• RUB:
    4.75
  • USD:
    498.55
  • EUR:
    524.28
Басты сайтқа өту
Өндіріс 28 Мамыр, 2024

Трансформатор жасайтын бірегей кәсіпорын

109 рет
көрсетілді

«Alageum Electric» электр машина жасау саласындағы жетекші өндіруші компания құрамына кіретін, кернеуі 110, 220, 500 кВ, ал қуаты 500 МВА-ға дейінгі трансформатор жабдықтарын шығаратын «Asia Trafo» ЖШС 5 жылдан бері нарықта табыс­ты жұмыс істеп келеді. «Тассай» индустриалды аймағындағы 12 гектар аумақта орналасқан өндіріс орнында 250 адам еңбек етеді. Орташа жалақысы – 428 мың теңге.

ТМД-ға танымал зауыт

Кәсіпорында автотрансформаторлар, күштік май трансформаторлары, қуаты 500 МВА, кернеуі 110, 220, 500 кВ реакторлар шығарылады. Өндірістік қуаты жылына 12  000 МВА-дан асады немесе 120 трансформаторды құрайды. Бүгінгі таңда жылдық қуаттылығы 70 трансформаторға жетіп отыр. Компания өнім­­дері Астана, Шымкент қаласы мен Түркі­­стан, Павлодар, Өскемен, Ақтау, Қара­ған­ды, Атырау өңірлеріндегі қосалқы станса­лар­ға орнатылған. Сонымен бірге, өнімнің 16 пайыз үлесі сырт елдерге экспортталады.

Экспорт үлесін арттыру мәселесіне де ерекше көңіл бөліп отыр. Соның аясында ТМД елдері нарығына кернеуі 110 кВ және одан да жоғары трансформатор жабдықтарын жөнелтуді арттыра бермек. Кәсіпорын жыл са­йын жаңа өнім түрлерін игеруді алдына мақсат етіп қойған. Сол үшін былтыр қуаты 250 000 кВА, кернеуі 500 кВ үш фазалы орындаудағы авто­­трансформатор жасап шығарды. Бұл, әлбетте, зауыт тарихындағы ең ірі өндірістік жетістік. Тіпті мұны тұтас еліміздің жетістігіне баласақ болады. Мұндай ірі көлемдегі күрделі технологиялық электр жабдығын жасау Қазақстанда жалғыз осы зауыттың қолынан келіп отыр. Жоғарыда аталған автотрансформатордың ұзындығы 13 метрден, ал биіктігі 10 метрден асады, салмағы – 300 тоннаға жуық.

 

Зауыт ең соңғы үлгімен жабдықталған

Күрделі технологиялық өнім шы­ғары­латындықтан жұмыс­шы­лар­дың біліктілігіне қатты көңіл бөлі­не­ді. Сондықтан оларды оқыту, ше­бер­ліктерін шыңдау үздіксіз жүріп оты­рады. «Asia Trafo» өнімдері сапа менеджменті, қауіпсіздік, еңбекті қорғау, экологиялық менеджмент бо­йынша түрлі халықаралық сертификаттармен расталған.

Зауытта ең соңғы үлгідегі жабдықтар мен станоктар орнатылған. Олар еңбек өнімділігін арттырып, жұмыстың көп бөлігін автоматтандыруға, өнім сапасын жақсартуға көп үлес қосып отыр. Тіпті өндірістік басқаруда әлемдегі бренд өнімдер шығаратын алпауыт компаниялардың озық тәжірибелері қолданылады. Экологиялық тазалықты сақтау мақсатында кәсіпорын аумағын­да 1 500-ден астам жеміс ағашы отыр­ғы­зыл­ған. Сондай-ақ білікті кадрларды даярлау мен дуалды оқыту жүйесін күшейту бағытында еліміздің жетекші технологиялық жоғары оқу орындарымен арнайы келісімдер жасалған. Мәселен, өткен жылы зауыт базасында ашылған Сәтбаев университетінің «Энергетика» кафедрасы соның бір айғағы.

Кәсіпорын 2019 жылы Шымкентте өткен «Қазақстанның үздік тауары» өңірлік көрмесінде «өндірістік мақсаттағы үздік тауарлар» номи­на­ция­­с­­ының жеңімпазы атанған. Дәл осы номинацияны компания былтырғы байқауда да жеңіп алды.

