ҚР Су ресурстары және ирригация министрлігі Қытайдағы бөгеттің бұзылуына қатысты түсініктеме берді, деп хабарлайды Egemen.kz министрліктің баспасөз қызметіне сілтеме жасап.
Министрлік ведомство мамандары қытайлық әріптестерімен үнемі байланыста екенін жеткізді.
«Қытай тарапы трансшекаралық өзендер арқылы секундына 1400 текше метр су жібергендері туралы хабарлады. Елді мекендерді су басу қаупі жоқ. Бүгінде Боран гидробекеті аумағындағы Қара Ертіс өзенінде су жіберу көлемі секундына 1700 текше метрді құрайды, судың деңгейі - 543 см», деп жазды ҚР Су ресурстары және ирригация министрлігі
Ағын судың келуін ескере отырып, Боран ауылындағы Қара-Ертіс өзеніндегі гидрологиялық стансада су деңгейі көтерілуі мүмкін. Өскемен су қоймасынан (Бұқтырма су қоймасының қарсы реттегіші) ағызылатын су 500 м3/с-тан 800 м3/с дейін ұлғайтылды.
Жағдай министрдің ерекше бақылауында.
Айта кетсек, ертең министр Нұржан Нұржігітов Шығыс Қазақстан облысына жұмыс сапарымен барады. Ал бүгін өңірде вице-министр Нұрлан Алдамжаровтың жүргені белгілі болды.
Қырмызы ЖҰМАҒАЛИҚЫЗЫ,
ЕҰУ студенті