Тағы бір оқу жылы аяқталды. Биыл облыс бойынша 11-сыныпты 8 240 түлек тәмәмдап, 6–14 мамыр аралығында тестілеудің үшінші кезеңіне қабылданған өтінішке сәйкес олардың 89,7 пайызы ҰБТ-ға қатысады. Бесінші шілдеге дейін созылатын басты білім сынағында түлектер Қызылорда қаласы, Арал, Қазалы, Жаңақорған аудандарындағы тестілеу пункттерінде тест тапсырады.
Осы оқу жылында халықаралық олимпиадалар мен ғылыми жобалар конкурсына 25 оқушы қатысып, 16-сы жүлделі орындарға ие болыпты. Жалпы білім беретін пәндер бойынша президенттік, республикалық, олимпиада және ғылыми жоба конкурсының қорытынды кезеңіне жеткен 121 оқушының 30 пайызы жүлделі орын еншілеген. Алғаш рет ауыл мектептері үшін арнайы өткен олимпиаданың республикалық кезеңіне жолдама алған 53 оқушының арасынан 26 шәкірт жүлдегер болып, облыс республика көлемінде «Үздік олимпиадалық команда» атанды.
Әрине, мұның бәрі жүйелі жұмыстың нәтижесі. 2023-2024 оқу жылында жаратылыстану-математикалық бағыттағы 6 пән бойынша «Талдысу», «Қамбаш» олимпиадалар және қосымша білім беру орталықтарында 6 кезеңде жалпы білім беру ұйымдарының 7–10 сынып оқушылары арасынан 960 бала дайындық курстарынан өтті.
Өңірде педагог мәртебесін жоғарылату және шығармашыл мұғалімдерді қолдау бағытындағы бастамалар да жеміссіз емес. Оқу-ағарту министрлігі ұйымдастырған жыл сайынғы «Үздік педагог» республикалық конкурсынан 2022 жылы 4 педагог жеңімпаз атанса, 2023 жылы 5 мұғалім осы атаққа қол жеткізіп, әрқайсысы 3 млн теңге көлемінде грант иеленді.
Биылғы оқу жылын бітіретіндер арасында 11-сыныпты 8 240 түлек аяқтап, үлкен өмірге қадам басады. Олардың 589-ы «Алтын белгіге» үміткер саналады. Тоғызыншы сыныпты «Үздік аттестатқа» аяқтауға үмітті шәкірт саны 2 014 болып тұр.
Оқу-ағарту министрлігі тарапынан білім беру ұйымдарындағы мектеп бітіру іс-шараларын өткізудің тұжырымдамасына сай 24 мамыр күні «Білімім – Отаныма» 1–10 сынып бойынша бірыңғай тәрбие сағаты өткізіліп, 9, 11 сынып түлектері «Мен. Мектеп. Ұстаз» атты эссе жазды. Онда өзінің оқып шыққан мектебіне ыстық ықыласын, ұстазға алғысын білдірді. «Мектебім, саған мың алғыс!» тақырыбындағы 11-сынып оқушыларына арналған іс-шара бүгін өтті.
Жалпы аймақта 1–10 сынып аралығында 173 859 оқушы бар. Осы оқушылардың 98 пайызын жазғы тынығу лагерьлеріне жіберіп, еңбекпен қамтуға барлық қаржы көздерінен 919,4 млн теңге жұмсалады. Облыс көлемінде жазғы демалысты ұйымдастыруға 2 518 педагог, 38 белсенді студент пен 23 ерікті тартылады.
Қызылорда