Құлагер ақынның туған жерінде «Ілияс Жансүгіровтің мұрасы» тақырыбында ғылыми конференция өтті. Игілікті іске ұйытқы болған – облыстық «Тіл» оқу-әдістемелік орталығы. Ақынның жырларына ғалымдар теориялық һәм философиялық талдау жасап, көзқарастарын білдірді. Ақсу топырағында Молықбай қобызының үні естіліп, жерлестері жылы естелігімен бөлісті.
Жансүгіров аулындағы қобызшы Молықбай атындағы Мәдениет үйінде өткен рухани іс-шараға ақынның жиен немересі Жанар Жандосова да келді. Әуелі ел азаматтары ұлының ұрпағына құрмет көрсетіп, иығына орамал жапты. Жиын тізгінін ұстаған облыстық «Тіл» оқу-әдістемелік орталығының директоры Жеңіс Хамитұлы ақынның жырларынан үзінді оқып, елдің рухын бір оятты.
Беташар сөзді Ақсу ауданының әкімі Берік Тынышбаев алып, қаламгер мұрасы туралы сөз қозғады. «Киелі Ақсу ежелден қазақтың маңдайына біткен небір біртуар азаматтарды дүниеге әкелген қасиетті мекен. «Өз ұлын, өз ерлерін ескермесе, Ел тегі қайдан алсын кемеңгерді?» деп жырлаған Ілияс атамыздың 130 жылдық мерейтойы құтты болсын! Ел, жер тарихын ұрпақтар санасына сіңіру, бабалар рухын қастерлеу – біздің парызымыз. Заманның біртуар жазушысы Мұхтар Әуезов: «Қазақтың Абайдан кейінгі заманындағы аса дарынды ақыны Ілияс Жансүгіров, әдетте өзі шалқар шабыт, керемет құштарлықпен көсіле жырлаған Ақан серінің Құлагеріне ұқсайды. Ілияс поэзиясы – ойға қанат, сезімге нәр беретін, ешқашан ескірмейтін мәңгі жас поэзия. Ақын аруағын құрмет тұтқан барша конференцияға қатысушыларға алғыс айтамын», деді Б.Тынышбаев.
Одан кейін облыстық мәдениет, архивтер және құжаттама басқармасының басшысы Қуаныш Сүлейменов сөз алып, Ілиястың 130 жылдығына арналған іс-шаралар мәнді, мағыналы өтіп жатқанын атап өтті. Мұның алдында «Тау тұлғалы Ілияс» атты конференцияның да өз дәрежесінде өткендігіне тоқталды. Деректі фильмдердің түсіріліп жатқанын жеткізді. Сондай-ақ мерейтой аясында Молықбай қобызының жарыққа шыққанын қуанышпен жеткізді.
Одан бөлек Халықаралық «Қазақ тілі» қоғамы» қоғамдық бірлестігі Жетісу облыстық филиалының төрағасы Әміре Әрін: «Ілекең қазақтың жаны, болашағы үшін күрескен. Ол – қазақ тілінің уызын емген азамат. Әдебиеттің барлық саласына қалам тартты. Драматургия, фельетон, аудармамен де айналысты. Поэзияда Құлагерше серпілді», деп қаламгердің жан-жақтылығын ашып көрсетті. Ал Ахмет Байтұрсынұлы атындағы Тіл білімі институтының директоры, филология ғылымдарының кандидаты Анар Фазылжан: «Ілияс – адамзаттық кеңістікке үн қатқан адам. Ол аспектілік жағынан әлі толық зерттелген жоқ. Оны біз зерттеуіміз керек», дей келе «Ауылдың алды» өлеңіне талдау жасады.
«Ауылдың алды айдын көл,
Айдын көлде шағала,
Айдын көлді жағалай
Айнала қонған қалың ел», деген өлең жолдарындағы А дыбысы – артикуляциясы бойынша ауыз қуысының кең ашылуымен жасалатын ашық дыбыс. Бұл дыбыс қазақтілді қауымдастықта әрі Ілияс өлеңдері контексінде арындаған, арқыраған, ақиланған, яғни кедергісіз кең серпінді қозғалыспен ассоциацияланады. Біздің ойымызша, А дыбысы арқылы ақын ауылдың жарқын болашағына деген оқырманның сезімін күшейте түскісі келген», деді ол ақынның өлең жазудағы артықшылығына тоқталып.
Тағылымды басқосуда Шоқан Уәлиханов атындағы Тарих және этнология институты бас директорының орынбасары, тарих ғылымдарының кандидаты Шамек Тілеубаев «Ілияс Жансүгіров және Жетісу өңірі тарихының кейбір мәселелері» атты баяндама жасады.
«Ілияс Жансүгіровті тарихшы ретінде де қарастыруымыз керек. Ол Жетісудың тарихын жазған. Мысалы, Жетісуда болған 1860 жылғы «Ұзынағаш соғысы» туралы, «Жетісу өлкесін орыстың алуы», «Жаркент оязында» атты шығармалар, 1916 жылғы көтеріліске байланысты мақалалар жазып, ел арасынан естелік әңгімелер жинаған. «Ұзынағаш соғысы» орыстардың Жетісуды, Қазақстанның оңтүстік аймағын алудағы маңызды соғыс болған. Бұл соғыс орыстар мен қоқандықтардың арасында болған, оған қоқандықтар жағында қазақтар да, қырғыздар да қатысқан. Бұл шайқаста қоқандықтар жеңіліс тапқан. Жетісудың алғашқы әскери губернаторы болған Г.Колпаковский бастаған орыс әскері жеңіске жеткен. 1910 жылы Жетісудағы патша әкімшілігі осы соғыстағы жеңісінің 50 жылдығын атап өткен», деді тарихшы.
Ғылыми конференциядағы қорытынды сөзді облыс әкімдігінің Әдеп жөніндегі уәкілі Ғабит Тұрсынбай алып, Ілияс Жансүгіровтің ұстаздық жолына тоқталды. Ол ақынның балаларға арналған жыр жинағын көпшілікке таныстырып, ұстаздық жолынан сыр шертті. Тұлғаның 125 жылдығында Мәскеуден тапқан олжасымен бөлісті.
Үш сағатқа созылған жиын аяғында Молықбай қобызының қоңыр үні тыңдалды. Қобызшы Ерлан Манасаров Ықыластың күйі «Ерденді» орындады. Қобыздың сарыны Алаш арысының қоңыр даусын елге жеткізгендей әсер қалдырды.
Жетісу облысы