• RUB:
    5.41
  • USD:
    472.49
  • EUR:
    515.44
Басты сайтқа өту
Сұхбат 28 Мамыр, 2024

«Мақсат – тарихқа әділетті көзқарас қалыптастыру»

112 рет
көрсетілді

Қазақстандағы 1920-1950 жылдардағы Саяси қуғын-сүргін құрбандарын толық ақтау жөніндегі мемлекеттік комиссия аясында жасалған жұмыстың маңызы ерекше. Абай облыстық саяси қуғын-сүргін құрбандарын толық ақтау комиссиясының мүшесі, Шәкәрім атындағы университеттің доценті, тарих ғылымдарының кандидаты Тоты КАРИЕВА осы ауқымды еңбектің тарихи мән-мағынасын түсіндіріп берді.

– Тоты Амангелдіқызы, сіздің ғылыми зерттеуіңіз аш­тық, қуғын-сүргін тақырыбына арналған ғой...

– Отандық тарихтағы күрмеуі шешіл­меген, ғылыми айналымға енбеген өзекті мәселелер жетерлік, соның бірі – аштық. Аштық мәселесін аймақтық деңгейде қарастырған ғылыми жұмысымның зерттеу объектісі – Семей губерниясындағы аштық және оның салдары (1921-1922). Ғылыми жұмыс біріншіден, бұрын-соңды ғылыми айналымға енбеген тарихи деректерді, тарихи-салыстырмалы, құрылымдық және жүйелік талдаудың шекарасын айтарлықтай кеңейтуге мүмкіндік беретін дереккөздерді зерттеу деңгейінде талдауға, даму үрдісінің тенденцияларын дәлірек сипаттауға мүмкіндік берді. Екіншіден, алғаш рет ел тарихында 1921-1922 жылдардағы аштық мәселесінің толық зерттелмеген мән-мағынасына жан-жақты тарихи талдау жасалды. Бүгінгі күн тұрғысынан қарайтын болсақ, аштық мəселесіне архив құжаттары мен оларға объективті талдау жасаудың маңызы ерекше. Аштық мәселесіне қатысты бірнеше құжат жинағымен ғылыми жобалар жұмысы жүргізіліп, тарихи деректер ғылыми айналымға енгізілді. Тарихи құжаттар арқылы ғана тарихи оқиғаның шындығын анықтауға, соның негізінде əділеттікті қалпына келтіруге болады. Қазақ халқы кеңес өкіметінің өктем саясатының салдарынан аштықтың құрбаны болды.

Қазақта «Жұт жеті ағайынды» деген ұғым бар. Осы ұғымның жалғасы ретінде «Жұт жетеу, содырмен сегіз, салақпен тоғыз, олақпен он» деген мақал да сақталған. Ертеде халқымыз мұндай жағдайлардан әртүрлі жолмен сақтануға тырысқан. Ел арасында күн райы аптап ыстық, қуаңшылық болған кезде жұрт жиылып орындайтын тасаттық рәсімі де – соның бір мысалы. Діни жоралғылар жасалып, артынша Құран оқылып, жұрт құрбандық шалады. Дей тұрғанмен, қара халықтың қолындағы барын тартып алған кеңестік билік қазақ жеріндегі аштықты қолдан жасады.

1917 жылы елді, қазақ өлкесін басқа­рудың күштік және құрылымдық-әкім­шілік әдістерін қолданған большевиктер үкіметі билікке келгені белгілі. Азамат соғысы жылдары малдың 80%-ы кырылды. Ауылшаруашылық өнімінің 80%-ын кеңес билігі орталыққа тасып, халық азық-түліксіз қалды. 1918 жылдың 13 мамырынан бастап азық-түлік диктатурасына сай «Азық-түлікті тәркілеу» науқаны басталды.

1921-1922 жылдардағы аштық кезiнде аштыққа ұшырағандарға көмек көрсету комиссиясының төрағасы Мұхтар Әуезовтің мәліметінше, мерт болғандар саны 1 млн 700 мың адам болған. Дегенмен, өлім-жітім жағдайларын анықтайтын құжаттар ресми түрде тіркелмеген, нақ­ты тарихи дерек беретін құжаттар құпия­сыздандырылмаған.

