• RUB:
    5.05
  • USD:
    450.79
  • EUR:
    482.21
Басты сайтқа өту
ANTIKOR 24 Мамыр, 2024

Антикор Сыбайлас жемқорлыққа қарсы күрес жөніндегі органдардың халықаралық қауымдастығына енді

59 рет
көрсетілді

Мемлекет басшысының сыбайлас жемқорлыққа қарсы күресті күшейту жөніндегі тапсырмасына сәйкес Агенттік жемқорлыққа қарсы озық стандарттарды енгізу бойынша жұмысты жүйелі түрде жалғастырып жатыр. Осы айдың 22-24 күндері аралығында Агенттік Төрағасы Асхат Жұмағали бастаған Сыбайлас жемқорлыққа қарсы қызмет делегациясы Гонконгта өтіп жатқан «Жемқорлыққа қарсы күрестің жаңа жолын жобалау» атты 8-ші симпозиумға қатысты, деп хабарлайды Egemen.kz Антикордың баспасөз қызметіне сілтеме жасап. 

Іс-шара Сыбайлас жемқорлыққа қарсы органның – Гонконгтың Сыбайлас жемқорлыққа қарсы күрес жөніндегі Тәуелсіз комиссиясының құрылғанына 50 жыл толуына арналған.

Оған әлемнің 60-тан астам елінің халықаралық ұйымдары мен сыбайлас жемқорлыққа қарсы ведомстволарының өкілдері қатысты.

Сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимылдағы заманауи сын-қатерлер, істерді тергеу және жемқорлық тәуекелдерін анықтау кезінде жаңа ақпараттық технологиялар мен жасанды интеллектіні қолдану, жемқорлыққа қарсы білім беру және ағарту мәселелері, жастардың жемқорлыққа қарсы іс-әрекеттерге тартылуы талқыланып, жемқорлыққа қарсы күрестегі озық тәжірибелер таныстырылды.

Конференция аясында Агенттік Төрағасы А.Жұмағали Гонконгтың Сыбайлас жемқорлыққа қарсы күрес жөніндегі Тәуелсіз Комиссиясының басшысы Дэнни Ву мырзамен кездесті.

Айта кетсек, Транспаренси Интернешнл рейтингі бойынша Гонконг 180 елдің ішінде 14-ші орында.

Тараптар одан әрі ынтымақтастықты ілгерілету мәселесін талқылады.

А.Жұмағали Агенттіктің қызметі және жемқорлыққа қарсы іс-қимыл бойынша қабылданып жатқан шараларды таныстырып, органның БҰҰ ЕҚБ Өңірлік платформасын құру және Астана қаласында конференция өткізу жөніндегі бастамалары туралы айтты.

Кездесу қорытындысы бойынша өзара түсіністік туралы Меморандумға қол қойылды.

Құжат құқықтық көмек көрсету, активтерді қайтару, адамдарды іздестіру, бюджет қаражатын мақсатты пайдалану мен сатып алу мониторингі, жасанды интеллектті қоса алғанда, сыбайлас жемқорлыққа қарсы күресте жаңа технологияларды енгізу мәселелерінде әріптестікті нығайтуға бағытталған.

Сондай-ақ Комиссияның шақыруы бойынша Қазақстан Агенттігі сыбайлас жемқорлыққа қарсы күрес жөніндегі органдардың халықаралық қауымдастығына ресми түрде енді.

Бұл шетелдік әріптестермен өзара іс-қимылды едәуір кеңейтуге мүмкіндік береді, сондай-ақ озық тәжірибе мен білім алмасуға ықпал етеді.

Сонымен қатар А.Жұмағали симпозиум аясында Венадағы БҰҰ бөлімшесінің Бас директоры Гада Валимен, БҰҰ ЕҚБ бөлімшесінің басшысы Бригитта Штробель-Шо ханыммен, сондай-ақ Малайзия, Сауд Арабиясы, Сингапур, Оңтүстік Кореяның жемқорлыққа қарсы ведомстволарының басшыларымен кездесулер өткізіп, алдағы ынтымақтастық перспективаларын талқылады.

Агенттік шетелдік әріптестермен өзара іс-қимылды нығайту жөніндегі жұмысты одан әрі жалғастыратын болады.