Ұрпағына ұмытылмастай ұлы мұралар қалдырған ұлттың ұпайы қашанда түгел. Бұл жағынан қазақ халқы ешкімнен кем емес. Ал сол тамырлы тарихпен тілдесіп, көне құндылықтардан рухани қуат алып, таным кеңейтуге пейілді болсаңыз, әлбетте музейге бас сұққаныңыз ләзім. Себебі музей – тарихпен тілдесу мүйісі.
Тағылымды мекен төрінен орын алған шежіре тұнған жәдігерлер галереясы тарих тарамдарын көне заманнан бүгінге дейін шебер тарқатады. Ал музейге жай күні емес, түнде барудың қызығы өз алдына.
Жалпы, «Музей түні» акциясының пайда болуына 1993 жылы жарық көрген «Музей түні» фильмінің әсері мол. Музейдегі экспонаттардың бәріне жан біткен түндегі қызық оқиғаларға толы айтулы туындыдан кейін қалың көрермен музейді түнде көруге ықылас танытқан. Нәтижесінде, 1997 жылы Германия астанасында тұңғыш рет «Музей түні» акциясы ұйымдастырылып, Берлиндегі 18 музей қала тұрғындарын түнде қарсы алуға алғашқы қадам жасап көреді. Шараға 30 мыңнан аса адам келген. Екінші рет өткізілген кезде келушілердің саны 50 мыңға дейін жетіп, рекорд орнатылған. Сөйтіп, бұл акция әлем елдеріне таралып, танымал бола түсті. Ал 2005 жылы француздар аталған акцияны жыл сайын өткізіп тұруға ұсыныс білдірген. Еуропа кеңесі ұсынысты қабылдаған соң «Музей түні» әлемнің 38 еліндегі 2 мыңнан аса музейде өткізілген. Ол елдердің қатарында Қазақстан да бар. Акция бірінші рет еліміздің Орталық музейінде ұйымдастырылған. Содан бастап жыл сайын өткізілуі дәстүрге айналған әдемі үрдіс биыл да төл тарихын танып, әлемдік жауһар мұралармен танысқысы келген көрушісіне есігін айқара ашты.
Ұлттық музейде Халықаралық музейлер күніне орай «Музей түні» акциясы шеңберінде өткен «Музей – құндылықтар мекені» атты іс-шаралар кешені танымдық қана емес, мазмұндық мәнімен де тәнті етті. Рухани-мәдени құндылықтарды, халқымыздың тарихын, мәдениетін бір кеңістікке біріктіре отырып, әртүрлі жанр мен стильдегі өнер туындыларын ұсыну, музей қызметін, ондағы экспонаттар мен жәдігерлерді кеңінен насихаттауды мақсат еткен айтулы шара қызықты бағдарламасымен бірден баурап алды.
Биылғы акцияның басты ерекшелігі – қонақтар тарихи-мәдени мұра үлгілерін сырттан көріп қана қоймай, шеберлік сабақтарына белсене қатысты. Музей реставраторлары мен қор сақтаушылары келушілерге қолөнер бұйымдарын жасауды үйретсе, Бейнелеу өнері залдарында оқушылар мен студенттер отандық қылқалам шеберлерінің жауҺарларын кенепке түсіріп, шеберліктерін шыңдады.
Музей төріне қойылған кешенді көрмелердің ішінде отандық және шетелдік қылқалам шеберлерінің шығармашылығын біріктірген «Дәстүрлер өнері» концептуалды көрмесі, суретші Рафаэль Слекеновтің жеке көрмесі, тарихи карталар көрмесі мен Ұлттық музей қорларынан «Дала кескіндемесі: Рәміздер. Бояулар. Бейнелер» атты экспозицияны айрықша атап өтуге болады.
Суретшілер одағының мүшесі Рафаэль Слекеновтің «Тәңір нұры» атты жеке көрмесі тереңдігімен көңіл тербеп, көркемдігімен көз тартты. Адамның жан тазалығы мен қарапайымдылығының сұлулығын, қоршаған әлемнің сырларын көрсетудегі шығармашылық идеясының лирикалық-романтикалық, оптимистік ой формаларын қалың жұртшылыққа кеңінен таныстыруды мақсат тұтқан қылқалам шеберінің идеясы осы көрмеде толығымен жүзеге асты десек, артық айтпағанымыз.
