• RUB:
    5.18
  • USD:
    515.25
  • EUR:
    535.91
Басты сайтқа өту
Саясат 18 Мамыр, 2024

Екіжақты тиімді жобаларды іске асырады

128 рет
көрсетілді

Астанада Үкімет басшысы Олжас Бектенов пен Малайзия Премьер-министрі Ануар Ибрагим екі елдің бизнес-қоғамдастықтары мен ғылыми топтары өкілдерінің қатысуымен Қазақстан-Малайзия инвестициялық дөңгелек үстелін өткізді.

Экономиканың басым салаларындағы ынтымақтастықты арттыру келешегі талқыланды.

Олжас Бектенов Малайзия еліміздің Оңтүстік-Шығыс Азиядағы негізгі сауда-экономикалық әріптестердің бірі екенін атап өтті. Бір жыл ішінде екіжақты тауар айналымы $150 млн-нан шамамен $245 млн-ға дейін өсті. Мақсат – экономикалардың қолда бар әлеуетін ашу және екіжақты сауда көрсеткішін пандемияға дейінгі $650 млн-нан асыру.

«Біздің мемлекеттеріміздің арасындағы тығыз саяси диалог өзара серіктестіктің берік негізін қалайды. Еліміздің Президенті Қасым-Жомарт Тоқаев пен Сіздің кездесуіңіз екіжақты қарым-қатынастардың дамуындағы маңызды тарихи кезең болды. Қазақстан Үкіметі жоғары деңгейде қабылданған барлық уағдаластықты іске асыруға дайын екенін білдіреді», деп атап өтті О.Бектенов.

Үкімет басшысы Қазақстанның Малай­зияға экспортты әртараптандыру ниеті туралы мәлімдеп, малайзиялық кәсіпкерлерді қызмет көрсету, өңдеу өнеркәсібі, қаржы, білім беру, жер қойнауын пайдалану, ауыл шаруашылығы және құрылыс сала­ларын­дағы серіктестігін нығайтудың жаңа мүм­кіндіктерін бірлесіп зерделеуге шақыр­ды. Бүгінде Қазақстанда малайзиялық капитал­дың қатысуымен 48 компания жұмыс істейді. Жалпы сомасы $410 млн-нан астам 17 бірлес­кен инвестициялық жоба іске асырылып келеді.

Өз кезегінде Малайзия Премьер-министрі Ануар Ибрагим мемлекетаралық іс-қимылдың оң динамикасын атап өтті. Кейінгі жылдары екі ел арасындағы тауар айналымының өсімі 30%-дан асты. Малайзия Қазақстанмен туризм, білім беру, энергетика салаларында, сондай-ақ отандық халал өнімдерді жеткізу саласында ынтымақ­тас­тықты нығайтуға ниетті. Бұдан басқа, әлеуеті басым бағыттар бойынша бірлескен жобалар санын көбейту қажеттігі атап өтілді.

Дөңгелек үстелге қатысушыларға Қазақстанда еліміздің инвестициялық тартым­­ды­лығын арттыру жөніндегі жүйелі шаралардың іске асырылуы туралы айтылды. Инвесторларға салық және кедендік жеңілдіктер беріледі, консалтингтік және инфрақұрылымдық қолдау көрсетіліп келеді.

Дөңгелек үстел аясында еліміздің және малайзиялық бизнес өкілдері нақты келіс­сөздер жүргізді. Малайзия Парла­ментінің сенаторы, Ұлттық кәсіпкерлер және индустрия палатасының (NCCIM) президенті Лоу Киан Чуан Қазақстан Малайзияның Орталық Азия аймағындағы маңызды әрі ең үлкен стратегиялық серіктесі екенін атап өтті.

Дөңгелек үстел алаңында инвести­ция­лық байланыстарды тереңдету және жаңа нарықтарды бірлесіп игеру туралы уағда­ластыққа қол жеткізілді және жалпы со­масы $350 млн-нан асатын келісімдер мен мемо­ран­думдарға қол қойылды. Ислам қаржы­сын және сауданы дамыту, сондай-ақ азық-тү­лік өнеркәсібі, тау-кен салаларына инвес­тиция­­лар тарту, алтын өңдеу және трансформа­тор мен авто­мобиль майын бірлесіп өндіру са­­ла­­ларында ынтымақтастық орнату жоспарланған.

Уағдаластықтарды жүзеге асыру екі елдің табысты ынтымақтастығын кеңейту жолындағы маңызды қадам болмақ.