Былтыр желтоқсанда ХХ ғасырдың 20-50-жылдары кеңестік саяси қуғын-сүргінге ұшырағандарды толық ақтау мақсатында құрылған «Қазақстандағы 1920-1950 жылдардағы Саяси қуғын-сүргін құрбандарын толық ақтау жөніндегі мемлекеттік комиссия» жұмысын аяқтады. Ауқымды жұмыс нәтижесінде 311 мың саяси құрбан ақталып, 72 томдық кітап оқырманға жол тартты. Бұл – 425 ғалым мен зерттеушінің, оның ішінде әр өңірде құрылған аймақтық комиссиядағы 260-тан аса маманның еңбегі. Осыған орай мемлекеттік комиссия жұмысы аясында деректер базасын жасақтау дейтін маңызды да жауапты міндеттің басы-қасында болған тарихшы, профессор Жамиға ТАҢАТАРОВАМЕН сұхбаттасудың сәті түскен еді.
– Жамиға Тәжікқызы, аймақтық комиссияға қандай міндеттер жүктелді? Архив материалдарын іздестіру жұмысы қалай басталған еді?
– Осыдан 3 жыл бұрын, Президент Қасым-Жомарт Тоқаевтың 2020 жылы 24 қарашада «Саяси қуғын-сүргін құрбандарын толық ақтауға ұсыныс дайындау жөнінде мемлекеттік комиссия құру туралы» бұйрығына және Мемлекеттік хатшының 2020 жылғы 3 желтоқсандағы хаттамасына сәйкес, саяси қуғын-сүргін құрбандарын ақтау бойынша республиканың барлық облысында аймақтық комиссиялар құрылды. Комиссия құрамына әр саланың ғалымдары, заңгерлер, тарихшылар, филологтер, архив қызметкерлері, магистранттар сияқты зерттеушілермен қатар кәсіби мамандар енді.
Мемлекеттік комиссия алдында тұрған міндеттерді шешуде жұмыс топтарын 8 бағытта ұйымдастырды. Саяси қуғын-сүргін құрбандарын толық ақтау жөніндегі мемлекеттік комиссияның 2021-2023 жылдарға арналған жұмыс топтарының (болжамды) жоспары жасақталып, аймақтарға жіберіліп отырды. Аймақтар сол Президент Жарлығымен бекітілген Мемлекеттік комиссия туралы ережені, Мемлекеттік комиссия жұмысының әдіснамасын, сондай-ақ өңірлік комиссия жұмысына арналған жадынама-нұсқаулықтарды басшылыққа алып жұмыс істеді.
Мен Атырау облысындағы аймақтық комиссияның кулактарды, байларды, жартылай феодалдарды (орта шаруаларды) және шаруаларды ақтау бойынша қорытындылар мен ұсынымдарды зерделеу, дайындау жөніндегі жұмыс тобының жетекшісі болдым. Біз Атырау облысының және ІІД, ҰҚК, Алматы қаласының ОМА мұрағаттары бойынша материалдар жинауға кірістік. Басты міндет – жиналған материалдар мен қылмыстық істерді зерделеу негізінде ұсыныстар дайындау және енгізу. Сәйкесінше қанша адам сотталды, қуылды, олардың қанша мал-мүлкі тәркіленді, сондай-ақ аштықтан, суықтан және аурудан мәжбүрлі түрде қашуы кезінде қаза тапқан балалардың саны қанша – осыны анықтадық. Оған қоса Қазақстаннан тыс жерлерге қанша адам қоныс аударуға мәжбүр болды, қанша адам қуғын-сүргінге ұшырады, қайтарылмайтын және қайтарылатын шығындарды бағалау сияқты маңызды мәліметтерді анықтап, қорытындыладық. Бұл жұмыстар, ғылыми-сараптамалық қорытынды Қазақстанның 5 орталық мұрағатының 50-ге жуық қорынан (ҚР ОМА, ҚР АП, АОМА, ҰҚКҚА, ІІМҚА, АОМА, аудандық архив) және ТМД-ның бір архиві – ҚР ҰА мұрағатынан (Қалмақ АССР, РФ) құжаттарды зерттеу нәтижелерімен расталады.