Дәл сол кезде қазақ қоғамының имму­нитеті болып отырған ауыл «эли­тасының» қазақ зиялылары мен бай­ларының жергілікті халыққа орасан зор ықпалы жойылды. Аштықтан, кеңестік биліктің қудалау саясатынан аман қалған ауыл тұрғындарының басым бөлігі жан сақтауды амалдап, шекаралық мемлекеттерге босып, қоныс аудара бастады. Бір сөзбен айтқанда, айрандай ұйып отырған қазақ елінің шаңырағы шайқалып, босып, бір үзім нанның жетегінде кете барды. Осы аталған мәселелердің күрмеуін шешуде ел ағалары қарап қалмады. Қазақ зиялылары қанша әрекет қылса да, халық санын сақтап қалуда дәрменсіз болды. Бұған мысал ретінде, Семей аймағынан Ә.Бөкейхан бастаған қазақ зиялыларының ел арасынан жылу жинап, Торғай даласында аштыққа ұшыраған халыққа  көмектескенін айтуға болады. Кейін олардың бұл бастамасы тарихта «Торғай ісі» деп аталып, көмек қолын созған қазақ оқығандары қуғынға ұшырап, жала жабылып, сотталды.

Кеңестік билік қазақ елі үшін қызмет еткен ел азаматтарын, олардың әйелдері мен балаларын арнайы қапаста қамап, елдігінен айырды. Рухы сөнген және айрықша есеп, өзгеше қыспақтағы қазақтың мінез-құлқы ғана өзгерген жоқ, қазақ жеріндегі өзге ұлттар қазақтарға кемсітіп қарайтын тосын арнаға түсірді. Қазақ ауылы сақталса – қазақ қалпы, қазақ болмысының сақталатындығын жақсы түсінген Ф.Голощекин және оның командасы Сталинмен келісе отырып, «Кіші Қазан» саясатын жүргізіп, қазақ ауылын құртты. Бүкіл елдің, жердің, ұлттың тағдыры тәлкекке түскен ауыр заман болды.

– Саяси қуғын-сүргін құрбандарын толық ақтау жөніндегі мемлекеттік комиссияның жұмысы туралы не айта аласыз?

– Қуғын-сүргін құрбандарын толық ақтау жөніндегі мемлекеттік комис­сия әр жылдары Қ.Көшербаев пен Е.Қариннің басшылығымен өте маңызды әрі ауқымды іс атқарды. Оның ішінде Қазақстанда коммунистік-тоталитарлық жүйе үстем­дік еткен жылдары халқымыздың дінін сақтап қалу жолында, сондай-ақ жаппай саяси қуғын-сүргінге ұшыраған қайраткерлері мен қызметкерлерін зерттеуде жаңа әдіснама бойынша жұмыс жүргізілді.

1993 жылғы 14 сәуірде «Жаппай сая­си қуғын-сүргін құрбандарын ақтау туралы» Заң қабылданды. Заң бойынша негізінен 58-баппен сотталғандар ақталды дегенімізбен, бұл үрдіс толық нәтиже бермеді, яғни сотталғандардың бәрі ақталмады. Ал саяси тұрғыдан мүл­дем ақталған жоқ.

Мемлекет басшысы Қ.Тоқаевтың бас­тамасымен тарихи әділдікті қалпына келтіру және саяси қуғын-сүргін құрбандарын толық ақтау үшін арнайы мемлекеттік комиссия 2020 жылдың 24 қарашасында құрылды. Комиссия жұмысына тек тарихшы ғалымдар емес, мүдделі мемлекеттік ұйымдардың басшылары және қоғамдық ұйымның өкілдері қатысты. Мемлекеттік комиссияның қызметін қолдау жөнінде жобалық кеңсе құрылды. Жұмыс барысында Жобалық кеңсенің басшысы – «Қаһармандар» республикалық қоғамдық қорының президенті Сабыр Қасымов саяси қуғын-сүргін құрбандарының барлық санатына қатысты тарихи әділеттілікті толық қалпына келтіруде қажырлы қайрат­­­кер­лігі мен іскерлігін таныта білді. «Қазақ елі үшін жалғыз идеология бар, ол – тәуел­сіз­дік және ұлттың шынайы тарихы», деген С.Қасымов мемлекеттік көзқарас пен ұлтжандылықты көрсете білді. Осындайда жазушы Мұхтар Мағауиннің: «Еңсемізді қайта көтеру үшін, рухани жаңғырып, санадағы жарақат жазылу үшін әлі де бірталай еңбектенуге тура келеді», деген сөзі ойға оралады. Сондықтан санадағы жарақатты, тарихи әділеттілікті қалпына келтіру жолында үздіксіз еңбек етуге тура келеді.

