Жазушылар одағының екінші қабатына көтерілер тұстағы қабырғада үлкен барельеф бар еді. «Баспалдақпен шыққанда, башпайына маңдайың тіреледі» деп шамданғандар болды. Соны кейін «Олжас Сүлейменов өзінің бейнесін жасатқан» деп қырғызып тастады. Ал ол Олжастікі емес, орақ пен балға ұстаған екеудің ескерткіші сияқты рәміздік мүсін болатын…
Қазақта аңызға айналған шығармашылық адамдары баршылық. Бірақ бұл аңыздардың бастауында қандай туындылар тұрғанына мән бере бермейміз. Егер мән берсек, сұрақ та төтесінен қойылар еді. Аңыздардың шамамен қанша пайызы еңбекпен, қаншасы дақпыртпен келді?
Кешегі орыстілді кеңістікте ұлттық өнердің екінші қатарға ысырылғаны баршаға аян. Соған сай оның аңызы да маңдайы жарқырап алға шыға алмай, ұяң мінезбен үнемі екінші қатарға ығыса берді. Мәселен, Бердібек Соқпақбаевтың аңызынан жазған шығармалары әлдеқайда көп. Сол секілді, Ілияс Есенберлин аңызы да өзінің жазған дүниелерінің қасында түкке тұрмайды. Аз жазды деген Асқар Сүлейменовтің аңызы да әр сөзін тасқа қашағандай етіп бәдіздейтін қаламгер үшін сараңның қолымен санап бергендей ғана. Тіпті кейбір тұлғаларымыздың аңызы ұлттың емес, ру-тайпаның ғана аңызындай қораш көрінеді.
Осы фонда бір кезде Олжас Сүлейменов аңызы атқан таңдай жарқ ете қалғаны өтірік емес. Поэмасын айырпланнан шашу дегенге басқа ешқандай баға да бере алмайсың. Қазақ оған, әрине, ғарышқа Гагаринмен бірге ұшқандай қуанды. Ал поэманың «Адамға табын, Жер, енді!» деген тақырыбына тиісе бастағанымыз бертінде ғана. Шындығында, «Жер, адамға табын» деген пафостық көңіл күйде тұрған ештеңе де жоқ. Бірақ оған айтылған сынды қолдаушылар поэманың атауынан «Жер, отарлаушыға бағын!» дегендей көмескі бір мағынаны тауып алған сияқты. Бірақ қанша айтсаңыз да, Олжас ұлттық сананың отарлануына ең бірінші болып қарсы шыққан адам. Ең бастысы, Олжас Сүлейменовтің кеңес көсемдері мен тарихын әспеттеген шығармасы жоқ деуге де болады. Оның есесіне:
«Жоқ, Шығыс,
Жоқ, Батыс та.
Жыр – Отаным!
Бар кешің,
Бар әдемі бұла таңың.
Жоқ, Шығыс,
Жоқ, Батыс та,
Кәдуілгі
Егіздей екі ұлы бар
ұлы атаның.
Қылады атамекен
Тарлық кімге,
Тұрады сол ойдан
ол қарғып түнде.
Батыс жоқ,
Шығыс та жоқ,
Жер дейтұғын
Бір-ақ сөз,
Ұлы сөз бар
Барлық тілде!»
(Тәржімелеген Қ.Мырза Әлі) – деп келетін асқақ жырлары бар.
Мемлекеттердің арасындағы тас қамал шекараны тас-талқан етіп, көктей өткен осы адуынды жолдардың өзі неге тұрады. Басқа түгілі, бір ел екінші елге шекарасын ашып, визасыз қарым-қатынас орнату дәстүрі әлі рәсімге енбеген кез. Ортақ Шенген визасына осы поэма туғаннан жиырма бес жыл өткеннен кейін ғана қол қойылыпты. Осындай заманда «Батыс та, Шығыс та жоқ, Егіздей екі ұлы бар ұлы атаның» дегеніне қазір де жүрек дір етеді.