Коллажды жасаған – Қонысбай ШЕЖІМБАЙ, «EQ»
Х.Досмұхамедов атындағы Атырау университеті базасында аймақтық комиссия қызметінің жұмысын жүргізуге аймақтық жобалық кеңсе құрылды. Атырау облыстық мемлекеттік архиві қорларымен қатар елді мекендерге іссапарларға шығып, Қызылқоға, Мақат, Махамбет, Исатай, Жылыой ауданындағы тұрғындармен және тәркіленген отбасылардың туған-туыстарымен кездесіп, осы аудандардағы мемлекеттік архив мекемелері қорларында сақталған құжаттар мен деректерді тауып, сараладық.
– Үш жыл ішінде атқарылған жұмыстарға кеңінен тоқталсаңыз. Қандай тың деректер таптыңыздар?
– Жұмыс барысында 1920-1930 жылдары аймақта 56 халық көтерілісі болғаны, оларға жетекшілік жасаған және ұйымдастырған 56 адамның аты-жөні архив құжаттарымен дәлелденді. Көтеріліске 6139 адам қатысыпты. Оның 59-ы ату жазасына кесілген, 83-і жер аударылған, 331-і көтерілістер кезінде қаза тапқан, ал 668 адам 1 жылдан 10 жылға дейін сотталған. Зерттеулер негізінде екі құжаттар жинағы, бір ғылыми монография, бір конференция материалдарының жинағы шықты. Үш жыл ішінде жаңадан табылған фактілердің нәтижесінде барлық бөлінген санат бойынша құрбан болғандар мен жаппай қуғын-сүргіннен жапа шегіп, ақталмаған адам саны барынша нақтыланды.
Атырау облыстық аймақтық комиссияның мүшелері саяси қуғын-сүргін ретінде тәркіленген ірі байлар, орташа байлар (жартылай феодалдар) және шаруалар туралы қажетті мәліметтерді тапты. Өңдеу барысында жапа шеккен және заңсыз тәркіленіп, сотталған шаруалар саны – 649, тәркіленген ірі байлар саны – 25, ал толық мәліметі бар 162 бай болғаны анықталды. Сонымен қатар 71 ұрпақтың арызы негізінде 12 дерек табылды.
КСРО Орталық атқару комитетінің 1932 жылғы 7 тамыздағы «Мемлекеттік кәсіпорындар, колхоздар мен кооперациялар меншігін қорғау және қоғамдық (социалистік) меншікті нығайту туралы» қаулысымен облыстағы 427 адам сотталған. 37 азамат атылған. Көтерілістер мен наразылықтар, оларға қатысушыларға қарсы саяси қуғын-сүргін туралы қажетті деректер тексеріліп, 202-сінің ақталмағанына көз жеткіздік.
Халыққа қарсы түрлі күштеу науқандары, сондай-ақ көтерілістер мен наразылықтарын басу және аштық кезінде Қазақстан аумағына, одан тыс жерлерге кетуге мәжбүр болған босқындар туралы мәліметтер тексерілді. Комиссия саяси қуғын-сүргінге ұшыраған, ақталмаған құрбандар мен босқын болуға мәжбүр болған 100 қазақтың барын анықтады.
Дәстүрлі дін өкілдерін зерттеу барысында саяси қуғын-сүргінге ұшыраған, бірақ ақталмай қалған дін қайраткерлері – 23, ал жартылай ақталғаны – 50, сайлау (азаматтық) құқығынан айырылғаны 993 адам, сондай-ақ 20 қазақ молдасы мен 2 орыс дін қызметкері ату жазасына кесілгені белгілі болды. Көрсетілген дәстүрлі дін өкілдері Атырау облысының тұрғындары, өйткені тізімге Ақтөбе, Батыс Қазақстан, Маңғыстау облыстарының тұрғындары енбеген.
Аймақтық комиссия мүшелерінің аудандарды аралау барысында дәстүрлі дін өкілдерінің арасынан қуғын-сүргін құрбаны болғандары архив құжаттарымен әлі расталмаған деректері зерттелді. Атырау облысы өңірлік комиссиясы 1939-1945 жылдары фашистік Германия, Финляндия, басқа да Еуропа елдерінің қолына түскен 775 қазақстандық әскери тұтқын тізімін тапты.
Қазақстан аумағында ГУЛАГ НКВД лагерінде болған құрбандар мен жапа шеккендер, олардың отбасы мүшелері анықталып, қорытынды сандар нақтыланды. 18 жыл ішінде Прорва-Астрахан еңбекпен түзеу лагерь бөлімдері мен бөлімшелерінде, лагерь пунктінде және басқа да лагерьлерге қамалған тұтқындардың жалпы саны 2 мыңнан 11 мыңға дейін жеткені анықталды. Бір айта кетерлігі, осы қамалғандарға қатысты құжаттардың көпшілігі Ресей архивтерінде сақтаулы. Гурьев облысында орналасқан НКВД ГУЛАГ-қа қатысты құжаттарға сәйкес саяси қуғын-сүргін құрбандарын ақтау үшін 300 адамның тізімі зерттелді.
