Премьер-министрдің орынбасары Серік Жұманғарин Түркістан облысы Сарыағаш ауданындағы жылыжай шаруашылықтары иелерімен, жұмысшыларымен өзекті мәселелерді талқылады.
Қазақстандағы барлық жылыжайдың 70%-дан астамы облыс аумағында орналасқан. Мамыр айының басында жылыжайда құлпынай өсірушілер ел нарығына енген импорттық және арзан тәтті жидектердің көптігі туралы мәселе көтерген болатын. Арзан импорт оларды шығынға ұшырауына ықпал етті. Тегісшіл ауылдық округінде Серік Жұманғарин фермерлердің мәселелерін тыңдау үшін жергілікті жылыжай иелерімен кездесті.
«Абдураман» шаруа қожалығының басшысы Аширафи Шымбергенов жалпы ауданы 33 га ашық және жабық жерде құлпынай өсіру жобасына 300 млн теңге инвестиция салған. Оңтүстік Корея технологиясы бойынша салынған жылыжайдың көлемі 5,5 га. Технологияның ерекшелігі – күн сәулесін пайдаланады және арнайы жамылғымен жылытылған, соның арқасында жылыжай дақылдарын салу және өндіру қарапайым өнеркәсіптік жылыжайларға қарағанда 3 есе арзан. Жылуды аса көп қажет етпейді. Қыс мезгілінде шығынның 70%-ына дейін жылуға жұмсайтын шаруашылықтар үшін бұл өте маңызды технология.
А.Шымбергеновтің айтуынша, Қытай мен Кореяда бұл технология барлық жерде қолданылып, қызанақ, қияр және басқа да жылыжай дақылдарын өндіру құнын арзандатуда. Оны төмен температурада да қолдануға болады. Болашақта шаруа қожалығының басшысы қазақстандық құлпынай экспортын бастауды жоспарлап отыр.
Вице-премьермен кездесуде шаруа қожалығының басшысы өндірісті кеңейту үшін инвестициялық субсидия ала алмайтынын айтып, мәселе көтерді. Оны басқа жылыжайлар да қолдап, мемлекеттік қолдаудың бұл түрі олар үшін қолжетімді емес екенін атап өтті. Жылыжай шаруашылықтары қауымдастығының төрағасы Данияр Қалтаев қазіргі жылыжайлар ауа райының қолайсыздығына төзімді екенін атап өтті.
«Жылыжай өсірушілер жаңа технологияларды, стандарттарды енгізіп, өндірісті кеңейіп жатыр. Біз қазір елімізде жылыжай шаруашылығын дамыту тұжырымдамасын бірлесіп дайындап жатырмыз. Бірақ жылдан-жылға қайталанатын мәселе бар. Ол – өткізу нарығы. Өнім жинай бастағанда, баға төмендейді. Жақында біз маусымда Қазақстанның қиярға деген барлық қажеттілігін өтеуге дайын боламыз. Көршілес елдерден жылыжай көкөністері мен жидектер азайса, өзіміз өсірген өнімді толық көлемде сату үшін бізге тек 2-3 ай уақыт қажет», деді Данияр Қалтаев.
С.Жұманғарин ұсыныстарды тыңдап, мәселелерді мүдделі мемлекеттік органдармен бірге қарауға және шешім қабылдауға уәде берді.
Сондай-ақ вице-премьер аталған өңірге сапары барысында 50 мың бас ірі қара малға арналған еліміздегі ең ірі бордақылау алаңын салу орнына барды.
Жобаны Арыс қаласында «Turkestan Agro.kz» компаниясы жүзеге асырып жатыр. Биыл жүзеге асатын бірінші кезеңінде 5 мың бас, 2025 – 2026 жылдары тағы 10 мың бас, 2026 – 2027 жылдары 25 мың бас сатып алынады. Құрылыстың, бордақылаудың және мал жаюдың барлық жүйесі мал шаруашылығын жүргізудің Аустралияда қолданылатын торда өсіру тәсілімен жүзеге асырылады.
Мұнда Арыс қаласында «Turkestan Agro.kz» 4 710 гектар алқапта жаңбырлатып суару технологиясын қолдана отырып, мал азығы дақылдарын өсіруді жоспарлап отыр. Бұл мал бордақылау алаңын қажетті азық көлемімен қамтамасыз етуге мүмкіндік береді.
Компания басшысы Сырым Ертаев қазіргі уақытта ауыл шаруашылығы мен қаржы институттары тарапынан АӨК саласындағы инвестициялық жобаларға бөлінетін жеңілдіктер мен қаржыландырудың тоқтап тұрғанына байланысты құрылыс жобасын іске асыру барысы баяулағанын айтты. Сондай-ақ «Көксарай» су реттегішінен суды пайдалануға рұқсат алудың да проблемалары бар.
Серік Жұманғарин Ауыл шаруашылығы министрлігіне қысқа мерзімде инвестициялық жобалар бойынша кеңес өткізіп, қаржыландыру мәселесін шешуді тапсырды. Сонымен қатар ол Су ресурстары және ирригация министрлігімен егіндік суды пайдалану мәселесін пысықтауды міндеттеді.