• RUB:
    4.91
  • USD:
    494.87
  • EUR:
    520.65
Басты сайтқа өту
Технология 24 Мамыр, 2024

Қыздар технологияны ұршықша иіреді

132 рет
көрсетілді

Алматыда «Technovation Girls Kazakhstan» аймақтық финалы өтті. Ел өңірлерінен финалға қатысуға 2 345 оқушы қыз өтініш берген. Қазақстан әлем бойынша бағдарламаға қатысуға көп өтінім берген ТОП-3 елдер қатарына кірді.

Бағдарлама «Kinergy» қо­ғам­дық қорының ком­мерциялық емес жобасы саналады. «Яндекс Қазақстан», «Alstom Foundation», «People Consulting», «Lenovo», «BTS Digital» компаниялары қол­дау көрсеткен іс-шара «Narxoz» университетінде өтті. Мен­тор­лардың жетекшілігімен қыз­дар тех­нологиялар мен инновация­лар көмегімен әлеуметтік мәселелер­ді шешуге арналған 159 мобиль­ді қосымша әзірледі. Өңірлік шара ­барысында 44 команда өз жобаларын таныстырып, 6-ауы халықаралық финалға іріктелді.

Бағдарламаға қатысушылар 8 жыл ішінде әлемдік финалда 6 рет ел намысын қорғады. Бағдарламаға 8–18 жастағы қыздар тегін қатыса алады. Осы жылдарда олар 1400 мобильді қосымша әзірлеген. 2017 жылы Қазақстан командасы 63 елдің арасынан дара шығып, бас жүлдені еншілеген еді.

Осы жолы оқушы қыздар әлеу­меттік күн тәртібінде тұрған тұр­мыстық зорлық-зомбылықтан қорғау, құрылыс нысандарын­­да­ғы қауіпсіздік, қазақ тілін үйрену­ге қызығушылықты арттыру, тұр­ғындарды жер сілкінісі кезін­дегі мінез-құлық қағидаттарына үйре­ту, киберқауіпсіздік, буллингтен қорғау, экология, білім, медици­на саласына қатысты жоба­лар­ды ­таныстырды.

«Technovation Girls Kazakh­stan» қыздарға бағдарламалау­ды үйретумен қатар технология көшбасшыларының жаңа буынын тәрбиелеуге ықпал етеді. Қатысушы қыздар командалары мұнда тәжірибе жинақтап, көпшілік алдында сөйлеу дағ­ды­ларын үйреніп, креативті ше­шімдер табуға, шығармашылық еркін ойлау машығын игерді. Сонымен бірге еліміздің өзекті әлеуметтік сын-тегеуріндеріне жауап беретін мобильді қосым­шаларын дамытуды үйреніп, әрі қарай жалғастыруға мүмкіндік алды. Бағдарлама қыздарға білім дағдыларын игеруге ғана емес, жаңа серіктес достар табуға ықпал етеді. Бүгінде «Technovation Girls» түлектері Қазақстанда, шетелде беделді жоғары оқу орындары­ның, соның ішінде «Harvard» және «Stanford University», басқа да университеттердің студенттері атанды. Биылғы қатысушылардың рекордтық саны Қазақстанның ха­лықаралық финалда жеңіске жету мүм­кіндігін арттыра түсе­ді», дейді «Technovation girls Kazakhstan» бағдарламасының елшісі Арман Шоқпаров.

«Яндекс Қазақстан» әзірлеу­ші­сі және «Technovation Girls Kazakhstan» тәлімгері Индира Тем­кешеваның айтуынша, жо­баға қа­тысу таланттарды танумен қатар, озық технологиялар­ды қолдана отырып, нақты әлеу­меттік мәселелерді шешуге мүм­кіндік береді. «Ментор ретінде оқу­шы қыздармен өз біліміммен, тәжірибеммен бөлістім. Оларды қолдап, бағыттап отырдым. Жал­пы, «Яндекстің» 90-нан астам қыз­меткері жобаға ментор, сарапшы, офлайн, онлайн кездесулер­де және финалда қазылар алқасына араласып, білім беруге атсалыс­ты. Қатысушы қыздардың тәжі­рибешілерден алған білімі ерекше назар аударуды қажет етеді», дейді ол.

Маркетинг, бағдарламалау, іскерлік және презентация дағ­дылары бойынша білім беру мо­дуль­дерін қамтыған 12 апталық бағдарлама аясында қатысушы­лар үшін «Яндекс Қазақстан» әлеу­меттік кәсіпкерлік дәрістер өт­кізді. Өңірлік келесі финал Астана қаласында 1 маусымда өтеді. Қа­зақстандағы өңірлік фи­нал­дар­дың жеңімпаздары Сан-Фран­цис­кода Кремний алқабында өтетін халық­аралық финалда ел мүддесін қорғайды.

 

АЛМАТЫ