Қазақтың танымал кәсіпқой боксшысы Батыр Жүкембаев (23-1, 17 КО) кезекті жекпе-жегінде жеңіске жетті. АҚШ-тың Плант-Сити қаласында өткен жарыста ол украиналық Иван Редкачпен (24-7-1, 19 КО) жұдырықтасты. Бұл бәсеке бесінші раундта техникалық нокаутпен аяқталды. Сөйтіп, Батыр өзіне тиесілі бірінші жартылай орта салмақтағы WBA Continental North Americas нұсқасының алтын белбеуін сақтап қалды.
Шайбалы хоккейден Қазақстанның ұлттық құрамасының бас бапкері ауысты. Бұл күнге дейін осы қызметті атқарып келген Ғалым Мәмбетәлиевтің орнына Дэвид Немировски келді. Кезінде Төменгі Новгородтың «Торпедо», Новосібірдің «Сибирь» клубтарын жаттықтырған маман ұлттық командамызбен қоса, Астананың «Барысын» да баптайды.
4-26 мамыр аралығында Алматыдағы үстел теннисі орталығында Орталық Азия аймағы бойынша іріктеу турнирі өтеді. Аталған жарысқа Иран, Қырғызстан, Түрікменстан, Өзбекстан, Қазақстан құрамалары қатысады. Бұл бәсекеде Қазақ елі намысын Алан Құрманғалиев, Абдулла Мамай, Қадырәлі Қабдылуахитов, Данян Ши, Сарвиноз Мірқадырова, Жанерке Көшкімбаева, Әлбина Жақсылықова, Алиса Цвигун сынды спортшылар қорғайды.
Әйгілі Forbes журналы 2024 жылдың алғашқы айларында ең көп табыс тапқан спортшылардың рейтингін жариялады. Көш басында – Криштиану Роналду. Португалия футболшысының табысы – 260 млн доллар. Сондай-ақ ТОП-10-дыққа Джон Рам – $218 млн, Лионель Месси – $135 млн, Леброн Джеймс – $128,2 млн, Яннис Адетокунбо – $111 млн, Килиан Мбаппе – $110 млн, Неймар – $108 млн, Карим Бензема – $106 млн, Стефен Карри – $102 млн, Ламар Джексон $100,5 млн табыспен енді.
Перу астанасы Лимада ауыр атлетикадан жасөспірімдер арасындағы әлем біріншілігі басталды. Бұл жарыста Қазақстанның туы астында мына зілтеміршілер өнер көрсетіп жатыр: Ақжол Құрманбек (67 кг), Әли Медетбаев (73 кг), Нұрдос Сабыр (89 кг), Бекболат Қали (96 кг), Дидар Абдолла (102 кг), Еділ Асқаров (+102 кг), Дарья Балабаюк (59 кг), Аянат Жұмағали (76 кг), Сәния Орманбаева (81 кг).