• RUB:
    5.06
  • USD:
    522.49
  • EUR:
    547.88
Басты сайтқа өту
Білім 21 Мамыр, 2024

Озат өрендер олжасы

101 рет
көрсетілді

Еліміздің оқушылары кейінгі кезде халықаралық додаларда дараланып, елге жиі олжалы оралып жүр. Бұл басқа да балалардың қызығушылығын оятып, білім бәйгелеріне қатысуға шабыттандыратыны сөзсіз.

Шетелдік университеттің грантын иеленді

Тақырып төңірегіндегі сүйін­ші жаңа­лықтың соңғысы – отан­дық оқушы­лардың Regeneron ISEF халықаралық ғылыми-инженерлік көрмеде беделді марапаттарға ие бол­ғаны туралы ақпарат. 11-17 мамыр аралығында Лос-Анджелесте оқушы­ларға арналған дүниежүзілік ғылыми-инженерлік Regeneron ISEF 2024 байқауы өткен еді.

Оқу-ағарту министрлігінің хабарла­уынша, еліміздің үш оқушысы беделді марапаттарға ие болып, 100% нәтижеге қол жеткізді. Жобадағы жетістіктері үшін Әбілмансұр Рахме­туллаев, Саяжан Жақ­сығалиева және Әлихан Жарболов түрлі санат бойынша үздік деп танылып, жобадағы еңбегін бағалау дип­ломдарын иеленді. Сондай-ақ дарынды жас ғалымдар Король Абдулазиз және оның серіктестері қоры атынан «Маухиба» арнайы сыйлықтарын олжалады. Оларға Сауд Арабиясындағы беделді мемлекеттік Король Фахд мұнай және минералдар университетінде оқу үшін толық қаржыландырылған білім гранттары табыс­талды. Арнайы сыйлық қатысушыларға қаржылық мәселелерге алаңдамай, оқуын жалғастыруға жағдай жасайды. Бұл олардың академиялық және ғылыми жұмыстарға назар аударуына мүмкіндік береді.

Айта кету керек, Regeneron ISEF – 70-тен­ аса елден 2000-ға жуық қатысушының ба­сын қосып, оларға өздерінің инно­ва­ция­лық әзірлемелерін көрсетуге, дүние­­жүзіндегі әріптестерімен тәжірибе алма­су­ға мүмкіндік беретін ауқымды байқау.

 

Ел қоржынына 9 медаль салды

Жақында химия пәнінен оқушыларға арналған 58-Халықаралық Менделеев олим­пиадасының қорытындысы шықты. Шэньчжэнь қаласында (Қытай) өткен жарысқа 29 елден 200-ден аса оқушы қатысып, өзара 15 алтын, 30 күміс, 45 қола жүлдені таласқа салды. Қазақстан құрама командасы 1 алтын, 2 күміс және 6 қола, барлығы 9 медаль жеңіп алды.

Тарқатып айтқанда, Павлодар қала­сын­дағы №8 дарынды балаларға арналған ли­цейдің оқушысы Ринат Илюсизов ха­лық­­­аралық білім бәйгесінен ел қор­жы­­нына алтын медаль салды. Ақтау қа­ла­сы­­ның «Білім-инновация» лицей-интер­на­­­тынан Әділжан Молдағұл мен Астана қа­­л­а­сының физика-математика ба­ғы­тын­­­дағы Назарбаев зияткерлік мекте­бі­нен Кирилл Ким күміс медаль иеленсе, Астана қаласының физика-математика ба­ғы­тындағы Назарбаев зияткерлік мекте­бінен Абылай Қабдулхадыр, Hailey­bury Almaty халықаралық мекте­бінен Али­хан Серік­ұлы, Алматы қала­сының химия-биология бағытындағы Назарбаев зият­керлік мекте­бінен Еңлік Бақыт­бекова, Павлодар қала­сының химия-биология бағытын­дағы Назарбаев зияткерлік мекте­бі­нен Тамила Рахим­баева, Қарағанды қала­сының м№1 «Білім-инновация» мектеп-интер­натынан Санжар Қалиақбар, Ақтау қала­сының «Білім-инновация» мектеп-интер­натынан Әліби Мұғалім қола медаль олжалады.