Жалпы, кәсіпорынның жобалық құны – 32 млрд теңгеге тең. Оның 17,4 млрд теңгесі – компанияның жеке қара­жаты. Қалған инвестициялық қар­жыны компания банктен несие­ге алған. «Тассай» индустриалды ай­ма­­ғында ор­наласқаны үшін және ииновациялық өнім шығаратындықтан кәсіпорынға мемлекет тарапынан бірталай жеңіл­дік қарастырылған. Ай­талық, техно­ло­гия­лық жабдықты әкелгені үшін баж салығынан, сондай-ақ мөлшерлеме бойынша жер, мүлік, кор­поративтік табыс салығынан боса­тылған.

 

Бүкіл бөлшекті өзі өндіреді

«Asia Trafo» ЖШС басқарма төрағасы Омар Асановтың айтуынша, кәсіпорын трансформатордың барлық бөлшегін өзі жасап шығарады. Сондықтан оның өнімдерін жүз па­­­йыз отандық өнім деуге толық негіз бар. Көптеген елде тіпті Еуропа мем­ле­кеттерінің өзінде, қасымыздағы көрші Ресейде де трансформаторды толық бір зауыт өндірмейді. Әр бөлшегін әртүрлі зауыт жасайды. Ал «Asia Trafo» трансформаторға қажетті бү­кіл маңызды бөлшектерін бір өзі жасап, оны сынақтан өткізіп, сапалы құрастырып шығарады. Транс­­фор­матор жабдығы өзінің төл өні­мі болғандықтан оның сапасына да күмән келтірмейді. Сондықтан 5 жылға кепілдік мерзіммен береді. Кә­сіпорын сондай-ақ бұзылған ше­тел­дік трнасформаторларға отан­дық компаниялардың өтінішімен жөн­деу жұмыстарын жүргізеді.

«Шымкент қаласын 30-40 пайыз электр энергиясымен қамтамасыз ететін «Бозарық» қосалқы стансасында өрт шығып, «Сименс» компаниясының трансформаторлары жарамсыз күй­ге түскен. Соны жөндедік. Осы күнге дейін Италия, Украина, Қытай транс­­фор­матор­ларының қан­ша­ма­сын жөн­деп тастадық. Негізінде жаб­дық­ты жасаған ел өзі қалпына кел­ті­ру керек. Бірақ ол жаққа жібе­ріп, жөндетуге қаншама уақыт пен қаражат жұмсалады. Екі ортада әуре боп жүргенде қондырғының ке­піл­деме мерзімі де бітіп қалуы мүм­кін. Сондықтан қалтасын ойла­ған жергілікті компания, мекемелер трансформаторларын бізге әкеп жөндетеді. Трансформатордың ең керекті бөл­шегінің бірі – электр техникалық болат материалы. Оны табақша күйінде сатып әкеліп, арнайы пішінде кесіп қабаттастырып жинаймыз. Ирелеңдеген мыс шикізатынан жұқа сым иіріп, сосын оны ораймыз. Одан қалса қағаз-картоннан электр жабдықтарын изоляциялап, сыр­­тын қаптаймыз. Қондырғының темір қаңқасы да цехтарда электрмен дәнекерленіп құ­рас­тырылады. Кейін жеке-жеке бөл­шектердің басын құрап, жинап, арнайы бөлмеде сынақтан өткіземіз. Бұл өндірістік тізбек аса дәлдік пен ауқымды еңбек күшін талап етеді. Сол себепті, мамандар біліктілігі мен станоктардың зама­науи үлгісіне баса көңіл бөлеміз. Алдағы міндетіміз – өндіріс қуаттылығын арттырып, экспорттық әлеуетімізді күшейту. Осы­ған бар күш-жігерімізді саламыз», деді серіктестік басқарма төрағасы О.Асанов.

 

Әлеуметтік ахуалға көңіл бөледі

Кәсіпорында еңбеккердің әлеу­мет­тік тұрмысын жақсартуға барын­ша қолайлы жағдай қарасты­рылған. Мәселен, жаңадан отау құрған жас жұбайларға – 1 млн теңге, әрбір дү­ниеге келген сәбиге 400 мың теңге сыйақы беріледі. Сондай-ақ өз еркімен шетелге біліктілігін арттыруға барған жұмысшының оқу ақысы мен жүріп-тұру шығындарын компания толық өзі өтейді. Бұдан бөлек, отбасылы жас мамандарға зауыт жанынан жатақхана да ұсынылған.

 

ШЫМКЕНТ