Жазу-сызудың айналасындағы және өнер адамдарының бір сыпырасы бильярд ойынына құмбыл келеді. Бұл өзі – сиқырлы таяғын асынып, жасыл шұғалы алқапқа ақ бөкендей жосыған ақ шарларды үркітпей, біртіндеп ұяшыққа тоғытудан ләззат алатын қауым. Тіпті арасында жүлгесі үзілмеген, жүлдесі қомақты дәстүрлі турнирлер кәсіби бәсекелерден бір кем өтпейді.
Астана қаласында белгілі тележурналист, қоғам қайраткері Нұртілеу Иманғалиұлын еске алуға арналған журналистер арасында бильярдтан республикалық дәстүрлі турнир өтті. Тележурналистика тарланының есімін ұлықтауға және жастар арасында кеңінен насихаттауға бағытталған бұл игі іс-шара осымен қатарынан төртінші жыл өткізіліп отыр. Бұған дейінгі турнирлерде Нұрділдә Ораз, Мақсұт Ержан, Оңдасын Мейірбаев қатарлы журналистер қанжығасын майлап, үздік атанған еді.
Журналистикада да, бильярдта да «Кейкі мерген» атанған телевизия дарабозы Нұртілеу Иманғалиұлы талай жасқа үлгі. Өнердегі достары оның тек сөзтапқыш, шешендігін ғана емес, бильярд, волейбол іспетті ойындарда ұтқыр, мерген, шебер ойыншы екенін де мойындаған.
Нұртілеу Иманғалиұлы – Жетісу облысы Ақсу ауданы Діңгек ауылында дүниеге келген. Отбасындағы 14 баланың кенжесі. Жастайынан спортқа, сөз өнеріне бейім болыпты. Қанаты қатайып, жарты ғасырға жуық тележурналистика қазанында қайнап, өзінің ерекше болмысымен, мәнерімен көрермен көзайымына айналды.Телегей тер шүмектетіп еңбек еткен ұлт перзенті мұхиттан маржан сүзгендей мыңжылдықтардан бергі құндылықтарды журналистік қарымы мен дарынына ұштастырып, қоғамның ащы шындығын жеткізе білді. Ол тізгіндеген «Ой-көкпар», «Бетпе-бет», «Діңгек», «Қолтаңба», т.б. хабарлары – әлі күнге дейін көрермен жадында. Қарашаңырақ «Қазақстан» телерадиокорпорациясының төрағасы лауазымына дейін өсті.
«Іс-шараның бас демеушісі – «Tas Group» компаниясының құрылтайшысы, «Assyltas» қоғамдық қорының президенті, Халықаралық «Қазақ тілі» қоғамының вице-президенті, меценат, өнер жанашыры Дулат Тастекеев. Кәсіпкер өнер мен спортта жүрген талай саңлаққа демеушілік көрсетіп келеді. Төрт жыл қатарынан ұйымдастырылып келе жатқан Нұртілеу Иманғалиұлы атындағы дәстүрлі турнирдің тұрақты, бас демеушісі», дейді турнирді ұйымдастырушылар.
Іс-шараның шымылдығы Нұртілеу Иманғалиұлының рухына арнаумен ашылды. Қатысушыларға ағамыздың өмірлік ұранына айналған «Бай қуатты болайық!» деген жазуы бар сувенир сыйлықтар мен бейсболкалар таратылды. Түскі аста Нұртілеу Иманғалиұлының рухына құран бағышталып, естелік бейнеролик көрсетілді. Турнир қорытындысы бойынша жеңімпаз атанғандар мен үздік ойын көрсеткендерге қаржылай сыйлық табыс етілді.
Жиыны 40 ойыншы қатысқан бәсекеде бас жүлдені «Қазақстан» телерадиокорпорациясының қызметкері, ақын, журналист Тұрмағамбет Кенжебаев еншіледі. 2-орын жас режиссер Асылхан Манапқа бұйырды. Ал 3-жүлдені белгілі тележурналист, «Хабар» мен «Қазақстан» телеарнасында талай жыл табан аудармай қызмет еткен Әлімжан Сабыржанұлы жеңіп алды. Бұған қоса турнирге сенатор Алтынбек Нұхұлы, белгілі журналистер Несіп Жүнісбай, Сәдібек Түгел, Шархан Қазығұлов, Талғат Ешен қатысты. Актерлер қауымынан Айболат Жаудыр, Қуандық Қыстықбай, Нартай Сауданбек сынды барша қауымға белгілі тұлғалар бақтарын сынады.
Іс-шара барысында қазақтың сый-сияпаты да қатар жүрді. Алматыдан арнайы келген Ардагер Уайдин есімді азамат Нұртілеу Иманғалиұлының жары Қарлығаш апамыздың иығына қазіргі заманға сай қамзол жапты.