Манаш Қозыбаев атындағы Солтүстік Қазақстан университеті тұтасымен мемлекеттік мекеме. Екі жылдан бері АҚШ-тың Аризона университетіне сенімді басқаруға берілді деген дақпырт шыққанымен тек кейбір агро-техникалық мамандықтар ғана сол оқу орнының бағдарламасымен оқиды. Біздің студенттер үшінші курстан кейін сонда барып білім алады.
Ғылым және жоғары білім министрлігі АҚШ университетімен осындай ынтымақтастық орнатқаннан бері СҚУ-ға мемлекет тарапынан үлкен көңіл бөлініп, жаңа оқу корпустарын, жатақхана салуға қыруар қаражат бөлінген. Қыстың үскірік аязында іші суып кететіні болмаса, университеттің шынылы ғимараты сыртқы болмысымен қазір қаланың сәніне айналды. Алайда бітпеген шаруалар да көп, құрылыс жұмыстары да әлі жүріп жатыр. Бұл жерде бірінші басшының өзі ғана шешуге тиісті проблемалар туып қалады, соның ішінде, әсіресе қаржылық мәселелер түйткілді болады, бірақ ол жоқ болған соң басқалар тайқи соғып, мәселенің шешімі созылып кетеді.
Осы университет былтырдан бері, бір жылға жақын ректорсыз отыр. Оның алдында да жылдап бірінші басшы болмай, әрбір білім саласының проректорлары көрпені өздеріне молырақ тартуды көздеп, талас-тартыс та шығып қалып жататын. Бәрінің де лауазымдық дәрежесі бірдей болған соң олар ректордың міндетін атқарып жүрген әріптесін кейде мойындамай кететіні сөзсіз.
СҚУ-ға 2002 жылдан бері 14 жыл бойы Оңдасын Әшімов ректор болып, 2016 жылы зейнеткерлік демалысқа шықты. Оның орнына министрдің бұйрығымен Серік Өмірбаев тұрған, алайда ол 2019 жылы қызметімен қоштасты.
2016 жылдан бастап мемлекеттік университтердің ректорларын тағайындау тәртібі өзгертілді. Бұрын оны министрдің өзі бұйрығымен тағайындап, жауапкершілікті өз мойнына алатын болса, енді үміткерді конкурспен қабылдайтын тәртіп шықты. Оған қатысатын адам университетті жаңаландыру мен жаңғыртудың, жетілдіру мен жоғарылатудың жобасын жасайды. Бұл ұзаққа созылатын бюрократиялық үрдіс. Өйткені білмеген адам университетке келіп, ұзақ уақыт айналысып, зерттеуі, оның кем-кетігін табуы, жетілдіру үшін не қажеттігін белгілеуі керек. Ондайға кім шыдай береді? Шеттен келетін адам ақы-пұлсыз айлап жата ала ма? Ал жергіліктілердің арасында ректорлыққа ұмтыла қоятын адам сирек болады.
Үміткер алдымен университеттің Байқау кеңесінің конкурсынан өтеді. Бұл кеңеске де мүшелер жинау бюрократтық кедергілердің бірі. Байқау кеңесі өзінің шешімін республикалық конкурсқа жібереді. Онда да бір адамды қалап емес, кемінде үш адамның есімін жіберуі керек. Осы үміткерлер Премьер-министрдің орынбасары басқаратын республикалық комиссияның алдынан өтеді. Ол комиссияны да лып етіп ұйымдастыра қою оңай шаруа емес. Комиссияның барлық мүшелері бір уақытта жинала қоймайды. Тіпті жиналған күннің өзінде үш адамның ішінен бір адамды бірден таңдай алмай, мәселе ұзаққа созылады. Олардың критерийінің талабын толық өтейтін қайдан бола берсін? Ал комиссия мүшелерін ректор болмаса қиын-ау деген мәселе емес, өзінің талабынан шыға алмағанға келісім беру қиын, әрине.
Осындай кедергілерден үміткерлер өте алмай, Серік Өмірбаев кеткен соң СҚУ екі жыл бойы ректорсыз тұрды. Тек 2021 жылы ғана жаңа ректор – Ерлан Шоланов келді. Алайда ол былтыр, яғни 2023 жылдың маусымынан басқа қызметке кеткен еді. Содан бері СҚУ тағы басшысыз отыр. Ұжым мүшелері конкурс болып жатыр ма, жоқ па – одан да хабарсыз.
Бір жыл бойы университет ректорсыз оқып шықты. Мұндайды бастан кешіп отырған жалғыз СҚУ емес, еліміздің басқа да 5-6 ЖОО осындайдың тәлкегін тартып отыр. Тереңнен ойлап қараған кісіге осының өзі масқара. 10-15 мың адамдық мекеменің бір жыл бойы, тіпті одан да көп уақыт басшысыз болуы қайда сыяды?
Ректор тағайындау осындай қым-қуыт төрешілдік кедергілермен жүретін болса, университеттердің жұмысына «ақыл айтқыш» бір кеңестер де құрылған. Байқау кеңесінен басқа тағы бір Директорлар кеңесі деген бар. Ол қандай «директорлардың» басын қосатын кеңес екені белгісіз. СҚУ-дың сондай кеңесінің төрағалығына биыл белгілі Ғалым Байтоқ келді. Бұл азаматты блогер және қоғам белсендісі ретінде білетінбіз. Соңғы қызметі – Көкшетаудағы Ш.Уәлиханов университетінің проректоры.
Жалпы, жоғары білімнің құрылымына жауапкершілікпен қарап, бірінші басшыны тағайындауды тұрақты бір арнаға түсіретін кез келген сияқты. Біздіңше, шекаралық өңірде ректор мемлекетшіл, отаншыл тұлға болуы керек. Сондықтан конкурста бірінші өлшем осы болғаны жөн. Тіпті аризоналық әріптестердің алдында ЖОО-ның бір жыл бойы бірінші басшысыз тұрғаны ұят-ақ.
Солтүстік Қазақстан облысы