Ол әрі социалистік елдер мен капиталистік жүйе арасындағы қырғи қабақ соғыс ұшынып тұрған уақыт. Әр сөздің сұрауы бар, жазу-сызу түгел қатал сүзгіден өтеді. Гагарин ғарышқа ұшқан кездегі эйфорияның әсерімен әлгі сөз қырқылмай қалғанға ұқсайды. Әйтпесе, басынан құс ұшырмайтын екі ұлы державаға «екеуі бір әкенің баласындай» деген сөзді айту оңай емес болатын. Қазір байқасақ, ұлы державалық паңдық пен ұлы дала рухын асқақтатқан тәкаппарлық алғаш бетпе-бет келген сәт екен. Егер бұл поэма жазылмаса, «Аз и Я» да тумас еді. Сондағы «Адамға табын, Жер, енді!» поэмасына қатысты бір кеп ашық айтылмаса да, іште сақталып қалған сияқты. Оның бәрі атақты «Аз и Я» жарық көргенде қалай «бәсе» дескені баршаға аян.
Олжастың үлкен идеялар мен биік мінбердің ақыны екені сол кезде-ақ байқала бастаған. КСРО Жазушылар одағының анықтамалығынан бір хабар оқып қалғанымыз бар. Хабарда Кеңес ақындарының Парижге барып өлең оқығаны жазылыпты. Тізімнен Евгений Евтушенко, Роберт Рождественский, Владимир Высоцкий, Булат Окуджавалармен бірге Олжас Сүлейменовтің аты-жөнін де көрдік. Бұл 1977 жыл, сонда Олжас жоғарыдағы поэмасынан үзінді оқыпты.
Егер:
«Я ищу, я иду
вам на встречу,
серые сволочи –
сквозь мгновенья ошибок,
отчаянных самопрезрений», – деп «Серая раса» деген өлеңін оқығанда Высоцкий, Окуджавалармен бек жарасып кетер еді.
Бір ойдан Олжас Сүлейменовтің шығармалары оның аңыздарының бір ширегін ғана құрайтынына мән бермей-ақ қоюға да болады. Себебі ол – орыс тілінде жазса да, рухы жағынан жыраулар мен жазба поэзияның ортасынан жаралған ақын. Шығармаларында ұлы дала, арғымақтар, қыпшақтар деген сөздерді үстемелете қолданады. Қай жыраудың соңында том-том жырлар қалды дейсіз. Олжас та қазаққа «Қыш кітабымен» әйгі. Ал екінші аңызы «Аз и Я» екені екібастан.
Сәбетқазы Ақатай аударды деген «Аз и Я» кең таралмады. Түпнұсқаға лайықтап қайта аударған дұрыс, қырғыздар жақында солай аударды деп естідік. Біз халық толық таныспаған шығарманың атын малданып, аңыз етумен келеміз. Соған қарағанда оның мазмұнынан гөрі дақпыртына көбірек ден қойып кеткен сияқтымыз. Әсілінде аңыз болған дүние ұлттық құндылыққа жатуға тиіс. Ұлттық құндылыққа жатса, соған лайықты зерттеліп-зерделенуі керек шығар. Әйтпесе, тұлыпқа мөңіреген бұзаудай құр дақпыртын малданып жүре беретін түріміз бар. Бүйте берсек, бұл кітап та ұмытылып, ұрпақ санасынан сызыла бастауы мүмкін. Шындығында, өткен ғасырдың екінші жартысында сесі Кремльге дейін жетіп, десі бүтін бір империяны дүмпіткен еңбектің оп-оңай ұмытыла салуы өкініш тудырмай қояр ма? Уағында бір данасы бір жылқыға бағаланған кітаптан түбінде, жартастағы сына жазудай «Аз и Я» деген қос таңба ғана қалса не болмақ? Адамдар ұмытылуы мүмкін, бірақ аңыздардың ұмытылуы – жақсылықтың нышаны емес.