2023 жылы құрылған Абай облыстық өңірлік комиссия облыстың 8 ауданын аралап, 1930-1955 жылдар аралығында туған, қуғын-сүргінге ұшырағандардың ұрпақтарынан естелік-әңгімелер жазып алып, құжаттар мен фотоларды жинақ түрінде әзірледі. Абай ауданы Қайнар аулының тумасы Толғанай Мүсілімқызы өз естелігінде: «Атам колхоз председателі болып жұмыс істеген. Ауылға аштық, соғыс кезінде қолұшын созған. «Халықты аштықтан құтқарып қалуымыз керек» деген сөзі үшін жазықсыз сотталып кеткен. Оның зардабын ұрпағы – әкем де тартты. Семейдің зоотехникалық малдәрігерлік институтында оқып жүргенде әкемді «халық жауының ұлы» деп оқудан шығарып жіберген», дейді.

1920-1950 жылдардағы қазақ тари­хының ақтаңдақтары саналатын айтулы тарихи деректер саяси қуғын-сүргін құрбандарын толық ақтау комис­­сиясының жұмысы нәтижесінде құпиясыздандырылды, бірақ толықтай емес. Комиссия мүшелері еліміздің және шетелдердегі архивтердің құпия қорларына арнайы жолдама алып, ауқымды жұмыс атқарды. Мамандарға Бас прокуратура, Ұлттық қауіпсіздік комитеті, Ішкі істер министрлігінің мамандандырылған салалық архивінің жабық қорларындағы құжаттармен жұмыс істеуге рұқсат берілді. Аталған салалық архив құжаттары Президент архивінің қорына шоғырландырылды. Сонымен қатар мемлекеттік және салалық архивтердің архив қорларын құ­пия­­сыздандырумен бірге, қол­да­ныс­тағы заңнамамен қамтылған немесе заңнамада аталған саяси қуғын-сүргін құрбандарының тізбесі, іс жүзінде ақталмаған санаттарының тізбесін айқындау жұмыстары жүргізілді. Сон­дай-ақ билік үкіметтің тапсырмасын орындамағандарға әртүрлі жазалар қол­данып, мемлекеттің тапсырмасын мәжбүрлі түрінде орындатып отырған. Бұған Ақсуат ауданы Көкжыра ау­лын­дағы «Серіктестік» колхозындағы жағдай нақты дәлел бола алады.

– Абай облысы бойынша құрылған өңірлік комиссия жұмысының ерек­шелігі неде?

– Саяси қуғын-сүргін құрбандарын толық ақтау жөніндегі мемлекеттік комиссия әдіснамасы негізінде Абай облыстық өңірлік комиссиясы жұмыс істеді. Қала тарихы негізінен Алаш ұлт-азаттық қозғалысы тарихымен ты­ғыз байланысты. Күллі Алаш елінің бас­қосатын Күлтөбесі Семей (Алаш) қаласы қатпарлы тарихын кеңестік өкі­меттің саясатымен көлегейлеп тұр­ғаны анық. Алаш қозғалысы мен Алаш қайраткерлеріне қатысты тарихи орындар мен ескерткіштер, ғимараттар зерттеушілерге жақсы таныс.

1918 жылы Алашорда үкіметі Семей қаласына қоныс аударғанда жергі­лікті байлар мен көпестер тарапынан бе­рілген ғимараттардың көбі бүгінгі күнге жетпеді. Көбі 1960-1970 жылдары қала құрылысын жоспарлау кезінде қиратылды. Аман қалғандарын сақтау, тарихи ескерткіш ретінде қорғауға алу – өзекті мәселе. Бұл жөнінде облыстың жергілікті жауапты органдары тиісті шараларды атқарып жатыр. Мәселен, қазіргі уақытта Семей қаласындағы облыстық тарихи-өлкетану музейі, Алаш арысы – Мұхтар Әуезов музейі кезінде Алаш қайраткерлерінің ізі қалған тарихи ғимараттар екені анық. Бұл ғимараттар мемлекет қорғауына алынып, руханият кеңістігінде халыққа қызмет көрсетіп келеді. Алайда өлкетану­шылардың есте­ліктеріне сәйкес, Алашорда үкіме­тіне тікелей қатысы бар, бірақ мемлекет қорғауына алынбаған ғимараттар да баршылық. Мәселен, «Алаштың ақ конторы». Бұл ғимараттың ауызша дерегі абайтанушы-ғалым Қайым Мұхамедханов арқылы жеткен. Сонымен қатар 14-шағын аудандағы жекенің меншігіндегі ғимараттар бойынша да қорғау, сақтау бағытында жұмыстар атқарылуға тиіс.