Суретші шығармашылығының ретроспективасын ұсынатын «Тәңір нұры» көрмесіне суретшінің 80 туындысы қойылған. Көрмені тамашалау барысында Музей қонақтары автордың ерекше ертегі іспеттес әлеміне саяхат жасауға мүмкіндік алды. Өнертанушы, тарих ғылымдарының докторы Шайзада Тохтабаева: «Мен Рафаэльдің шығармаларын алғаш көргенімде оларға бірден тәнті болдым. Рафаэль керемет шығармашылық энергияға ие. Оның туындылары таңғажайып бейнелер мен идеяларға толы. Оның әр жұмысы – шығармашылық шабыттың көрінісі» десе, автордың өзі: «Өнерді адамзат басына берген бақыт деп білемін. Бұл бақыттың бәрімізге ортақ болғанын қалаймын. Мен сіздермен өз бақытыммен бөліскім келді, соны қабыл етсеңіздер деймін», деп ағынан ақтарылды.
«Музей түніне» сән берген «Қоңыр үн» танымдық кеші де келген қонағын бірден баурап алды. Ұлттық музей қорында сақталған халық композиторлары домбыраларының үнін жаңғыртқан тағылымды кешті күйші, Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткері, Қазақ ұлттық өнер университетінің ұстазы Жанғали Жүзбаев жүргізді. Шара аясында елордамыздағы Ұлттық музей қорында сақталған, атақты күйші, Қазақстанның халық әртісі Дина Нұрпейісованың, Қазақ ұлттық өнер университетінің ұстазы, Жетісу ән-жыр мектебінің өкілі Кенен Әзірбаевтың, Қаратау күй мектебінің өкілі Генерал Асқаровтың, Арқа күй мектебінің ірі өкілі Мағауия Хамзиннің, Қазақ ұлттық өнер университетінің ұстазы, әнші, Мәдениет Ешекеевтің қолының табы қалған, өзі ұстаған домбырасымен және Арқа домбырасының байырғы үлгісімен, атақты домбыра жасаушы шебер Романенко жасаған домбыралармен «Бұлбұл», «Қайран шешем», «Қоңыр», «Бес төре», «Шалқыма», «Телқоңыр», «Кәрі ақжелең», «Жемсуының тасқыны», «Сарыжайлау», «Ерке сылқым» күйлерін Ардаби Мәулетұлы, Абылғазы Ахмедиев, Қалкен Қасымов, Жанғали Жүзбаев, Еділ Басығараев, Маулет Ағанас Ардабиұлы орындап, Хамзин Мақсат Амантайұлы, Қамытбек Данияр Мырзагелдіұлы «Гигигай», «Мөртай сұлу», «Екі жирен» әндерін әуелете шырқады.
Тағылымды іс-шара әрі қарай Ұлттық музейдің ғылыми жобалар акциясы аясында жарық көрген кітаптардың тұсаукесеріне жалғасты. Атап айтсақ, Б.Габдуллинаның «Қазақ хандығының саяси тарихы 1465-1780 жылдар. Очерктер», А.Кушкумбаев пен Н. Базылханның «Ұлық Ұлыстың (Алтын Орданың) ХІV-ХV ғасырлардағы ресми құжаттары (жарлық, хат, пайза, теңгелер)» монографиясы және Н.Базылхан құрастырған «Қазақстанның Ортағасырлық нумизматикасы» ғылыми каталогінің таныстырылымы өтті. Жиынға мәдениет саласының өкілдері, ғалымдар және кітап авторлары қатысты. Ғалымдар ұлы өзгерістер заманын қамтыған ғылыми кітаптарды еліміздің төл тарихын зерттеуде үлкен мағлұмат алар еңбек деп танып, оларды алдағы уақытта кеңінен насихаттауға қатысты өз ұсыныс-пікірлерін білдірді.
Сонымен қатар Қазақтың дәстүрлі мәдениеті залындағы киіз үйдің маңында балалар тоғызқұмалақ ойнап, «Балдырған гид» және «Жұлдызды гид» жобалары аясында №47 «Ақ желкен», №49 «Алтынай» бала-бақшаларының тәрбиеленушілері мен танымал өнер иелері музей залдары бойынша экскурсия жүргізді. Осылайша, өскелең ұрпақ ұлттық құндылықтарды тану арқылы төл мәдениетіне жақындай түсетіні анық. Құндылықтар мекені музейдің басты миссиясы да осында жатса керек.