• RUB:
    4.91
  • USD:
    494.87
  • EUR:
    520.65
Басты сайтқа өту
Сауда 21 Мамыр, 2024

Қойма көп, қоятын орын жоқ...

146 рет
көрсетілді

Тасымал нарығындағы ойыншылар қойма тапшылығын қатты сезініп жатыр. «NF Group» зерттеуі бойынша қазір еліміздегі А және В класындағы қойма көлемі – 1,3 млн шаршы метр. Бүкіл қоймадағы бос орын үлесі небәрі 1 пайыз ғана. 1,3 млн шаршы метрдің 51 пайызы – А, 48 пайызы В класына тиесілі екен. Қоймалардың 72 пайызы – Алматы, 22 пайызы – Астана қаласында және 5 пайызы өзге өңірлерде орналасқан. Алдағы жылдарда ахуал тіпті күрделенбек. ПЭК (логистикалық қызметтердің мультисервистік операторы) шолуына мән берсек, алдағы екі жылда қоймаға деген сұраныс қолданысқа беріліп жатқан көлемнен 7 есе асып түсіп, 700 мың шаршы метрді құрауы мүмкін.

Тапшылық – сұраныстың «туған ағасы»

«Focus Logistics» бас директорының орынбасары Әсет Құлысбаевтың айтуын­ша, қазір маркетплейс, азық-түлік ретейлі, дистрибьютор және ло­гис­­­ти­калық операторлар тарапынан жаңа алаңқайларға деген сұраныс күшті.

«Елдегі көптеген қойма 10-12 жыл бұрын салынған. Сол уақыттан бері жаңа ауқымды алаңдар тұрғызылмады. Тауарлардың басым бөлігі әлі күнге қоймаға айналдырылған кеңестік ғи­ма­раттарда сақталады. Алдағы екі жылда «Focus Logistics» девелопері Ал­­­ма­­тыда 120 мың шаршы шақырым жаңа қойманы пайдалануға беруді жос­парлап отыр. Әсіресе осы Алматы агломерация­сында тұтынудың жоғары деңгейі байқалады – сырттан келгендерді есепке алғанда 2,8 млн адам тұрады. Шаһардағы жетіспеушілік көлемі – 300 мың ­шар­шы шақырым», дейді.

«IBC Real Estate» консалтинг компаниясы аналитиктерінің дерегі бо­йынша, 2023 жылы 70 мың шаршы метр жаңа қойма салынған.

«2023 жылдың басында инфляция­ның күрт өсуі құрылыс қарқынын баяу­­латып тастады. Бірақ 2024 жылдың басында ақша-несие саясатының жұмсаруымен жобалар көлемі де артты. Қойма нысандарына деген үлкен сұраныстың қасында бос алаңдардың үлесі бірнеше жыл бойы өте төмен деңгейде тұр. Жаңа қоймалар құрылыс жүріп жатқан кездің өзінде-ақ жалға алынады. Ұсыныстың аз болуына несие­леу құнының жоғары болуы да әсер етеді. Бұл үрдіс өз кезегінде аренда мөлшерлемесінің өсімін ынталандырады. 2021 жылмен салыстырғанда аренда құны 2 есе өсті», деп мәлімдеді компания аналитиктері.

2021 жылы қойманы жалға алудың құны шаршы метріне бір айға 3100-3300 теңге болса, 2022 жылы – 4000-4500 теңге, 2023 жылы – 4500-5000 теңге, ал 2024 жылы наурызда 5500-5800 теңге болған. Жыл соңында көр­сет­кіш 5800-6000 теңгеге жетеді деп болжанып отыр. Сонда аумағы 1000 шаршы метр болатын алаңды жалға алудың бір айлық бағасы (шаршы метрі 5500 теңге жағдайында) 5 500 000 теңге болса, жылдық ақысы – 66 000 000 теңге.

Қымбатшылық туралы пікірді логистика саласының сарапшысы Тимур Оспанов та қуаттайды.