Семей қаласының Бейбітшілік аралы Алаш заманында «Түйемойнақ» аралы деп аталған. Осы арал Алаш қайраткерлерінің бас қосатын орын­да­рының бірі болғаны айтылады. 1920-1930 жылдары аралда кеңестік жа­залау саясаты жүзеге асырылған деседі. Мәселен, 1931 жылы Шыңғыстау көтерілісіне қатысқан 70 адамды осы аралда атқан. 1937-1938 жылдары да кеңестік органдардың шешімімен ату жазасы осы аралда орындалғаны айтылады. Бұл өз алдына құжаттық және естеліктер негізінде індете зерттеуді қажет ететін жеке тақырып екені анық. Сондай-ақ жазықсыз атылғандардың орнын анықтап, археологиялық қазба жұмыстарын жүргізіп, мемориалдық ескерткіш орнату да – күн тәртібінде тұрған мәселе.

Семей – тарихи деректерде айтылатын І Алаш полкі құрылған жер. Бұл деректер бойынша, Жарқын ауылы маңындағы Сор алқабы деп көрсетіледі. Келер ұрпақтың есінде мәңгіге қалдыру үшін аталған жерге кешенді ескерткіш орнату қажет. Ал Көкпекті ауданына қарасты Көкпекті ауылындағы мұсылман зиратында Алаш полкінің командирі, капитан Хамит Тоқтамысовтың жерленген жері анықталып, басына тас орнатылды. Сонымен қатар большевиктер тарапынан тұтқындалып, атылған жері «Қара кезең» де белгілі.

Осы аталған және де әлі де анықталып жатқан тарихи орындар жөнінде ар­на­йы кешенді зерттеу жұмыстары қолға алынуға тиіс. Тіпті әр өңірде Алаш қайрат­керлерінің туған жері мен қорының орындары да бар. Бұл алдағы уақытта этно-археологиялық зерттеу­лер нәтижесінде реставрациялық жұмыс­тарды қажет етеді. Алаш қозға­лысы мен қайраткерлерін шынымен жаңғыртып, келер ұрпақтың есінде мәң­гілікке қалдырамыз десек, осы істерді қолға алуға тиіспіз.

Бұл бағытта Шәкәрім атындағы универ­ситет ғалымдары мен архив қызмет­керлерінен тұратын өңірлік комиссия құрамы ауқымды жұмыс атқарды. Осы орайда, мемлекеттік комис­сияның нәтижелі жұмыс істеуіне қолдау көрсетіп, демеу болған, ұлт тағдырын адам тағдырынан жоғары қоятын Абай облысының қоғамдық даму басқармасының басшысы Айдар Садырбаевқа, облыстық архив басшысы Болат Мусинге алғыс айтамыз.

– Бірақ барлық құжат саяси қуғын-сүргінге қатысты емес пе?

– Жоқ, біз жұмыс істеуге тура келген материалдар әлеуметтік-саяси сипатқа ие және негізінен жаппай қуғын-сүргін кезеңін қамтиды. 1920-1950 жылдар, ең алдымен, қазақ ауылының элитасы саналатын қазақ зиялылары, байлары және олардың отбасы мүшелері басқа өңірлерге жер аударылып, қуғын-сүргін құрбаны болды. Олар барлық азаматтық құқықтардан (дауыс беру, меншік, емін-еркін жүріп-тұру, білім алу құқығы) айы­рылды.

Комиссия «Кіші Қазан», қазақ ауыл­дарын «Кеңестендіру», қалыптасқан дәстүрлі мал шаруашылығын, бай-кулактарды тап ретінде жою, оның салдары сияқты мәселелерге ерекше назар аударды. Дей тұрғанмен, саяси қуғын-сүргін құрбандарын толық ақтау жөніндегі комиссия жұмысы жалғасуы керек. Себебі саяси қуғын-сүргін құрбандары саяси тұрғыда толық ақталған жоқ.

