Алматыда «Mass Alert» жер сілкінісін ескерту жүйесі биыл маусым айында іске қосылады. Бұл жүйе Мемлекет басшысына наурыз айында таныстырылған еді.
Алматы қаласының әкімі Ерболат Досаевтың айтуынша, қанатқақты режімде іске қосылатын «Mass Alert» желіге қосымша жүктеме туғызбайды. «Cell Broadcast» технологиясының көмегімен жүзеге асатын «Mass Alert» жүйесі абонементке жер сілкінісінің болатыны туралы шұғыл хабарлама жеткізуде заманауи мүмкіндіктерімен ерекшеленеді.
Осы ретте ғимараттардың сейсмикалық жағдайына байланысты іске асып жатқан шараларға тоқталған Өнеркәсіп және құрылыс министрі Қанат Шарлапаев сейсмикалық деңгейі 7-9 балл болатын алаңдарда тұрғын үйлер мен әлеуметтік нысандар салу кезінде сейсмикалық оқшаулаудың міндетті жүйесі енгізілетінін хабарлады. Осыған байланысты нормативтік-техникалық құжаттарға тиісті түзетулер әзірленді. Осы орайда вице-премьер Қанат Бозымбаев халықаралық тәжірибені, оның ішінде жапон елінің тәжірибесін ескере отырып, сейсмикалық қауіпті өңірлердегі нысандарды жобалау кезінде нормаларды қатаңдатуды, сондай-ақ олардың аккредиттелген зертханаларды қолданумен сәйкестігін қадағалауды күшейтуді тапсырды.
Сейсмологиялық бақылау және зерттеу ұлттық ғылыми орталығының директоры Дәулет Сәрсенбаевтың айтуынша, былтыр сейсмостансаларды жөндеу үшін жарты миллиард теңгеден астам қаржыға жабдықтар сатып алынған. Нысаналы қаржыландыру бағдарламасы бойынша 25 бақылау бекеті ашылды. Сонымен қатар 10 станса ішінара жаңғыртылып, алтысы жаңадан іске қосылды. Тұрғындар мен заңды тұлғалардың өтініштері бойынша 23 қаңтардағы жер сілкінісінен кейін 183 нысанға тексеру жүргізілген. Ал 4 наурыздағы жер сілкінісінен кейін түскен өтініштерге сәйкес 300-ден астам нысанды кешенді зерттеу басталып, биылғы жылдың соңына дейін 13 мыңнан астамына сейсмо-аудит жүргізу жоспарланып отыр.
АЛМАТЫ