21 мамыр күні көрнекті қоғам қайраткері, түркітанушы, профессор Қойшығара Салғараұлының 85 жылдық мерейтойына арналған халықаралық ғылыми конференция өтті, деп хабарлайды Egemen.kz.
«Дала өркениеті: Тарих, мәдениет, тағылым» деген тақырыппен Л.Н. Гумилев атындағы Еуразия ұлттық университетінде ұйымдастырылған конференция Қазақстан Республикасының Мемлекеттік кеңесшісі Ерлан Қариннің құттықтау хатымен басталды.
«Қойшығара Салғараұлы - ұлт руханиятының өрісін кеңейтуге зор еңбек сіңірген қарымды қаламгер, қоғам қайраткері. Жазушының терең туындылары үшін мемлекеттік сыйлық иеленуі осының айқын дәлелі. Ғалым Қытайдың сан ғасырды қамтитын архивтерінен тарихымызға қатысты тың деректер жинап, құнды ғылыми еңбектер жазды. Түркі халықтарының шығу тегін зерделеп, бауырлас елдердің ынтымақтастығын нығайта түсуге елеулі үлес қосты. Бұның бәрі өскелең ұрпаққа, әсіресе, жас ғалымдар мен қаламгерлерге үлгі екені сөзсіз», делінген құттықтау хатта.
Құттықтау легін «Қазақ газеттері» ЖШС бас директоры Дихан Қамзабекұлы алды. Ол ғалымның 1975-1990 жылдары «Egemen Qazaqstan» газетінде жауапты кезеңде жұмыс істегенін, ел енді түгенделіп жатқанда тарихымызды көркемдеп жазғанын атап өтті.
«1978 жылы Үгедейді тарих бетіне шығарған еді, ол біраз ғалымдардың тарих туралы көзқарасын қалыптастырды. Жастардың мақаласын газет бетінде жариялауға көп күш-жігер жұмсады, соның ішінде өзім де бармын», деген Дихан Қамзабекұлы «Егемендегі» алғашқы мақаласы Қойшығара Салғараұлының арқасында жарияланғанын атап өтті.
ҚР Парламенті мәжілісінің депутаты Қазыбек Иса профессор Қойшығара Салғараұлына «Алаш» медалін табыстады. Сонымен қатар ғалымға Еуразия ұлттық университеті ғылыми кеңесінің шешімімен «Күлтегін» медалі табысталып, «Құрметті профессор» атағы берілді.
Іс-шарада ғалымның «Адамзат өткен ұзақ жол» атты кітабының тұсауы кесілді. Ары қарай Қазақстан Республикасы Президентінің кеңесшісі, ҚР ҰҒА академигі Бауыржан Жұмаханұлы «Қ. Салғараұлы және ұлт тарихы мәселелері» тақырыбында сөз сөйлеп, ғылыми баяндамашылардың көшін бастады.
«Елдік шежіремізді жазуда Қойшығара Салғараұлының еңбегі зор. Зиялылардың еңбектері мен шығармаларын оқып, еліміздің тарихы мен шежіресін түгендеді. Кәсіби журналист Қойшығара Салғараұлы екі жыл Қытайда болып, мол мұра жинап, жемісті жұмыс істеді. Мемлекеттің қадағалауында болып, алпауыт архивтерді аралады. «Қытай мұрағаты - ертегідей, ақ сандықтың ішіндегі көк сандықтай ғажап. Қазақ хандығына бөлек бөлім бар екен», деп өзі айтқан еді. Осы зерттеу барысында үш бағытта жұмыс істеді. Бірінші - ілгеріде аударылған ғылыми еңбектер, екінші - Қытай ғалымдарының көшпенділер жайлы жазғандары, үшінші - белгісіз деректер туралы зерттеді», деді Бауыржан Жұмаханұлы.
Мемлекет және қоғам қайраткері Сауытбек Абдрахманұлы Қойшығара Салғараұлының журналистік қызметі туралы баяндады.
«Профессор маған берген сұхбаттарының бірінде журналистикаға өмірімнің 27 жылын арнадым деген еді. Журналист ретінде көтерген проблемалық мақалаларын атап өту керек. 1975 «Социалды Қазақстан» газетінің мәдениет және өнер бөліміне бардым. Оған дейін бұл бөлімде Қойшығара Салғараұлы да жұмыс істеген екен. Сосын хат бөліміне ауысыпты. Ғалым ретінде туындылар жазуына журналистік қарымы мен жазушылығы әсер етті. Ойды көркемдеп жеткізуі, қарапайым түсіндіре білуі де осыдан. Алаш десе жанып түсетін жүрегі - ел алдында абыройының асқақтауының себебі», деп ізгі тілегін білдірді Сауытбек Абдрахманұлы.
Ғалымның қаламынан туған «Қазақтың қилы тарихы», «Қазақтар», «Ежелгі түріктер», «Шығыстағы түріктер», «Ортағасырлық түріктер», «Қазақ қазақ болғаннан кейін», «Өмірбаян туған күннен басталады» атты еңбектері оқырманды тарих тылсымына жетелеп, ұлттық қорда құнды мұра болып қалары анық.
Ерлан КИІКБАЙ,
ЕҰУ студенті