«Орталық Азиядағы қойма нары­ғы жабық клуб секілді, себебі онда кіру құны тым қымбат. Шетелде қойма нарығы кластарға бөлінбейді. Әріп­тестерімнің айтуынша, мұндай бөлі­ніс­ті ТМД нарығы үшін ойлап тапқан. Өйткені кеңестік мұраның арқасында бізде одақ ыдырағаннан кейін та­уар сақтау үшін пайдаланылған көп­те­ген өнеркәсіптік жылжымайтын мүлік болды. Олар сапалы заманауи қойма стандарттарына сәйкес кел­меді, сондықтан жіктеле бастады. Ал сұра­­нысқа келсек, ол өте жоғары. 2020 жыл­дан кейін қатты арта бастады. Бұл бірін­ші кезекте ресейлік компаниялар рело­кациясымен байланысты», деді сарапшы «CREW Warehouse-2023» конференциясында.

Алаңның тапшылығы мен бағасына алаңдаған компаниялар қойма логис­тикасын сервистік провайдерлерге тапсыруға көшкен. Кросс-докингті, қайта орауды және таңбалауды қоса алғанда, жауапты сақтауға сұраныс бірінші жартыжылдықта 60-75%-ға (елдің өңіріне байланысты) өскен. Тұрақ­ты сұранысты бірінші кезекте ха­лықаралық компаниялар қалып­тас­­тырып жатыр, олардың едәуір бө­лігі қойма логистикасын аут­сор­­сингке береді. «Логистиканың үшін­ші буыны» атанған 3PL-қызмет ая­сын­­да қызметтің кешенді нұсқасы ұсынылады – провайдер тауарды сақтау, тасымалдау, қаптау, таңбалау сияқты міндеттердің барлығын өз мой­нына алады. Тапсырыс беруші компания қойма іздеп бас ауыртпайды. Логистикалық операторлардың дерегінше, e-commerce ойыншылары арасында дәл қазір фулфилментке (ло­гистикалық кешенді қызмет) деген сұра­ныс артып келеді.

 

Нарықта кімнің бәсі жоғары?

Отан­дық нарыққа шетелдік (әсі­ресе ресейлік) логистикалық опера­тор­лар жаппай орнығып жатыр. ПЭК былтыр маусымда Алматыда кешенді логистикаға көлемі 3 мың шаршы метр­­ден астам қойма ашты. «Major» 2025 жылдың соңына дейін қалада 5 мың шаршы метрлік жаңа хаб салуды жос­парлап отыр. «Spark» Алматыдағы алаңын 14 мың шаршы метрге ұлғайтты, алдағы жылдарда 18 қаладан қойма ашу­­ды көздейді.

«ILP Group» Алматыда 23 мың шаршы метр болатын, «AIE Logistics» Астанада 20 мың шаршы метр болатын қойма салуда. «Focus Logistics» 2025 жылы жалпы аумағы 500 мың шаршы метр болатын ең ірі сауда-логистикалық орталығын пайдалануға бермек. Жобада қоймамен қатар аумағы 100 мың шаршы метрлік light industrial (заманауи өндірістік-қойма нысандары) құрылысы және жыл сайынғы өткізу қабілеті 100 мың ЖФЭ болатын контейнерлік терминал құрылысы қарастырылған.

Елдегі қойма нысандарының негізгі резиденттері ретінде бірнеше компания­ны айта аламыз:

«DNS», «LC Waikiki», «Small», «Mango», «Inditex», «Metro», «Koton», «LPP», «OBI», «Nike», «Galmart», «Magnum», «Детский мир», «Спорт­мас­тер», «Золотое яблоко», «Reebook», «Leroy Merlin» сияқты көп каналды ритейл­­дер; «Kaspi», «Sulpak», «Alser», «Clovo», «Wildberries», «Jmart», «Mechta.kz», «Technodom», «Ozon», «Halyk Market», «Lamoda», «AliExpress», «Shop.kz», «Carefood» секілді онлайн ритейлдер; «CDEK», «DPD», «Jet Logistic», «TMSlog», «Boxberry», «DHL», «Atasu» секілді логистер; «Прима», «Akniet», «STN», «RPV Trade», «Viled», «Al-Style» секілді дистрибью­­­торлар отандық қойма нары­­ғы­ның басты тұтынушылары саналады.

