбиелеген заманның ұрпақ­тарымыз. Қазақ сөзіне, ұлт өне­ріне үлесін қосып жүрген әрбір қаламгерге құрметпен қараймын. Сондықтан, қолым қалт еткенде көркем әдебиет оқуға ден қоятыным бар. Соңғы уақытта белгілі жазушы Сәбит Досановтың «Аспан жылаған түн», «Далалық мегалит және даналық», «Солнце встает с Востока» шығармаларын, көрнекті ақынымыз Олжас Сүлейменовтің «Код слова» кітабын, дарынды ақын Өтеген Оралбайұлының «Қағбаның қарлығаштары» атты өлеңдер жинағын, өткен жылы Мемлекеттік сыйлыққа лайық деп танылған Гүлнар Салықбаеваның «Кешіріңдер келгенімді өмірге» атты өлеңдер топтамасын, Қажы­ғали Мұханбетқалиевтің «Тар ке­зең» тарихи романын, сондай-ақ, Елбасы Н.Ә.Назарбаевтың Ұлы­тау төрінде берген сұхбатына үн қос­қан мақалалар топтамасы бойын­ша «Егемен Қазақстанның» шығар­машылық тобы құрастырып, жарыққа шығарған «Ұлт ұясындағы ұлағат» жинағын оқып шықтым. Қазіргі жастар поэзиясы да биікке самғап келеді. Оларды да мүмкін­дігінше қарап, жақсысын іріктеп, жаңасын тауып, оқып оты­рамын. Әлем әдебиетін де жеткі­лікті түрде қарап отыру – менің үйреншікті дағдым. Жалпы алғанда, кітап оқу ар­қылы адам өзінің білім көкжие­гін кеңітіп, рухани болмысын қалып­тастырады, азаматтық ұстанымын нықтайды. Ұлттық тарихымызда кітапқа қатысты да талай деректер бар. Ғұлама ғалым, ойшыл, «екінші ұстаз» атанған Әбу Насыр әл-Фарабидің Бағдад қаласындағы бай кітапханадан рухани сұранысын өтеу үшін Отырардан арнайы сапар шеккені де ақиқат. Тарихи үрдістің сабақтастығын бұзбай, Елбасы Н.Ә.Назарбаев мемлекеттің бәсекеге қабілеттілігі ең әуелі білімді де білікті жастардың әлеуетінде екенін айқын аңғарды, оларға даңғыл жол ашып берді. Бүгінде мыңдаған жастар «Болашақ» стипендиясы арқылы дүние жүзінің ең озық оқу орындарында жоғары білім алды. Астананың төрінде әлемдік деңгейдегі Назарбаев Университеті құрылды, республиканың барлық өңірлерінде Назарбаев зияткерлік мектептері қалыптасты. Бұл жастардың білімнің ең тұнығынан қанып ішуіне мүмкіндік беріп, Елбасымыз атап көрсеткендей, еліміздің 2050 жылы әлемнің ең дамыған 30 елінің қатарына кіруіне жасалған берік кепіл деп санаймын. Білімді елдің бағы да, бақыты да баян­ды болатынына күмән жоқ. – Құрметті Гүлшара Нау­ша­қызы! Жаңа қызметіңіздегі алғаш­қы сұхбатыңызды ел газеті «Егемен Қазақстанға» берге­ніңіз үшін разылық білдіремін. Сөз соң­ын­да биылғы жылдың бас­ты мін­деттері қалай айқын­да­ла­ты­нын түйіндеп айтуыңызды сұраймын. – Жылдың басты міндеттері Елбасы Жолдауында айқындалды. Жаңажылдық құттықтауында Нұрсұлтан Әбішұлы: «Бағдарымыз – белгілі, таңдауымыз – айқын, мақсатымыз – биік» деп қадап көрсетті. «Қой жылы той жылы болсын» деген ұйқасты тіркесті айтып жатыр жұрт. «Жақсы сөз – жарым ырыс», айтыла берсін, артығы болмайды. Сонымен бірге, Президент мерейтой  атаулының бәрі той тойлау үшін емес, ең алдымен ой ойлау үшін керектігін кезінде ескерткенін де ұмытпаған жөн. Ол ескертпе қазіргідей күрделі кезеңде бөлекше маңызды. Қай кезде де артық даңғазаға салынудың, шашпа-төкпелікке барудың реті жоқ. Әсіресе, бүгінгідей әлемдік қаржы дағдарысы жағдайында. Ол жағдайдың әлемдік экономикаға барынша кіріккен ел ретінде, шикізат бағасына қарайламай тұра алмайтын ел ретінде бізге де әсер ететіні анық. Сондықтан да біз басты назарды Елбасы еңбегінің ерен көрінісі болып табылатын елдік мерекелердің мән-маңызын әрбір қазақстандық жан-жүрегімен сезінетіндей етуге аударуға, ел тағдыры үшін жауапкершілік жүгін пайымдауына күш салуға тиіспіз. Биылғы атаулы оқиғалар бізге өткенімізді ой елегінен өткізу, тарихтан тағылым алу, ең қасиетті қазынамыз – бірлігімізді күшейту, Ата Заңымызды ардақтайтын дәстүрімізді орнықтыру, айналып келгенде мемлекеттілігімізді нығайту, тәуелсіздігімізді баянды ете түсу үшін керек. Солай болуы үшін жұмыла жұмыс жүргізудеміз. – Жұмыс жемісті болсын! Сұхбаттасқан Сауытбек АБДРАХМАНОВ. Суреттерді түсірген Ерлан ОМАРОВ.