• RUB:
    5.41
  • USD:
    472.49
  • EUR:
    515.44
Басты сайтқа өту
Тарих 18 Мамыр, 2024

Жауынгердің жорық жолдары

88 рет
көрсетілді

Тарихи кітаптарды парақтасақ, кейде аспан асты жер үстіндегі дүрбелеңнен, аласапыран соғыс жылдарынан ары аса алмай жатамыз. Тарихшылар да көбіне-көп оқиғаның өзегін соғысқа дейін және соғыстан кейінгі жылдармен сабақтастырады. Екінші дүниежүзілік соғыстың ардагерлері жайында сөз бастасақ, аштық жылдарындағы нәубеттен айналып өте алмаймыз.

Аштық жылдарындағы нәубет

Майданнан елге дін аман оралған ардагерлеріміздің қатары сиреп барады. Ендігі кезде оқ пен оттың ортасында жанын шүберекке түйіп, жаумен алысқан батырларды көзі тірісінде ұлықтай алдық па деген орынды сұрақ мазалайды. Мысалы, сұрапыл соғыстың кермек дәмін татып, Берлин маңында жараланған Махмұт Бесімбаевтың ағайын-туыстарынан «Атаның шытырман оқиғасы туралы фильм түсіреміз», деп келгендердің қайта есік қақпағанын естігенбіз. Бірнеше жыл бұрын Махмұт Бесімбаевтың үйіне біз де барып, естелік әңгімелерін қағазға түсіріп алғанымыз бар. Аштықтың қасіретін көріп, майданнан аман оралған қарияның өмірден озғаны туралы суыт хабар бірер жыл бұрын жетті. Соғыс ардагерінің майдан шебіндегі шым-шытырық естеліктерін оқырманға ұсынуды жөн көрдік.

М.Бесімбаев 1924 жылы қаңтарда Жамбыл облысының Талас ауданы Бостан­дық аулында дүниеге келген. Бала­лық шағы аштықпен тұспа-тұс келіп, ата-анасынан айырылған бала Мах­мұттың тауы шағылып, амалсыз Тараз қаласындағы нағашыларының үйіне барады.

Түн. Ауыл. Әр маңда қараусыз қалған киіз үйлер қылтияды. Қас қарайғанда жақынынан айырылған ауылдастардың жан даусы шығады. Ата-аналар көз қуанышы баласының амандығын ойлап, арып-ашыған. Талғажау етер қатқан нан болса, кәне? Аштықтың зарын кеше дүниеге келген ойын баласы түсінсін бе? Бірақ  олар да тойып ас ішпеген соң көше кезіп, тіміскіленеді. Сол уақ бала Махмұт та қаладағы жиеніне ілесіп, көше кезіп, тіскебасар іздейтін.

«Баламыз ғой. Тараздағы Төрткөл көшесінде тұрамыз. Жиеніме еріп, көше­ге тамақ іздеуге шығамын. Қарны­мыз тойып ас ішкен күнді ұмыт­қан­быз. Содан бір күн бізді еңсегей бойлы бейтаныс кісі ұстап алып, орталыққа алып барды. Милиционер болса керек. Бір үйге апарып қамады. Не істе­рі­міз­ді білмедік. Шарасыз қалдық. Жиенімнің маған қарағанда еті тірілеу еді. Төрткөлді бұрын­нан білсе керек. Қамаудан қашып құтылды. Мен қаша алмадым. Бірнеше күн өтті. Әлгілер мені аштан қатпасын десе керек, азын-аулақ ас-ауқатын берді. Әйтеуір жалғыз емеспін. Жанымда мен құралпы балалар бар. Кейін білдім, әңгімелеп отырған аумақ қазіргі қаланың қақ ортасы екен. Содан көп ұзамай өзім қатарлы бір топ баланы пойызға мінгестірді. Қайда, кімге бара жатқанымыздан хабарымыз жоқ. Неше күн жол жүргеніміз есте қалмапты, білетінім, бұрын атауын есті­меген Ақбұлақ деген ауылға алып барды. Балалар үйі. Өсе келе білдік, Ақбұлақ Ресеймен шектеседі екен. «Дүние бір айналдырса, шыр айналдырады» деген. Көнбеске амал бар ма? Балалар үйінде тәрбиеленіп, сонда оқыдым», деп бастаған еді ардагер әңгімесін.

Махмұт Бесімбаев бала күнінен сурет салуға қызыққан. Жас шебердің тырнақалды туындыларына қатарлас дос­тарымен қоса тәрбиешілер де оң бағасын берген. Дарынды екенін түйсінген. Ақыры тәрбиешілердің нұсқауымен Махмұт Бесімбаев Украина орталығы Киевтегі училищеге оқуға түседі. Бұл 1940 жылдың күзі еді. Сурет салуға бала жастан әуес болған ол көп ұзамай бейнелеу өнерінің қыр-сырын кәсіби түрде меңгере бастайды. Бірақ жас дарын шебер суретші болсам деген асқақ арманын уақытша шегере тұруға мәжбүр болады.

