Алматыда ерекше білімді қажет ететін балаларға арналған колледж ғимараты пайдалануға берілді.
Өткен ғасырдың 40-жылдарында салынған апатты ғимараттың орнына салынған жаңа ғимарат инклюзивті білім беруге лайықты жабдықталған. Қала басшысы Ерболат Досаев «Алтын Сапа ALM» ЖШС жеке инвесторының демеушілігімен салынған Алматы мемлекеттік технологиялар және флористика колледжін аралап көрді.
Колледжде қазіргі кезде түрлі мамандық бойынша 893 студент білім алады. Олардың 195-і ерекше білім беруді қажет етеді. Мүмкіндігі шектеулі студенттерге әлеуметтік көмек көрсету, сапалы білім мен кәсібилікке бейімдеуді мақсат еткен оқу орны инновациялық технологиялармен жабдықталған. Жаңа ғимаратта шеберханалар, тренажер залдары, мүгедектерге арналған санитарлық торап, көтергіш, киім ауыстыратын бөлмелер бар. Оқытудың озық әдістеріне үйрететін колледжде есту қабілеті шектеулі студенттер еңбек нарығында сұранысқа ие мамандықтарды игеруге мүмкіндік алды. Олар жиһаз өндірісі, тігін және киім өндірісі, аяқкиім тігу, автомобиль жөндеу, компьютерлік аппараттық оператор, гүл өсіруші сияқты мамандықтарды меңгереді.
АЛМАТЫ