Олжас Сүлейменов туралы біздің бір түйген ойымыз осы. Бәлкім, ұлы даланың ондай перзенті ұмытылмайды дейтіндер де табылып қалар. Оның өлеңдерін қазақша-орысшасын қатар жатқа оқитындарды да кездестіргенбіз. Солардың ішінде кейінгі буынның кумиріне айналған марқұм Әмірхан Балқыбектің ақынның бірнеше өлеңін қалай жатқа айтқанын бейнетаспаға түсіріп алған едік. ПЕН-клубтың бір жиынында соны Олжас Сүлейменовке жеткізудің сәті түсті.
«Олжас аға, сіз осындағы қазақтілді қаламгерлерді біліңкіремейтін секілдісіз, – дедік орыстілділердің алдында намысқа шауып. – Осы қалада Алмат Исаділ деген жас қаламгердің өмір сүретінінен еш хабарыңыз жоқ та шығар. Өмірден өтіп кеткен Әмірхан Балқыбек деген ақынның әдеби орталарда сізді қалай қорғаштап сөйлегенін естімеген де боларсыз. Үлкен қаламгерлеріміздің өзін менсіне қоймайтын кейбір жас ақындарымыз сізді қалай құрметтейтінін білмеуіңіз де мүмкін. Міне, солар өлеңдеріңізді қазақшаға аударып, керемет кітап етіп шығарған».
Көңілі жібір ме екен деп айтқан сөзімізге, шынында да көңілі жібіді. Сол жиынға қатысып отырған Амангелді Кеңшілікұлы да оның бірнеше өлеңін жатқа оқып берді. Бізге ешкім ондай тапсырма бермесе де, бар ойымыз Олжас ағамызды өз ортамызға тарту еді. Бірақ сонда отырған орыстілділер де қалысқан жоқ. Ақынның кімге бүйрегі бұрғанын уақыт көрсетер дедік те қойдық.
Бірақ біз қазақтың талай классик жазушысы бола тұра, бәрібір бір дәуір Олжас Сүлейменовтің аңызымен өмір сүрдік. Шындап келгенде, ол туралы әр жазушының айтатын бір аңызы бар. Қадыр аударған, Мұқағали құрметтеген, Сайын дос болған. Бір жақсы ағамыз қатты кетіскен, тағы бір үлкен тұлғамыз ұнатпаған, енді біреуі мүлдем қабылдамаған. Жазушылар одағындағы барельефті өзінің бейнесін салдырды деп қырғызып тастағанын да көзімізбен көрдік. «Баспалдақпен шығып келе жатқанда, башпайына маңдайың тіреледі», деп шамданғандардың кім екенін де білеміз. Кейде ортақ мүддемізге қарсы келіп қалатын өз шындығы барын кешіре алмайтынымыз да рас. Десек те осындай өткінші нәрселер біздің тұлғадан танып, аңыздан айнуымызға себеп пе деген сұрақ туады.
«Жоқ!» дейді ішімізден бір дауыс.
Басқасы басқа, ал қазаққа тұлға көптік еткен емес. Тұлғаны қалай ұлықтауды үйреткен де Олжастың өзі. «Тауларды аласартпай, даланы асқақтатайық» деген идея да Олжастікі. Өзіне қатысты айтылған сындарға да жауап бермеуді үйреткен Олжас. Оның ақиқаттығын тұлпарлар тарпысып, арғымақтар тебіскен бүгінгі күндері де айқын сезініп отырмыз. Ол, Олжас – біз үшін биіктік, тәкаппарлық, тектілік деген қасиеттердің рәмізіне айналған тұлға. Оны кеше емес, ертең де емес, бүгін айтып отырған себебіміз де бар. Бүгін Олжас Сүлейменов сексен сегіз жасқа келді.
Аман бол, арда қазақ, ардақты аға!