Ең бастысы, үш жыл ішінде тарихи жағдайлардың ашылмаған тұстары анықталды, нақтыланды, оларды түгендеуге бағытталған орасан зор жұмыс орындалды. Республикалық порталға құжаттар жіберіп мәліметтермен қамтамасыз ету, 72 томдық архив құжаттар мен материалдар жинағына тың, ерекше құжаттар тапсырудан басқа аймақтық комиссия мүшелері өздеріне белгіленген бағыттары бойынша аймақ көлемінде ауқымды да күрделі жұмыстарды жауапкершілікпен атқарды.
– Қуғын-сүргін құрбандарын ақтау жөніндегі заңға қандай ұсыныстар айтылды?
– Аймақтық зерттеу-талдау орталықтарынан Орталық жобалық кеңсеге әртүрлі анықталған санаттағы құрбандарды толық құқықтық және саяси ақтау (оңалту) үшін жаңа заң жобаларын әзірлеу бойынша қорытындылар мен ұсыныстар берілді. Бұл – үш жыл бойы атқарылған жұмыс нәтижесінде табылған, зерделеніп, сараланған жаңа деректер. Кеңес өкіметінің репрессиялық саясаты контексінде адам құқықтарының өрескел бұзылуына және құрбандардың қадір-қасиетіне қатысты шындықты белгілеу құқығы санаттарының анықтамаларын бекіту қажеттілігі туындайды. Осыған байланысты қолданыстағы заңнамаларға өзгерістер енгізу қуғын-сүргінге ұшыраған зардап шеккендерді ақтауға (оңалтуға) жататын жаңа санаттармен ақтау жөніндегі нормативтік-құқықтық актілерді толықтыруды талап етеді.
Былтыр Президент: «Репрессия жылдары Қазақстанға кеңес одағының әр түкпірінен 5 миллионға жуық адам жер аударылды, ал 100 мыңға жуық отандасымыз репрессияның қатал шеңгеліне түсіп, 20 мың азамат атылып кетті. Осының барлығы «Халық үніне құлақ асатын мемлекет» тұжырымдамасы аясында терең зерттеліп, әлеуметтік саяси миссиясын орындауы қажет» деген еді. Осыған сәйкес, бұл мәселе бойынша комиссия құрамында қызмет еткен тәжірибелі заңгерлер мен заң саласының ғалымдары қуғын-сүргін құрбандарын ақтау жөнінде жаңа заң жобасын жасап, Парламенттің қарауына ұсынды.
– Өткен жылы Саяси қуғын-сүргін құрбандарын толық ақтау жөніндегі мемлекеттік комиссия жұмысын аяқтады. Ресей архивтеріндегі құжаттарға толық қол жеткізе алдық па?
– Мемлекеттік кеңесші Ерлан Қарин халық арасында үлкен қолдау тауып, елдің ризашылығын туғызған үлкен жоба жұмысын ресми түрде қорытындылады. Алайда бұл жұмыс ғылым аясында жалғасын табуы керек секілді. Мемлекеттік тұрғыдан бағдарламалық-нысандық қаржыландыру жолымен іздестіру, ғылыми айналымға репрессияның көптеген құжаты мен дерегін әлі де енгізу қажет.
Өйткені архивтерде сақталған бұл кезеңдер мен репрессия бағыттарына қатысты ашылмаған, зерттеуші қолына түспеген құжаттар мен мәліметтер өте көп. Саяси қуғын-сүргіннің жазықсыз құрбандары, оның ішінде Қазақстанның бостандығы, тәуелсіздігі және аумақтық тұтастығы үшін күресушілердің шетелдерде, Ресей мен ТМД елдері архивтерінде сақталған құжаттар толықтай қаралып болған жоқ. Бұл құжаттар зерделеніп, көшірмелерін елге әкелуіміз керек. Күштеп қоныстандыру және отырықшыландыру құрбандары блогі бойынша да шетелге босып кеткен, аштан өлген отандастарымыздың деректері әлі де толықтыруды қажет етеді. Әскери тұтқындардың да мәселелері бар.