Жалпы, логистика-қоймалау нары­ғын­да маркетплейстердің бәсі артып келе жатқаны белгілі. Дәл қазір отандық нарықта жергілікті ритейлер – «Kaspi.kz»-тің үлесі басым. Сервистің былтырғы тауар айналымы 2022 жылмен салыстырғанда 45 пайызға артып, 9,2 млрд долларға жеткен. Дегенмен жақын перспективада «Kaspi.kz»-пен бәсекелесуге ниетті қос ресейлік маркетплейс бар, олар – «Wildberries» және «Ozon». «Wildberries»-тің еліміздің 6  қаласында  9  қойма нысаны бар. Жиынтық көлемі – 111,8 мың шаршы шақырым. 150 мың шаршы шақырым болатын қойма Астана қаласында жобаланып жатыр. «Ozon»-ның Астана мен Алматыда екі нүктесі жұмыс істейді, жиынтық кө­лемі – 42,5 мың шаршы метр. Алма­тыда көлемі 42 мың шаршы метр болатын алып қойма салынып жатыр.

Сарапшылардың айтуынша, елдегі қойма нарығы әлі даму кезеңінде. Нарыққа кімнің үстемдік жүргізері, яғни басым үлесті өз логистикасын қалыптастыратын онлайн-ритейлдер («Wildberries» сияқты) иелене ме, әлде нарықтағы ірі ойыншылардың барлық логис­­­тикалық үдерісін үйлестіруге бейім логистикалық компаниялар («Kaspi.kz» сияқты) алға шыға ма, ол жа­­­қын жылдарда шешілмек.

Бір ақиқат бар, электронды коммерция елдегі қойма нарығын дамытуда ең басты қозғаушы күш болып отыр. Бұған пандемия, геосаяси жағдай, жеткізу тізбегі маршрутының өзгеруі, елдегі бос кеңістік секілді факторлар үлес қосты.

«Қала агломерациясы, уақыт тап­шы­лығы, қолма-қол емес төлемнің бе­лең алуы бөлшек электронды коммер­ция нарығы өсімінің драйвері болды. Халықтың басым бөлігі тауарды онлайн сатып алуға әдеттене бастады. Бұған 2023 жылдың бірінші жартысында орташа чектің төмендеуі (-4%), транзакция санының артуы (+87%) дәлел бола алады. Кейінгі бес жылда e-com саласының орташа жыл­дық мән­дегі өсімі 62-63 па­йызды құра­ды. Былтыр нарық көлемі 1,8 трлн теңгеден асты. Бұл 2022 жылдан 33 пайызға жоғары және елдегі бөлшек сауданың 12 пайызына жуықтайды», дейді «Focus Logistics Қазақстан» бас директоры Диас Ғалиев.

 

Аймақтар әлеуетін теңдестіру маңызды

Мамандар еліміздің транзиттік әлеуетін жоғары бағалайды. Әрине, өсіп келе жатқан геосаяси қысым және мемлекеттің транзиттік әлеуетке айрықша көңіл бөлуі аясында олай бағаламасқа шарасы да жоқ.

«Транспорттық байланыстардың дамуы және логистиканың күш ала бастауы – мемлекеттің басты басым­дық­тарының бірі. Қазір Қазақстанның жаһандық логистикалық тізбекпен ин­теграциясы белсенді жүріп жатыр. Трансқұрлықтық маршруттарға жаңа транзиттік жүк ағынын тарту транзиттік жүк тасымалының өсіміне әсер етті. Транзиттік жүк тасымалы кейінгі 6 жылда 1,5 есе – жылына 16,0-ден 23,2 млн тоннаға дейін өсті. Өсім негізінен «ҚХР – ЕО – ҚХР», «ҚХР – ОА – ҚХР», «Ресей – ОА – Ресей» және Транскаспий халық­ара­лық көлік дәлізі бағытындағы тран­зиттің ұлғаюымен мүмкін болды. Жалпы, тасымал көлемінің 94 па­йыздан астамын құрайтын ішкі және экспорттық-импорттық тасымалдар да үлкен маңыз­ға ие. Осы орайда транспорт және қоймалау бағыты қарқынды дамыды. 2023 жылы бұл бағыттың өсімі 7,1 пайыз (2022 жылмен салыстырғанда) болды. Оның ішкі жалпы өнімдегі үлесі 5,3 пайызға жетті. Кейінгі жылдары экономикада осындай салалардың оң динамикасы байқалады», дейді «Эко­но­микалық зерттеулер институты» АҚ өңірлік зерттеулер орталығының директоры Ерлан Кәрімов.