 

Майдандағы жанталас

1941 жыл еді. Ел-жұрт алаңсыз. Жас­тар жағы әдеттегідей оқудан ке­йін жиі бас қосып, әр күнін көңілді өткізу­ге тырысады. Кинодан топтасып қайт­қан бозбала, бойжеткеннің арасында Махмұт та жүр. Кенет, көшеде ерсілі-қарсылы жүрген тұрғындардың көбейіп, алаңсыз халықтың әлденеге үрейленіп, ұлардай шуласқанын көрген жастар бір бәлекеттің таяғанын іштей сезген. Халықты үрейлендірген хабар соғыстың басталғаны туралы үндеу екен. Алғашында аңтарылып қалған жас­тар лезде училищеге барады. Көп ұзамай училищенің жертөлесіне топтасқан студенттерге бейтаныс офицер келіп, Отан алдындағы міндетін өтеуге дайын ерікті жастарды жияды. Бала күнінен әскерилердің киім үлгісіне қызығып өскен жастар шынында майданда жаумен алысатынын сезсе ше?

«Жедел жеткен хабардың ізінше қыз­дар мейірбике болуды құп­таса, біз өз еркімізбен әскери мінде­ті­мізді өтейміз дестік. Содан бірер күнде-ақ қалаға жақын, шамамен 30 шақырымдай қашықтағы әскери дайындықтан өтетін аймаққа бардық. Бұрын-соңды көрмеген қару-жарақты қолға алып, дұрыс ұстауды үйрене бастадық. Мен бала күнімнен ширақ әрі епті едім. Сол қасиетім көмектесті. Аптаға жуық оқу-жаттығудан өттік. Көп ұзамай бізге тапсырма келді. Отқа оранған майданның кейінгі шебінде жүретінімізді білдік. Блиндаж, окоп қаздық. Сонда шамамен бір жыл, екі айда Киевтен Сталинградқа жаяу жеттік. Кейінгі шептегі біз құралпы сарбаздарға жағдай жасалмады. Тіпті жарытып ас ішудің өзі арманға айналған. Жан бағуды ойлап, жемеген бәлеміз қалмады», деген Махмұт ата біраз кідіріп, сөзін қайта жалғады.

Махмұт Бесімбаевтардың құрамы Сталинградқа жеткенде әскер кеміп, небәрі 17 жауынгер қалған. Қалаға кірген сарбаз аз болған соң, Сталинградтағы кеңес әскерінің қосыны осы топты сұрақтың астына алып, қамауда ұстапты. Төрт күннен кейін босатқан. Махмұт Бесімбаев майданда мотоатқыштардың полкінде болған. Полк командирі Николай Ковалевпен де сонда танысады. Екеуі екі жылға жуық уақытта дос­тасып үлгереді.

 

Бесімбаевтың тұңғышы

1942 жылдың күзі. Осы мезгілді Махмұт Бесімбаев өмірінің соңына дейін естен шығармап еді. Майдан. Шегінерге жол жоқ. Командирдің айтқаны заң. Сарбаздар тамақтанып, әлденіп алған соң, басшылардан Сталинградқа жақын маңдағы трактор зауытын қорғау туралы тапсырма түседі. Жауды тұтқиылдан күтіп, тосыннан үстінен басып қалу міндеті жүктелген соң, жауынгерлер жан-жаққа бытырап, қолайлы орын сайлай бастайды. Осы кезде Махмұт та қарап қалмай, сол маңдағы биік ғимаратты бетке алады. Бірінші қабатына жасырынып, қыбыр етпейді. Арада жарты сағат өтер-өтпесте Махмұт қозғала бастайды. Сол сәт үйдің жоғары қабатынан нәрестенің шырылдаған даусын естіп, тосырқап қа­ла­ды. Алып-ұшып үйдің екінші қаба­тына көтерілсе, расымен, қанға шомған сәби жатыр екен. Шақалақты дереу қолына алып қарайласа, бала сап-сау. Жарақаты жоқ. Төңіректі барлап, таяқ тастам жерде сәбидің сұлық түсіп жатқан анасын байқайды. Жақындаса, байғұс ана тіл тартпай кетіпті. Екі жетім кезікті. Бірі – аштықтан аман қалған ер, екіншісі – соғыстың не екенін де білмейтін шақалақ. Көк көз баланы Махмұт құшағына алып, жуындырып, тосын жайды командирге баяндайды. Командир жас жауын­гер­ді бөгемей, сәбиді санбатқа апаруды бұйырады. Содан көк көз баланың тегін Бесімбаев, атын Махмұт деп жас сарбаздың өзі қояды.