Қазақстанның өңірлерінде және аймақтарында зорлық-зомбылықпен қоныстандыру мен отырықшыландырудың тоталитарлық саясатынан ең көп зардап шеккендерге монументтер, ескерткіш тақталарын орнату, көшелерге зорлық-зомбылықпен қоныстандыру мен отырықшыландыруға қарсы тұру қозғалысының ең белсенді қатысушыларының есімдерін беру секілді маңызды істер толық атқарылған жоқ. Саяси қуғын-сүргін құрбандарын еске алу күніндегі міндетті іс-шаралар тізіміне күштеп қоныстандыру мен отырықшыландыру тақырыбын енгізген дұрыс. Тоталитарлық саясаттың құрбаны болған барлық орынды көрсете отырып, Қазақстанда күштеп қоныстану және отырықшыландыру құрбандарының интерактивті картасын жасаған абзал.
Бұған қоса «Жартылай феодалдар мен кулактардың дерекқорын» құру тәжірибесіне сүйене отырып, күштеп қоныстану және отырықшыландыру құрбандарының дербестендірілген дерекқорын құру керек. Осы тақырыпта кітаптар, құжаттар мен материалдар жинақтары, мақалалар мен деректі фильмдер сериясын шығару қажет. ХХ ғасырдың 20-50-жылдарындағы саяси қуғын-сүргін құрбандары мен КСРО-дағы тоталитарлық режімді қуғын-сүргін саясатының салдарын көрерменге жеткізу үшін арнайы телеарна құруды ұсынамыз.
Күштеп қоныстану және отырықшыландырудан көп зардап шеккен аймақта осы тарихи құбылыстың егжей-тегжейін көрсету үшін ашық аспан астындағы арнайы мемориалдық музей құру керек. Сондай-ақ бұл мәселені одан әрі тереңдете түсіп, саяси қуғын-сүргін құрбандарының тәжірибесін зерттеу және іздестіру мақсатында республикалық жобалық кеңсе базасында ғылыми орталық немесе институт ұйымдастыру да аса маңызды іс.
– Бұл ұсыныстарыңыздан бөлек, зерттеу барысында жұмыстарыңызды қоғамда насихаттау бағытында қандай іс-шаралар атқарылды?
– Комиссия жұмысының міндеттері мен мақсаттарын насихаттау, түсіндіру барысында аудан, қала тұрғындары, ЖОО студенттері, жастармен әртүрлі форматта кездесулер өткізілді. Қаладағы қоғамдық орталықтарда қуғын-сүргін құрбандарының ұрпақтарымен кездесу ұйымдастырып, БАҚ беттерінде мақалалар, сұхбаттар жарияланды. Ашып айтсақ, 10 рет халықпен кездесу, мектеп оқушылары, колледж, ЖОО студенттерімен 22 кездесу, БАҚ-та 127 мақала, зерттеу жұмыс тобы мүшелерінің қатысуымен эфирге 19 телехабар шығарылды. Жұмыс кезеңінде аймақтық комиссияның 10 мәжілісі, 3 ғылыми-тәжірибелік конференциясы, 4 дөңгелек үстелі ұйымдастырылды. Алматы, Астана, Ақтау қалаларында өткен республикалық конференцияларға да қатыстық. Комиссия құрамына таңдаулы ғалымдармен қатар жас зерттеушілер де тартылды. Мұндай игі іс-шаралар мен басқосулар жастарды ғылымға баулуға, зерттеу жұмыстарымен айналысуға ынталандырады.
Ғылыми-тәжірибелік конференция жинақтарына 100-ге жуық ғылыми мақала жарияланды. 2021-2023 жылдары 56 іссапар ұйымдастырылды, оның ішінде қазақстандық архивтер – 24, аудандық архивтер – 29, шетелдік – 3 (Астрахан және Орынбор облыстары (РФ) архивтеріне). Оның үстіне, әлеуметтік желілерде (Facebook, Instagram, т.б.) парақшалар ашылып, аймақтық комиссияның жұмысы туралы арнайы хабарламалар жазылып отырды.
Жазықсыз жазаланып, қуғынға түскен азаматтар ақталып, ата-бабаларымыздың алдындағы қасиетті парызымызды орындасақ, тарихтың жіберген қателіктері мемлекетте енді қайталанбаса, ұрпаққа, кейінгі буынға сабақ болса екен деген тәрбиелік мәніне іс жүзінде қол жеткізсек, еңбегіміздің ең басты қорытындысы осы болмақ.
– Әңгімеңізге рахмет.
Әңгімелескен –
Зейін ЕРҒАЛИ,
«Egemen Qazaqstan»