М.Әуезов атындағы Оңтүстік Қазақстан университетінде ректор кубогіне арналған 10, 11, 12-сынып оқушылары арасында І республикалық «Auezov school cup» пікірсайыс турнирі өтті.
Алғаш рет ұйымдастырылған турнирге «Ақиқат» пікірсайыс орталығынан 70, еліміздің 6 аймағынан 120-дан аса үздік пікірсайысшылар қатысты.
«Турнир – жауапкершілігі мен интеллектісі жоғары, рухани жан дүниесі бай, эстетикалық талғамы дамыған тұлғаны қалыптастыру мен дамытуды мақсат етті. Пікірсайыс жастарды логикалық ойлауға, өз ұстанымын білдіруге тәрбиелейді. Сондай-ақ әртүрлі жағдайда оны талдап, өзіндік көзқарасын қалыптастыруға бейімдейді», деді М.Әуезов университеті Жастар орталығының директоры Ақан Бесбаев.
Қазақ және орыс тілінде өткен америкалық парламент және Линкольн-Дуглас форматындағы турнир қызықты болды. Тартысты додада білім алушылар еліміздің қоғамдық-саяси тынысы туралы пікір таластырып, шешендік өнерлерін сарапқа салды.
Ұтқыр сөз сайысының қорытындысында жеңімпаздар университеттің оқу гранты және «Әуезов университеті түлектерінің қауымдастығы» қоғамдық бірлестігінің тарапынан қаржылай сыйлықтармен марапатталды.
Сонымен Алматы облысы Шоқан Уәлиханов мектебінің оқушылары Жадыра Аликова мен Жігер Сейдахметов бірінші орынға ие болып, оқу грантын ұтып алса, екінші орынды – Шымкент қаласынан Бекарыс Әзімхан (Талант-1 мектебі) мен Камшат Алпысбай (№38 мектеп-гимназия) иеленді.
Сондай-ақ шымкенттік оқушылар Ертай Жолдыбек (Zerdeli high school) пен Даниал Сарбаев (№25 мектеп-гимназия) және Жамбыл облысынан келген Казим Сарымомед-огли (Н.Ақшабаев атындағы орта мектеп) мен Зере Маңызқызы Зере («Үміт» оқушылар сарайы) үшінші орынға қол жеткізді.
Зияткерлік додада үздік спикер атанған Шұғыла Салыбек (№47 мектеп) оқу грантына ие болды. Дәл осындай аталымды Ұлсая Егемберді (Academy of golden kids) мен Гүлфайрус Әзіретәлі де жеңіп алды. Сонымен бірге аталған жарыста Аружан Садық үздік төреші, Нұрлыхан Қуандықов үздік гид аталымына лайық деп танылды.
ШЫМКЕНТ