– Мемлекеттік комиссия жұмы­сының нәтижесі көп томдық құ­жаттар топтамасы ретінде көп­ші­лікке ұсынылды. Бұл топта­маның құндылығы неде?

– Комиссия екі жарым жылға жуық жұмыс істеді. Жұмыстың басым бөлігі архив қойнауында сақталған құжаттарға қол жеткізу болды. Сонымен бірге, аймақтардағы комиссия мүшелері ұйымдастырылған іссапар барысында облыстық, қалалық архивтерге ғана емес, аудандық архивтерге жолдама алып, бұрын таныс емес тарихи деректерді анықтады. Ал жалпы, комиссия жұмысы барысында зерттеу нәтижесін ғылыми тұрғыда рәсімдеу үшін Мемлекеттік комиссия материалдарының 72 томнан тұратын құжаттар жинағы әзірленді. Оның ішінде, мемлекеттік комиссия жұмысының аясында 2022 жылы барлығы 31 том құжат жинағы және Мемлекеттік комиссия мүшелерінің ­2 ұжымдық монографиясы жарық көрсе, 2023 жылы 39 том құжат жинағы жарияланды. Мемлекеттік комиссияның Жобалық кеңсесінің ұсынысымен қуғын-сүргін бойынша 2 млн 400 мыңнан аса құпия құжат құпиясыздандырылды, қолданыстағы заңның аясында 311 мыңнан аса құрбан мен зардап шеккен тұлға ақталды. Әртүрлі санаттағы ақтауға жататын 3 миллионнан астам қуғын-сүргіннен зардап шеккендер анықталды. Оның халық көтерілістеріне қатысқан, арнайы қоныстанушы, бай, жартылай байлар мен олардың отбасы мүшелері, шаруалар, халыққа қарсы зорлық-зомбылық науқандарының құрбаны, мемлекет аумағын тастап кетуге мәжбүр болғандар, әскери тұтқындар мен діни қызметкерлердің өкілі және олардың отбасы мүшелерін атауға болады. Дегенмен, бұл статистика нақты әрі соңғы дерек бола алмайды. Себебі қуғын-сүргін құрбандарына қатысты жұмыстар, яғни қуғындалуға себеп болған нақты жағдайлар мен жазықсыз жазаланғандардың есімдерін анықтау жұмыстары жалғасуға тиіс деп санаймын.

Деректерді іздеп, анықтау бір мәселе болса, құжаттарды талдап, ғылыми ай­налымға енгізу уақытты, қажырлы еңбек­ті қажет ететін екінші мәселе екенін мо­йындауымыз керек. Әрі қарай осы істі жал­ғастырып зерттеу, талдау мәселесі – болашақтың еншісінде.

– Мемлекеттік комиссияның жұ­мысы аясында заң қабылдау жоспарланып отыр ма?

– Комиссия аштық, бай-кулактарды қудалау кезеңінде Қазақстаннан кеткен босқындар туралы жеке заң қабылдауға бастамашы болды. Архив деректерімен жұмыс істеу кезінде «бандиттер», «контр­революциянерлер», «халық жауы» деген құжаттарды кездестірдік. Комиссия жұмысының ұстанымы негізінде жұмыс істеп тұрған Жобалық кеңсе бұл азаматтарды да саяси тұрғыдан толық ақтау туралы екі заң жобасын әзірледі. Ол «Саяси қуғын-сүргін құрбандарын және зардап шеккендерді толық ақтау туралы» және «Қазақстанның тәуелсіздігі үшін күрескендер мәртебесі және сая­си ақтау туралы» деп аталады. Бұл заңдарды Парламент қабылдағаннан кейін кеңестік кезеңдегі қуғын-сүргін құрбандары мен зардап шеккендер толық ақталады. Себебі саяси қуғын-сүргін құрбандарын толық ақтауға тиісті заңдар қабылдаған соң ғана тәуелсіз қазақ елінің аумағы, тәуелсіздік және азаттық жолындағы күресі сияқты мәселелер тарихи шындық арқылы кейінгі ұрпаққа жетеді. Мұндағы мақсат – тарихқа деген оң көзқарас пен дұрыс тағылым қалыптастыру, құжат­тардың құпиялығын ашып, зерттеп-зерделеу арқылы ғылыми айналымға енгізу, осы жолда аянбай еңбек ету.

– Әңгімеңізге рахмет.

 

Әңгімелескен –

Бану ӘДІЛЖАН,

«Egemen Qazaqstan»