Республикалық экологиялық акция аясында Темірлан тасжолында орналасқан гүлбақтар тазаланды. Тазалық іс-шарасына жалпы 100-ден аса адам қатысты. Олардың қатарында аудан тұрғындары, кәсіпкерлер, зиялы қауым өкілдері, белсенді жастар, еріктілер бар.
«Тазалық – денсаулық кепілі» деген ұстаныммен өткен іс-шарада ағаш кесу, әктеу, шөп ору, суару, қоқыстардан тазарту жұмыстары жүргізілді.
«Мемлекет басшысы тапсырмасымен «Таза Қазақстан» экологиялық акциясы басталғалы бері аудан тұрғындары күн сайын өзі тұратын көше бойындағы арықтарды, жол жиектерін қоқыстан тазартып, белсенді қатысып жатыр. Қала – ортақ үйіміз. Сондықтан оның көркейіп, гүлденуіне әрбір тұрғын бейжай қарамай, қоқыс-қалдықтарды кез келген жерге лақтырмай, таза ұстауға атсалысуы қажет», дейді Қызылжар шағын ауданының ардагерлер кеңесінің төрағасы Бастархан Байжанов.