Қан майдан. Қай тұстан снаряд түсіп, жаншып қалатынын білмейсің. Бірақ қанды көйлек жауынгерлердің жеңіске деген сенімі өлімнен күштірек еді. Оқ қарша борап, жарылғыштар көктен төпелеп түсіп жатқанда, қалай дегенде де бойды үрей билейді. Қас қарайғанда тіпті қиын. Махмұт Бесімбаев осындай аласапыранда күтпеген жерден жарақат алады. Содан Қазан қаласында 7 ай емделіп, қайта майданға аттанады. Бұрын өзі шегініп жүріп соғысқан Ленинград түбіне барады.

1943 жылы шенділер келіп, Махмұт Бесімбаев құралпы 20-30 жасты жинап, ұшақпен алып кетеді. Кейінірек білсе, іріктелген жауынгерлер Псков қаласына жетіпті. Онда сарбаздар парашюттен секіруге ма­шық­та­нады екен. Жас жа­­­­уынгерлер 2 ай дайындалып, парашюттен секіруді үй­реніп алады.

«Дайындықтан өттік-ау дегенде бізді қайта ұшаққа отырғызды. Қайда бара жатқанымызды тағы білмейміз. 1943 жылдың қысы. Ұшақтан тағы секірдік. Ереже бойынша іштей онға дейін санадым да, парашюттің тартқышын тарттым, бірақ ашылмады. Қас пен көздің арасында екі, үшінші рет тарттым, болмады. Көзді жұмдым, жеткен жерім осы екен дедім. Соңғы рет тасырлаған дауыс естілді. Одан кейінгісі есімде жоқ. Кейін сұрастыра келе ағаш үстіне құлағанымды білдім. Апта бойы ес-түссіз жатыппын. 7-8 жерімнен жараланыппын», деді Махмұт Бесімбаев.

Жас жауынгер сол жарақатынан кейін госпитальге де бармай, сарбаз­дар­дың қосына қосылады. Содан олар Ленинградқа азық-түлік жеткізуге шығады. Араға екі ай салып, Сталинград­қа дивизия жетіп, қала­ны азат етуге кіріседі. 1944 жылы шабуылды үдетеді. Жау қолындағы 100-ден астам шағын ауыл босап, көп ұзамай Киев, Харьков, Минск қалалары азат етілген. Жаудың бетін қайтарған жауынгерлердің қата­рында Махмұт Бесімбаев та болған. Бұдан кейінгі жағдай белгілі, әскер бірте-бірте қалаларды босатып, Румыния асып, Германияға ойысады. Бірақ Берлинге шамамен 72 шақырым қалғанда Одер өзені маңында Махмұт Бесімбаев тағы жарақат алады. Варшавадағы госпитальға түседі. Бесімбаев енді тілге келіп, сауыға бастағанда, кеңес әскері Берлинді алды. Соғыс бітті деген хабар жетеді.

«Көп ұзамай сауығып, Польшадан Новосибирскіге бардық. Сонда бізді Жапонияға апармақшы болды. Бірақ мен барған жоқпын. Кейін Томскіде тұтқынға түскендерді қарауылдадық. Қысқасы, 1953 жылға дейін сонда жүрдік. Уақыт келе елге оралдық. Тұп-тура 21 жыл орыстың арасында жүрген соң, қазақ тілін ұмытып қалыппын. Баяғы Төрткөл көшесіне тіке тарттым. Әже­міз­дің қыздарымен қауыштым. Бәрінің қазақшасы жақсы. Сөздерін түсіндім, әрине. Алайда тіс жарып жауап қайтара алмадым. Күндердің бір күнінде сол кез­дегі Ленин атындағы саябақтың ірге­сінде суретшілердің шеберханасы барын естіп, бардым. Шеберханадан әлі командиріміз Николай Ковалев шығып келеді. Иә, өзі. Ол мені қасына алып жүріп, бейнелеу өнеріне баулыды. Кейін біз де тәп-тәуір сурет сала бастадық. Бір сөзбен айқанда, Ковалев ұстазым болды әрі әкемдей қамқорлық көрсетті», деп толғанады майдангер.

Расында, Махмұт Бесімбаевтың өмірі шағын әңгімеге бергісіз. Бұл оқиғаның шарықтау шегі – 1943 жылы жолдары үзілген командир Н.Ковалев пен Бесімбаевтың Жамбылда қауышатын шағы. М.Бесімбаев Н.Ковалевтың кейінгі ғұмырында қасында болған. Кейіпкеріміз соғыстан келген жылы жары Толған Сәтбаевамен шаңырақ көтереді. Бес ұл, бір қыз сүйеді. Майдангер ІІ дәрежелі «Отан соғысы» орденімен, «Ерлігі үшін», «Германияны жеңгені үшін» медальдарымен марапатталған. Соғыстан кейін еңбектен алыстамай, шаруашылыққа да араласқан.