• RUB:
    4.91
  • USD:
    494.87
  • EUR:
    520.65
Басты сайтқа өту
Аймақтар 28 Мамыр, 2024

Жастарға – жаңа баспана

102 рет
көрсетілді

Қызылордада жастарға жеңілдетілген ипотекалық несие беретін «Сыр жастары» атты бағдарлама бар. 35 жасқа дейінгі азаматтар қатыса алатын бағдарлама аясында баспаналы болудан үміткерлер былтыр күзде құжаттарын тапсыра бастап еді. Несиелеу мерзімі мен пайыздық мөлшерлемесі, бастапқы жарнасы кейінгі буын өкілдері үшін барынша қолайлы «Сыр жастары» бойынша алғашқы пәтерлер беріле бастады.

Жуырда облыс әкімі Нұрлыбек Нә­лі­­баевтың қаты­суы­мен осы бағдарлама аясын­да Қы­зылорда қаласының сол жағалауынан салынған 60 пә­терлік тұрғын үйдің кілтін салтанатты табыстау рәсімі өтті. Жауапты сала өкілдері мен тұр­ғындар қатысқан рәсімде облыс басшысы жаңа пәтер иелерін қоныстоймен құттықтап, аймақ­тың құрылыс саласындағы жа­ңалықтарға тоқталды.

«Жастарымызды сапалы біліммен, жұмыспен және бас­панамен қамту мемлекеттік саясаттың басым бағыты екенін білесіздер. Жас отбасылар үшін ең өзекті мәселенің бірі – бас­пана. Осыны ескеріп, 2022 жылдың желтоқсан айында өткен облыстық жастар форумында алғаш рет несиелендіру жолымен «Сыр жастары» бағдарламасын жүзеге асыру туралы шешім қабылданған еді. Оны жүзеге асыру үшін «Отбасы банк» акционерлік қоғамына бюджеттік кредит беру үшін облыстық бюджеттен 1,2 млрд теңге бөлінді. «Сыр жастары» – аймақ жастарын баспанамен қамту бағытында қолға алынған өңірлік тың жоба. Оны бірлесіп жүзеге асыру үшін «Отбасы банк» АҚ 500 млн теңге қаржы бөлді. Бүгінгі қоныстой – осы бірлескен жұмыстың жемісі. Өткен жылы аймақта 4 108 пәтерлік 300 тұрғын үй салынды, 2 400-ге жуық пәтер табысталып, 11 мыңнан аса тұрғын қоныстой тойлады. Биыл да бюджет қаражаты есебінен 13,3 млрд теңгеге 1 269 пәтерлік 67 тұр­ғын үйдің құрылысы жүр­гізіледі. Оның ішінде 350-дей пәтер аудандарға тиесілі. Жыл басынан бері 402 отбасы бас­пана бақытына кенелді. Бүгін 60 жас отбасы жаңа баспана есігін ашады. Жақын күндері Тасбөгет кентінен 150 пәтер қол­данысқа беріледі. Бұл – әлеу­меттің әл-ауқатын артты­рудағы мемлекеттік қолдаудың нақты көрінісі. Жаңа қоныс құтты болсын!» деді облыс әкімі.

Жиында баспананы салған «Дәнекер» құрылыс компа­ниясының қызметкерлері мара­пат­талды. Пәтер кілтін алған­дар қатарында ұстаздар, медицина, мәдениет және спорт салаларының қызметкерлері, журналистер және өзге де сала мамандары бар.

 

ҚЫЗЫЛОРДА