«NF Group» консалтинг компа­ниясының «Орталық Азия, Кавказ, Беларусь Республикасындағы сапалы қойма нарығы» аналитикалық есебінің дерегіне сәйкес, еліміз  қоймамен қамту көрсеткіші бойынша Орталық Азияда лидер. Бізде қойманың жалпы көлемі 1,3 млн шаршы метр болса, Өзбекстанда бұл көрсеткіш – 221 мың шаршы метр, Қырғызстанда – 46 мың шаршы метр, Тәжікстанда – 10 мың шаршы метр.

«Алайда Қазақстанда бос қой­ма­лар­дың қалмауы коммерциялық жалға алу шартына теріс әсер етіп отыр. Жалға алу мөлшерлемесі – мен­шік иесінің портфеліне, ны­сан­ның географиялық орналасуы­на, әлеуетті жалға алушының сенімділігі мен про­фи­ліне байланысты. А класындағы қой­ма­лардың айлық шаршы метр құны – 4000-4500 теңге төңірегінде. «Krisha.kz» интернет-ресурсының талдауынша, елде алаңы 1000 шаршы метрден асатын 300-ден астам қойма нысаны бар. Соның 64 нысаны Алматыда. Қалада Орталық Азиядағы ең ірі А кла­сын­дағы мұздатқыш қоймалары бар бірегей логистикалық операторлар бар, олардың қызметтері барлық ниет біл­діру­шілер үшін қолжетімді», дейді орталық басшысы.

Сарапшының айтуынша, сыртқы саудадағы өңірлер позициясы біркелкі емес. Негізгі экспорттаушы өңір Аты­рау (экспорттың 34 пайызы тиесілі) болса, ірі импорттаушы өңір – Алматы (импорттың 40 пайызы тиесілі). Өзге өңірлер үлесі шамалас және 10 пайыздан аса қоймайды. Мұндайда қойма тапшылығы Алматыда қатты сезіледі, соған қарамастан өзге аймақтардағы логистиканың дамуына да ерекше мән берілуі керек дейді.

Оның пікірінше, жер телімін бөлу және тиісті инфрақұрылым жүргізу есебінен қойма көлемін көбейтуге болады.

«Дамып келе жатқан нарықта ірі жергілікті бөлшек ритейлдер бірін­ші болып жоғары сапалы қойма кеңіс­ті­гіне сұраныс жасай бастайды. А клас­ты қоймаларға сұранысты жоғары сапалы логистикалық жүйе­лер­ді қажет ететін халықаралық бренд­тер қа­лып­тастырады. Респуб­ли­калық маңызы бар қалаларда негізгі логис­ти­­калық орталықтар құрыл­ға­нын ес­ке­ре отырып, кәсіп­керлерге жер телім­дерін бөліп, қажетті инфра­құ­ры­лыммен қамтамасыз ету арқылы өзге өңір­лер­де бизнесті дамытуға ынта­­­лан­дыру жұмыстарын жүргізген жөн. Атап айтқанда, жергілікті әуежай, темір­жол, автомобиль жолының әле­уе­тін пайдалану, сондай-ақ жоғары сапалы инженерлік инфрақұрылым қыз­мет­те­рін көрсету керек», дейді.

Диас Ғалиев Қазақстандағы логис­тиканы теміржолдан бөліп қарай алмаймыз, өйткені жеткізу үшін қа­шық­тық өте үлкен деген ой айтады.

«Сол себепті қойма инфрақұры­лы­мын теміржол және автожол нүк­те­леріне жақын жерге орналастыру өте маңызды. Тіпті Ресей аумағында автомобиль транспортымен жұмыс істейтін классикалық мар­кет­плейс­­тер­дің өзі елімізде темір­жол логистика­сына өтуге назар аудара бастады», дейді сарапшы.

«Қазпошта» басқарма төрағасы Әсел Жанасованың айтуынша, дәл қазір қой­­ма­ға инвестиция құюдың маңызы зор.

«Канадада 648 мультимодальды қой­­ма бар екен, ал «Қазпоштада» үшеу ғана. Клиентке жақын болу үшін бізге тезірек қоймалар салу керек. Биыл Ақтөбе, Алматы, Астана қала­ларында, Түркістан, Алматы, Солтүстік Қазақстан облыстарында қойма құрылыстары бас­талды. Соның ар­қасында аталған өңір тұрғындары тапсырыс берген тауарларын 7 емес, 2 күн ішінде алатын болады», дейді ол.