 

Мықтылардың қатарына қосылды

Еліміздің оқушылары Бал­қан түбе­гіндегі ең мықты жас матема­тиктердің үш­тігіне кірді. Осы айдың басында Бол­га­рияның Варна қаласында математикадан 41-Балқан олимпиадасы (BMO) аяқталған еді. Оған 22 елден 130-дан аса оқушы қатысты. Білім додасында біздің оқушыларымыз жалпыкомандалық үшінші орынды жеңіп алды. Ұлттық құрама қоржынында 1 алтын, 2 күміс және 3 қола бар.

Аталған халықаралық білім бәй­ге­сін­де ел намысын Қостанай қаласындағы «Білім-инновация» мектеп-лицейінің 10-сынып оқушысы Жан Даутов, Алматы қаласындағы РФММ 10-сынып оқушысы Әмірлан Аманжолов, Алматы қаласындағы Haileybury Almaty халықаралық мектебінің 12-сынып оқушысы Мирон Юркевич, Тараз қаласындағы «Білім-инновация» мектеп-лицейінің 10-сынып оқушысы Марғұлан Шарел, Алматы қаласындағы РФММ 10-сынып оқушысы Тимур Мұрат, Алматы қаласындағы РФММ 10-сынып оқушысы Әмір Сахиповтан құралған құрама қорғады. Оларға KBTU-дің акаде­миялық сұрақтар жөніндегі проректоры, PhD, профессор Асылбек Исахов пен математикадан рес­публикалық, халықаралық олимпиа­да­лардың жүл­дегері Қанат Сатыл­ханов жетекшілік етті.

Енді математикадан 41-Балқан олимпиадасына қатысқан осы Қазақстан құрама командасы биылғы 11-24 шілде аралығында Ұлы­британияда өтетін математикадан халықаралық олимпиадаға (IMO) да барады.

 

Бірінші орынды иеленді

Өткен аптада озат оқушы­ларымыздың Қытайдың Шанхай қаласында 18-19 мамыр­да өтетін роботтехника бо­йынша «First Tech Challenge China» халықаралық чемпио­натына аттанғаны туралы жазған едік. Осы материал­ды жазып жатқанда, аталған чемпио­наттың нәтижесі шыққаны жөнінде хабар алдық.

«First Tech Challenge China» халық­аралық чемпионатына Қытай, Жапония және Қазақстаннан жиналған 50 команда қатысып, 600-ден аса қатысушы бақ сынады. Абай облысының жаңадан құрылған «Tengri» құрама командасы Robot game аталымы бо­йынша ІІ орын алса, Motivate award аталымында үздік команда ретінде І орын иеленді. Жалпыкомандалық есепте үш елдің арасында ІІ орын алды. Команда құрамы Шәкәрім атындағы көпбейінді №5 гимназиясының оқушылары: Темірлан Абылхан, Радмир Жеңісбек, Осман Қуанышбеков, Балжан Найманғазина, Дос­жан Сабит, Нұртөре Мақсатұлы, Нұркен Төлеубек, Алан Ермек­баев. Команда жетек­ші­сі – аталған мектептің робот­техника пәнінің мұғалімі Айдос Тұрсын­беков.

Ойын барысында аталған отан­дық команда автономдық режімде роботтарды жарыстырып, робот бақылау ойнында пиксель жинады. Соңғы 30 секунд ішінде робот дрон ұшырып, турникке тартылды. 

 

P.S. Еске сала кетейік, 7 (IMO – математика, IphO – физика, IchO – химия, IBO – биология, IgеO – география, IOI – информатика және IOL – лингвистика) беделді пән олимпиадасының жүлдегерлеріне (алтын медаль үшін 1 500 АЕК – 5 млн 538 мың теңге, күміс медальға 1 000 АЕК – 3 млн 692 мың теңге, қола медальға 500 АЕК – 1 млн 846 мың теңге көлемінде) бір реттік ақшалай сыйақы беріледі. Осыған қоса олар ҰБТ тапсырмай-ақ отандық жоғары оқу орнында тегін білім алу мүмкіндігіне де ие болады.