• RUB:
    5.2
  • USD:
    523.72
  • EUR:
    544.09
Басты сайтқа өту
Су тасқыны 25 Мамыр, 2024

Трансшекаралық өзеннен қауіп бар ма?

134 рет
көрсетілді

15-22 мамыр аралығында Қытайдың Шыңжаң-Ұйғыр автономиялық ауданында Нанвань гидробекетінің маңында су деңгейі көтеріліп, шығысқазақстандықтарды алаңдатып қойды. Осы аумақта ағып жатқан Буыршын өзені трансшекаралық Қара Ертіс өзеніне, ал Қара Ертіс Зайсан өзеніне құяды.

Бұл күндері Марқакөл ауданының Боран ауылында орналасқан гидро­бе­кеттегі су деңгейінің көрсеткіші бойынша Қара Ертіс өзенінің деңгейі 543 сантиметрді құраған. Бұл қауіпті деңгейден 18 сантиметрге жоғары деседі мамандар.

Қазіргі таңда ШҚО әкімдігі және ТЖД жағдайды бақылауға алып, шұғыл шаралар қолданып жатыр. Жағдайды бақылауда ұстау керектігі жергілікті жердегі атқарушы билікке, полиция және прокуратура органдарына алдын ала ескертілді.

Айта кетейік, ауылдың төменгі тұсында өткен жылы ұзындығы 400 метр, биіктігі 675 сантиметр болатындай бөгет салынған. Ол бөгеттің биіктігі қазір қауіпті деңгейден 1,5 метр жоғары болғандықтан, әлі де 70 сантиметрге жуық аралық бар.

Қауіптің алдын алу үшін Қара Ертіс өзенінің деңгейі әр 4 сағат сайын өлшеніп, тәулік бойы бақылау ұйымдастырылды. Аудан әкімі Рүстембек Кемешовтің айтуынша, ауыл маңындағы ұзындығы 60 метр болатын бөгетті күшейту жұмыстары жүргізіліп жатыр.

– Қытайдан қайта-қайта су көбейтіп жатыр. Өзеннің жағалауындағы бөгендерді күшейтіп жатырмыз. Кешелі бері каналдардың бойын күшейттік. Тарбағатай, Зайсан, Күршім, Самар, Үлкен Нарын аудандарынан техникалар көмекке келді. 31 техника, 80 адам жұмыс істеп жүр. Облыстан 17 тонна дизель отыны жеткізілді. Қауіптің алдын алу үшін үлкен жұмыстар жүргізіліп жатыр, – дейді Р.Кемешов.

Сонымен қатар төтенше жағдайлар қызметкерлері де жұмылды. Самар 1 000 қап, Күршім 500 қап инертті материал жеткізіп берді. Одан бөлек, көршілес Күршім ауданы 1 тонна жанар-жағармаймен қамтыды. Жергілікті билік көмекке келген азаматтарды орналастырып, ас-суларын әзірлеп қойды. Тоқетері, жұдырықтай жұмылған күш топан судың ауылға кірмеуі үшін күні-түні жанталаса еңбектеніп жатыр.

Төтенше жағдай бола қалса, тұрғындарды уақытша орналастыру орындары да әзірленді. Ол туралы ауылдықтарға ескертілді. Қазіргі таңда жергілікті басшылық тиісті органдарға сағат сайын есеп беріп отыр.

 

Шығыс Қазақстан облысы,

Марқакөл ауданы,

Боран ауылы