10-14 жас аралығындағы ерекше білім беру қажеттіліктері бар балаларға арналған №3 арнайы мектепте «Қауіпсіздік әліппесі» қалалық фестиваль-байқауы өтті. Аталған конкурс Астанада үшінші жыл қатарынан өткізіліп отыр. Ұйымдастырушылардың айтуынша, фестиваль – білім алушылардың бойында қауіпсіз мінез-құлық пен тіршілік әрекетінің дағдыларын қалыптастыру үшін, сондай-ақ ерекше балалардың шығармашылық қабілетіне қоғамның назарын аудару мақсатында өткізіледі, деп хабарлайды Egemen.kz қала әкімдігінің ресми сайтына сілтеме жасап.
«Бұл байқауды мамыр айында үшінші жыл өткізіп жатырмыз және алдымызда практикалық мақсат бар. Балалар қауіпсіздік ережелерімен танысып, есте сақтайды», дейді №3 арнайы мектеп директоры Гүлдана Әбдіғалиева.
Астана қаласы ПД Байқоңыр ауданы полиция басқармасының капитаны Айдана Жукенова балаларға жол қозғалысы ережелерін түсінуге жәрдемдесті.
Байқау екі кезеңде өтіп, оған 3 арнайы мектептен және 1 жалпы білім беретін мектептен 36 оқушы төрт номинация бойынша қатысты: «Сіріңке балалар үшін ойыншық емес» суреттер байқауы, «Өртке қарсы инвентарь» қолөнер байқауы, «Жолдардағы қауіпсіздік» әлеуметтік бейнероликтер байқауы, «Қауіпсіз балалық шақ» командалық қойылымы.
Жеңімпаздар «Балалар әлемі» дүкенінің дипломдарымен және сертификаттарымен марапатталды.
Іс-шара ұйымдастырушылары концерттік бағдарламасы үшін М.Өтемісов атындағы Оқушылар сарайына, сонымен қатар конкурсты өткізуге жәрдем еткені үшін жеке компанияларға алғыстарын білдірді.