Сыр өңірінде тұрғындардың экологиялық мәдениетін көтеруді көздеген «Таза Қазақстан» республикалық акциясының әр кезеңі ұтымды ұйымдастырылып, тазалыққа жұмылған жұрттың қатары көп болды. Мемлекет басшысы бастамашы болған акция аясында облыс пен аудан орталықтары ғана емес, ауылдарда да мыңдаған көшет егіліп, күл-қоқыс шығарылды. Бір-біріне жалғасқан сенбіліктер нәтижесінде су айдындары мен өзен-көл жағалаулары тазартылды.
Акция басталған 9 сәуір күні облыс әкімі Нұрлыбек Нәлібаев үндеу жариялап, онда әр үйдің тазалығы тұтас қала мен ауылдың тазалығы екенін айтқан еді. «Таза өлке» атауымен басталған акцияға алғашқы қатарда үн қосқан Сырдария ауданындағы Нағи Ілиясов ауылы болды. Облыстағы «Үлгілі ауыл» байқауының жеңімпазы атанған елді мекен тұрғындарының саны 2 мыңнан асады. Солардың 150-ге жуығы «Таза өлке» апталығын бастап, ауылдағы аллеялар және арықтарды тазартты.
Жалпы, жыл басынан бері ауданда 6 мыңға жуық ағаш отырғызылып, тазалық жұмыстары жүйелі ұйымдастырылып келеді. Тазалыққа арналған «Киелі мекен», «Жасыл аймақ», «Өнегелі ұрпақ», «Мөлдір бұлақ» апталықтарында да облыс халқы ұйымшылдық танытып, ортақ іске үлкен үлес қосты.
Былтырдан бастап облыста «Үлгілі елді мекен» конкурсы тұрақты өткізіліп келеді. Ондағы әр аталым бойынша жеңімпаздарға осы уақытқа дейін 29 арнаулы техника табысталыпты. Бұл өңір жұртының қоршаған орта тазалығын сақтап, айналасын абаттандыруға айрықша мән беретінін байқатса керек.
Акция аясындағы әр апта тындырымды істермен түйінделіп тұрды. «Жасыл аймақ» апталығында әуежайдан облыс орталығына жеткізер күре жол бойындағы «Рәміздер алаңында» тал егілді. Облыс әкімі Н.Нәлібаев пен өңірде сапарда жүрген сенаторлар қатысқан сенбілікте бой көтергеніне көп болмаған алаң аумағы көшеттермен көмкерілді. Осы күні жаңадан шаңырақ көтерген 10 отбасы былтыр ғана ел игілігіне берілген Отбасы орталығы алаңына ағаш көшеттерін отырғызды. Жаңа өмір бастаған жастардың бұл бастамасын жұртшылық жылы қабылдады. Шиелі ауданындағы «Ру-6» мен «Semizbai-U» серіктестіктерінің қызметкерлері мекеме аумағын абаттандырып, 500 түп ағаш екті. Барлық аудан мен ауылда жалғасқан «Жасыл аймақ» апталығы нәтижесінде өңірде 7 мыңнан аса тал отырғызылғаны белгілі болды.
Жалпы, қысы қатал, жазы аптап Сырда тал-дарақ егуге ерекше қарайды. Биыл облыс орталығынан 2 гектарлық жер аршылып, 3 тұқымбақ әзірленіп жатыр. Қызылорда–Астана бағытында салынып жатқан басты жолдың қос қапталына да жасыл белдеу қалыптастырылады.
Тұтас елді қамтыған акция қорытындысындағы «Мөлдір бұлақ» апталығы да Сырда ерекше өтті. Оған мемлекеттік мекемелер, жеке ұйым өкілдері, жастар мен волонтерлер, тұрғындар қатысып, барлығы 245 техника жұмылдырылды. Оның аясында Сырдария өзенінің жағалауы, «Аққұмшық» жағажайы, «Кәрібөгет» көпірі, «Лайкөл», «Қамбаш», «Жалаңаш», «Шөмішкөл», «Райым», «Тұщы», «Иіркөл», «Қараөзек», «Әлімкөл», «Жаманкөл» көлдері мен «Қалғандария», «Елтай», «Шіркейлі» арналарының жағалауы қоқыстан, тұрмыстық қалдықтан тазартылды. Су айдындары мен аяқсу арықтарынан 40 тоннадан аса қоқыс полигондарға жеткізілді.
Облыста күн жылып, жер жібігеннен-ақ екі айлық санитарлық тазалық, көркейту-көгалдандыру шарасы басталған еді. Наурыздан мамыр айына дейін созылатын екі айлық аясында да 35 мың түп саялы ағаш егілді. Оларға облыс орталығында жаңадан құрылған «Жасыл-Қызылорда» мекемесі күтім жасайды.
ҚЫЗЫЛОРДА