Ішкі істер министрлігі Әкімшілік полиция комитетінің төрағасы Қайсар Сұлтанбаев Қазақстанда көлік жүргізу мәдениетін арттыру және жазадан бұлтартпау қағидатын қамтамасыз ету үшін қолданылатын цифрлық шешімдер туралы баяндап берді, деп хабарлайды Egemen.kz.
«Қазіргі таңда жолдарда жол қозғалысы ережелерін бұзу фактілерін тіркейтін 24 мыңға жуық автоматты камералар орнатылған. Олардың көмегімен барлық бұзушылықтардың 50 пайызы тіркеледі. Астана мен Шымкентте бұл көрсеткіш 70 пайызға дейін өсті. Алайда, ұлттық ауқымда олардың саны өте жеткіліксіз. Қазіргі уақытта ішкі істер органдары жол қозғалысын контактісіз бақылауды белсенді түрде қолданып жатыр. Жол қозғалысы ережелерін бұзуды тіркеудің стационарлық автоматты жүйелері жоғары профилактикалық әсерге ие. Бірақ олардың саны елді мекендердің жол желісін толық қамтуға мүмкіндік бермейді, ал ауылдық жолдарда мүлде жоқ», деді Қайсар Сұлтанбаев Орталық коммуникациялар қызметінде өткен брифингте.
Осыған байланысты полицейлер 2019 жылдан бастап орнатылған камералар мен радарлармен жабдықталған патрульдік көліктерді пайдалана бастады. Жүйе маршрут бойынша жол қозғалысы ережелерін бұзуды автоматты түрде тіркеп, Бас прокуратураның орталық серверіне жібереді. Алайда қызметкерлердің бұл ақпаратты жою мүмкіндігі жоқ. Қазіргі уақытта мұндай көліктердің 202 бірлігі бар. Жыл соңына дейін тағы 86 көлікті сатып алу жоспарланып отыр.
«Енді көше камераларынан алынған деректерді талдай отырып, жүйе өзі жақын маңдағы полиция қызметкерінің планшетіне қауіпті жүргізушінің жақын жерде екенін білдіретін хабарлама жібереді. Осылайша, полицейлер жол қозғалысы ережесін өрескел бұзғандарды дереу анықтай алады», деп қосты спикер.
Осылайша, бағдарламаның көмегімен жыл басынан бері жалған нөмір қолданудың 100-ден астам фактісі тіркеліп, 700-ден астам жүргізушінің жүргізуші куәлігінен айырылғаны анықталды. Сондай-ақ 670 көлік нөмірі тәркіленіп, 5 мыңнан астам көлік айып тұрағында тұрғаны белгілі болды.
Қырмызы ЖҰМАҒАЛИҚЫЗЫ,
ЕҰУ студенті